26.03.2018, 12:42
Оқылды: 83

«Қыз Жібек» пен «Ер Тарғын» жырланды

 

d02490e9-5d50-4f5b-96bf-96fc22c40bc1Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында ағайынды Сәкен және Жасұлан Жанғазиевтер Орал қаласындағы Достық үйінің сахнасында «Қыз Жібек» және «Ер Тарғын» эпостарын жырлап берді.

«Еділ-Жайық қазақтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен жыр кешін жүргізу барысында аталмыш қоғамдық бірлестіктің төрағасы Аманжол Зейнуллин жыр желісімен байланысты тарихи оқиғалардан қызықты мәліметтер келтіріп отырды. Ағайынды жыршылар Сәкен және Жасұлан Жанғазиевтер ұлы күйші Құрманғазының ұстазы Ұзақ Мырзабайұлының аталас ұрпақтары болып келеді екен. Сырым ауданы Жосалы ауылында дүниеге келген олар кәсіби тұрғыда өнер жолын қуған жандар емес. Сәкен Бақытжанұлы Орал қаласындағы А.Н. Островский атындағы драма театрда қоюшы-суретші қызметін атқарса, Жасұлан Бақытжанұлы Зеленов ауданына қарасты Достық ауылында сызу және бейнелеу өнері пәнінен ұстаздық етеді. Ағайынды Жанғазиевтер -  бүгінде аса сирек кездесетін қабілет иелері, олар отбасындағы ұлттық тәрбие мен дәстүрлі өнерге деген ерекше іңкәрліктің арқасында ұзын сонар эпостық жырларды бастан аяқ жаттап алған.

JangazievterБас аяғы екі жарым сағатқа созылған аталмыш жыр кешінде әрқайсысы бірнеше сағат бойы жырланатын эпостық жырларды тұтас айтып шығу мүмкін болмады. Жыршылар «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» жырларындағы басты-басты оқиғаларды домбырамен сүйемелдей отырып, сазды мақамға салып айтқанда тыңдармандар ерекше әсерге бөленді. Көрермендер арасынан сөз алған ақсақалдар жағы эпостық жырлар жырланған мұндай әсерлі кешке тұңғыш рет куә болғандарын айтып, ұлттық рухты көтеретін тағылымды шаралар болашақта да жалғасын таба берсін деген тілектерін білдірді.

Кеш соңында «Еділ-Жайық қазақтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Зейнуллин жыршыларға алғыс хат және ақшалай сый-сияпат табыс етті.

Нұртас Набиоллаұлы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале