Құрлықтық Қытайда эпидемиологиялық ахуал нашарлай түсті. Өткен тәулікте елде коронавирус жұқтырудың жаңадан 1621 жағдайы және 16151 симптомсыз тасымалдаушы анықталды. Бұл туралы ҚХР Денсаулық сақтау істері жөніндегі мемлекеттік комитеттің мәлімдемесінде айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.
Соңғы күндері Оңтүстік Гуандун провинциясында (COVID-19 жұқтырудың 5,6 мыңнан астам жағдайы), Чунцин қаласында (2,9 мыңнан астам), Хэнань провинциясында (2,2 мыңнан астам) және Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында (800-ге жуық жағдай) ауру жұқтырушылардың артқаны байқалады.
Бейжіңде коронавирусты жұқтыру қаупі жоғары 240-тан астам тұрғын үй аумағы бар. Өткен тәулікте Қытай астанасында 450-ден астам адамнан коронавирус анықталды. Шетелдік елшіліктер, халықаралық ұйымдар мен ірі корпорациялардың өкілдіктері орналасқан Чаоян ауданында ерекше күрделі эпидемиологиялық жағдай қалыптасуда. Онда көптеген шетелдіктер де тұрады.
Бейжіңнің муниципалдық билігі Қытай астанасының тұрғындарын көп серуендемеуге, эпидемиологиялық қауіпті аймақтарға, банкеттер мен адамдар көп жиналатын орындарға бармауға шақырады.
Фото: direktno.hr