Қытай Халық Республикасы Күнді бақылайтын әлемдегі ең үлкен «DSRT» радиотелескопының құрылысын аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Space.com» порталына сілтеме жасап.
Телескоп Қытайдың оңтүстік-батысындағы Сычуань провинциясындағы үстіртте орналасқан. Ол әрқайсысының диаметрі 6 метр болатын 313 антеннадан тұрады. Құрылғының алып жатқан жалпы аумағы – 1 шақырым. Радиотелескоптың басты калибрлеу антеннасы шеңбердің ортасындағы мұнараның ең жоғарғы бөлігіне орнатылған. Аспан денелерін бақылау 150-450 мегагерц жиілікпен жүргізіледі.
Телескоп Күннен бөлінетін шығарындылар мен оның сәулелерін бақылауға арналған. Бұл өз кезегінде ғарыштағы ауа райының өзгеруін анықтап, жерге жақын радиуста ұшып жүрген аппараттардың істен шығу ықтималдығын азайтуға мүмкіндік бермек.
«DSRT» құрылысы 2021 жылы басталған. Ал оның антенналарын орнату биыл қараша айының ортасында аяқталды. Ең алып телескоппен ғылыми зерттеу жүргізу ісі келер жылы жазда басталмақ. Мәлім болғандай, бақылаулар нәтижесінде алынған ақпараттар көпшілік үшін қолжетімді болады.