
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, 1994 жылы алғаш рет Олимпиада ойындарында бақ сынады. Аталған дүбірлі додаға Қазақстаннан 29 спортшы аттанды. Жерлестеріміз 8 спорт түрінде бақ сынады. Атап айтқанда, биатлон, тау шаңғы спорты, конькимен жүгіру спорты, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, мәнерлеп сырғанау, фристайл және шорт-трек. Қазақстанға алғаш алтын медальді сыйлаған шыңғышы Владимир Смирнов болды. Сондай-ақ ол аталған бәсекеде тағы екі күміс медаль иеленді.
Араға төрт жыл салып, 1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында өткен ақ Олимпиадада 60 қазақстандық 8 спорт түрінде ел намысын қорғады. Атап айтқанда, тау шаңғы спорты, шайбалы хоккей, биатлон, шаңғы жарысы, мәнерлеп сырғанау, фристайл, конькимен жүгіру спорты, шаңғымен тұғырдан секіру. Жарыс нәтижесі бойынша қазақстандықтар екі қола жүлдеге қол жеткізді. Конькимен жүгіруші Людмила Прокашева 5000 метр қашықтықта жүлдегерлер қатарына енсе, шаңғы жарысынан із кесу сайысында Владимир Смирнов үшінші орынға ие болды. Осылайша, екі қола медальмен Қазақстан жалпыкомандалық есепте 20-орынды иеленді.

Келесі қысқы Олимпиада 2002 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өтті. Аталған додада 50 қазақстандық 7 спорт түрінде өнер көрсеткен еді. Атап айтқанда, тау шаңғы спорты, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы жарысы, конькимен жүгіру спорты, шайбалы хоккей, фристайл, биатлон. Өкінішке қарай, ешкім жеңіс тұғырына көтеріле алған жоқ.
Төрт жылдан кейін Туринде өткен 2006 жылғы Ақ Олимпиадада отандастарымыз жүлдесіз қайтты. Айта кетейік, Италияға 55 қазақстандық спортшы аттанған болатын. Олар 7 спорт түрі бойынша бақ сынады. Атап айтсақ, биатлон, тау шаңғы спорты, конькимен жүгіру спорты, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, фристайл, шайбалы хоккей.
2010 жылы Ванкуверде өткен Олимпиада ойындары Қазақстан үшін маңызды кезең болды. Бұған дейін жүлдесіз өткен жарыстардан кейін ел қоржынына күміс медаль түсті. Әйелдер арасындағы 15 шақырымдық жекелей жарыста қазақстандық биатлоншы Елена Хрусталева екінші орын алып, Олимпиада жүлдегері атанды. Сол Олимпиадада 37 қазақстандық 8 спорт түрінде (биатлон, тау шаңғы спорты, конькимен жүгіру спорты, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, фристайл, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек) бақ сынады. Нәтижесінде ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте 25-орынға ие болды.

2014 жылы Сочиде өткен Олимпиада ойындарына 51 қазақстандық спортшы Қазақстан 10 спорт түрінде өнер көрсетті. Жерлестеріміз биатлон, тау шаңғы спорты, конькимен жүгіру спорты, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, шана спорты, сноуборд, мәнерлеп сырғанау, фристайл, шорт тректен сынға түсті. Қысқы Олимпиаданың қорытындысы бойынша қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен қола медальға ие болды. Осы нәтижемен Қазақстан жалпыкомандалық есепте 26-орынға тұрақтады.

2018 жылы Пхенчханда (Оңтүстік Корея) өткен қысқы Олимпиада ойындарына 46 спортшы аттанған еді. Отандастарымыз 9 спорт түрі бойынша сынға түсті. Атап айтсақ, биатлон, тау шаңғы спорты, конькимен жүгіру спорты, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, шана спорты, мәнерлеп сырғанау, фристайл, шорт-трек. Төртжылдықтың басты додасында жерлестеріміз бір медальмен шектелді. Юлия Галышева фристайл-могулдан қола медаль алды. Осылайша Қазақстан жалпыкомандалық есепте 28-ші орынға жайғасты.

Соңғы қысқы Олимпиада ойындары 2022 жылы Бейжіңде (Қытай) өтті. Бұл додаға 34 қазақстандық аттанған еді. Олар 8 спорт түрінде (шаңғы жарысы, конькимен жүгіру спорты, биатлон, шорт-трек, шаңғымен тұғырдан секіру, тау шаңғы спорты, шаңғы қоссайысы, фристайл) жүлдеге таласты. Өкінішке қарай, ешкім медальға қол жеткізе алған жоқ.

Ендігі Ақ Олимпиада 2026 жылы 6-22 ақпан аралығында Милан мен Кортина д’Ампеццода (Италия) өтеді. Қазіргі таңда отандастарымыз бірнеше спорт түрінен жолдама алып үлгерді. Атап айтқанда, Қазақстан құрамасының спортшылары мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және конькимен жүгіру спортынан іріктеу кезеңінен өтті.