Жылжабар сәт таяды, «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай, Қыстың басы бірі ерте, біреуі жәй» деп Абай ақын жырлаған мезгіл де артта қалып барады. Тірлігін төрт түлікпен байланыстырған ауыл қазағының тыныс-тіршілігі нешік, мал-жан аман ба? Бел ортасына жеткен мал қыстағының қазіргі жайы қалай? Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Наурызбай Қарағойшинмен әңгімеміз осы сауалдар төңірегінде өрбіді.

– Биылғы қысқа облыс бойынша 1 млн 055 мың шартты мал басы кіреді деп жоспарланған-ды. Статистикалық мәліметке сүйенсек, 1 қарашадағы жағдай бойынша ірі қара – 799,3 мың, қой мен ешкі – 1 379 мың, жылқы – 275,0 мың және түйе 2,5 мың басты құрады. Ал енді мал азығына келсек, өткен көктемде ылғалдың және көлтабандарға судың мол түсуі (55,7 мың га) шөп өнімділігі мен сапасына елеулі әсер етті. Нәтижесінде шалғы түскен 3 млн 586,2 мың га шабындық алқаптан 2 млн 185,5 мың тонна өнім (112,6%) алынды. Бұған алдыңғы жылдан қалған 141,8 мың тонна шөпті қосқанда, барлығы 2 млн 327,3 мың тонна болып, негізгі қажеттілік 119,9%-ға артты. Мұның сыртында қосымша азық ретінде облыста 1,7 мың тонна пішендеме, 6,3 мың тонна сүрлем және 9,4 мың тонна сабан дайындалды, - деген Наурызбай Қадырбайұлы одан әрі мемлекеттік қордағы жерлерді жергілікті тұрғындарға арзандатылған бағамен шөп сататын шаруашылықтарға немесе ауыл шаруашылығы кооперативтеріне беру жұмыстары да ұйымдастырылғанын жеткізді. Осы мақсатта аталмыш қордан 63 мың 500 га жер бөлініп, 208 орман билеті таратылса, арнайы жасақталған 51 шөп шабу бригадасы ауыл тұрғындарын қолжетімді мал азығымен қамтамасыз еткен. Қысқасы, өткен жазда 1 бума (250-300 келі) шөптің орташа бағасы 2500-6000 теңге аралығында болған. Сонымен бірге күнілгері есепке алынған 748,8 мың шартты мал басына қажетті 229,7 мың тонна жемнің қолда бары – 203,7 мың тонна (88,7%) көрінеді. Жетіспейтінін еліміздің солтүстік өңірлері мен Ресей Федерациясының жақын аудандарынан әкелу көзделуде. Күні бүгінге дейін облысқа жеткізілген 65,9 мың тонна жемнің орташа бағасы 80000-130000 мың теңгеден (тоннасы) айналыпты. Осы ретте Желаев және Белес кәсіпорындарының элеваторлары арқылы аудандарға же-ңілдетілген бағамен 4000 тоннаға жуық кебек (тоннасы – 50000 теңге) бөлінгені де айтылды.
Сонымен, басқарма басшысының айтуынша, мал әлі қолға тоқтамаған. Жалпы облыстағы 2308 қыстақта 4,8 мың адам еңбекке тартылып, науқанның ойдағыдай өтуіне өз үлестерін қосуда. Қажетті азық-түлік, отын-сумен қатар, малды ауылдың 2247-сі (97,4%) түрлі техникамен, 2079-ы (90,1%) байланыс желісімен және 1869-ы (81,0%) электр желілерімен толық қамтылған. Әзірше шаруа жайы қалыпты, жылда қыр қазағын жиі мазалайтын түзтағысы туралы да артық-ауыс әңгіме естілмейді. Кешеге дейін ел-жұрт «Биыл қаңтар қарсыз кіретін болды-ау» деп мазасызданып еді, шүкір, ақ ұлпа қар Жер-ана төсін жапты. Енді өрістегі мал да біртіндеп қолға қарамақ.
Іске сәт, шаруа адамы!
Бауыржан Махутұлы,
zhaikpress.kz