Қытайлық археологтар Тибеттегі Намцо көлінің маңында археологиялық зерттеу миссиясы барысында ежелгі жартас суреттері мен тас құралдарын тапты. Бұл туралы «Жэньмин жибао» басылымы Қытай Орталық телевидениесіне (CCTV) сілтеме жасап хабарлайды.
Мәліметтер бойынша, ғылыми экспедиция биыл тамыз айында басталған. Ғылыми экспедиция тобы Намцо көлі мен оның төңірегінде үңгірдегі жартас суреттеріне, сондай -ақ Тибеттің солтүстігіндегі шөл далада жартасқа қашалған суреттерге кешенді және жүйелі зерттеу жүргізді. Қытайлық археологтар Тибеттің солтүстігінде тас құралдар, тас қабірлер мен құрбандық жәдігерлері сияқты көптеген көне мәдени артефактілер мен тарихи орындарды тапты. Оның ішінде тек Намцо көлінің орталығындағы Заши аралында ғана археологтар 53 жерден жартас суреттерін анықтаған.
Археологтар Заши аралындағы үңгірлердің боялған жартас суреттері негізінен минералды пигменттерден жасалғанын айтады. Түсінің көп бөлігі қызыл, бірақ аз мөлшерде қара түс те кездеседі. Суреттер негізінен аңшылық, мал бағу, құрбандық шалу, жекпе-жек, жерлеу, құдайға табыну т.б. бейнелейді. Ғылыми зерттеу кезінде табылған ең үлкен жартастағы суреттің биіктігі 65 см, ені 48 см, онда адамның беті бейнеленген. Бұл қазіргі уақытта Тибетте табылған ең үлкен сурет. Археологтар бұл суреттер шамамен 1800 жыл бұрын салынған болуы мүмкін деп болжайды. Ғылыми зерттеулер солтүстік Тибет үстіртін мекендеген көшпелі халықтар басқа этникалық топтармен байланысқа түскенін дәлелдейді, дейді ғалымдар.