Біздің елімізде қыз-келіншектер әскерге шақыртылмайды. Өйткені заңмен міндеттелмеген. Солай болғанымен әскери салада түрлі ауыртпалықты көтеріп, ер-азаматтармен иық теңестіріп сапта тұрған аруларымыз аз емес. Соңғы бір ресми деректерде олардың саны 12 мыңнан асады дегенді көзіміз шалды.
Қазіргі кезде қаруы да, қаржысы да бар дамыған елдерде әйелдерді әскерге шақырту маңызды саналады. Әріге бармай-ақ, Украинада Ресейге қарсы соғысушылар қатарында 50 мың әйел жауынгер сапында соғысып жүр деседі. Ал Германияда неміс армиясында 23 мыңнан астам әйел қызмет етеді. АҚШ-та қыздарға 2014 жылдан бастап кез келген әскери қызметте қызмет етуге рұқсат етілген. Израильде 18 жасқа толған барлық азамат әскери борышын өтуге міндетті. Фин әйелдері өздерінің қалауымен 1995 жылдан бастап әскери қызмет етуге рұқсат алды.
Швеция, Норвегия сынды еуропалық мемлекеттерде жынысына қарамастан әскерге шақыртылады. Алдағы шілде айынан бастап Данияда әйелдер үшін міндетті әскери қызмет енгізіледі.
Соңғы жылдары өркениет көшіне ілескен Қазақстанда да қыз-келіншектерді қарулы күштер қатарына шақыруға рұқсат ету керек деген ұсыныстар айтылуда. Әрине, гендерлік саясатты ту еткендердің бұл ұсынысты қос қолдап қолдайтыны белгілі. Бірақ «Байтал шауып бәйге алмас» дейтін қазақ қоғамының кей өкілдері аруларымызды әскерге шақыртпай, оларды болашақ ұрпақ жалғастырушы ретінде тәрбиелеу мәселесіне көбірек назар аударғанымыз жөн деп есептейді. Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов бірде: «Бүгінгі күні біз қыздарды мерзімді қызметке шақыру мәселесін қарастырмаймыз. Офицерлер, ең алдымен, дәрігерлер және басқа бағыттар бойынша ғана шақырылады», – деген болатын.
Иә, биыл – екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Осы қанды қырғында қазақтың талай батыр қыздары ерлік көрсетті. Әлия, Мәншүк, Хиуаз есімдері – ел есінде. Олардың ерлігіне тәу еткен талай арудың әскери қызметке құштар болуы да заңдылық сияқты. Ерлермен бірге әскери салада жүрген нәзікжандар да бар. Еліміздің тәуелсіздік тарихында жалғыз әрі тұңғыш әскери ұшқыш Ардана Ботайдың есімі көпшілікке таныс. Бұл күндері аға лейтенант Ардана Ботай Қарағанды авиабазасында Су-30СМ көпфункционалды жойғышының экипаж командирі. Елімізде жалғыз генерал әйел Торғай өңірінің тумасы – Сәуле Айтпаева. Еңбек жолын Жақсы аудандық прокуратурасының кеңсе меңгерушісінен бастаған ол өмірін осы құқық қорғау саласына арнаған жан.
Әзірге одан кейін генерал шенін алған әйел адам жоқ.
Елімізде қыз балаларды әскерге шақырту керек деп кесіп-пішіп айтатындай дәл соған тіреліп тұрған ештеңе жоқ. Десе де, осы сұраққа жауап іздеп көрелік.

Еділбек Мұсақов, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті әскери кафедрасының аға оқытушысы, запастағы майор:
– 2016 жылдан бері аталған жоғары оқу орнының әскери кафедрасында қызмет атқарамын. Қазіргі кезде запастағы офицерлерді даярлау бағдарламасы бойынша оқитын екі оқу взводына және запастағы сержанттарды даярлау бағдарламасы бойынша оқитын бір оқу взводына жауаптымын. Шетелдерде нәзік жандарды әскерге шақырады екен деп біздің елде мұндай тәртіпті енгізудің қажеті жоқ деп санаймын. Бұл – менің жеке пікірім.
Әскерде тек ер балаларға тән лауазымдар бар, неге десеңіз, ер адамдардың физикалық және моральдық дайындығы қыз балаларға қарағанда жоғары болып келеді. Біздің әскери кафедрада қыздар да оқиды. Олар да жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жігіттермен қатар әскери билет алады, запастағы лейтенант шенін иеленеді. Әрине, денсаулығы мығым, әскер өмірге дайындығы бар арулар өз қалауларымен әскер қатарына барамын десе, келісімшарт бойынша әскери қызметке баруларына болады.

Айару Бахыткерей, Ақтөбе қаласындағы екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институтының 2-курс курсанты:
– Мен 2023 жылы БҚО-дағы Серебряков жалпы орта білім беретін мектебін бітірдім. Қазір Ақтөбеде әскери институтында әскери-медицина мамандығына оқып жүрмін. Әскери мамандықты таңдауым кездейсоқтықтан емес. Бала кезімнен әскери адамдарға қарап, олардың батылдығына, әскери тәртіптеріне қызығатынмын. Патриоттық сезім мен тәртіпке деген құрметім мені Отанға қызмет етуге жетеледі. Ата-анам басқа салада жұмыс істейді. Алайда олар менің арманыма жетуіме тілеулес болды, әскери жолды таңдауымды толық қолдады, әрдайым жігер беріп отырды. Қазіргі кезде олар менің таңдауымды мақтан тұтады.
Иә, мен қыздарды әскерге шақырған дұрыс деп есептеймін. Қазіргі заманда ерлер мен әйелдердің мүмкіндіктері тең, сондықтан Отан қорғау ісіне аруларымыз да белсенді түрде атсалысулары керек деп ойлаймын. Әскер қатарына қыздарды шақырту олардың жауапкершілігін арттырады, еліміздің қорғаныс қабілетін күшейтеді. Сонымен қатар бұл жастардың санасын елжандылыққа тәрбиелеп, Отан үшін азаматтық жауапкершілікті нығайтады. Әрине, Қарулы күштер қатарына шақырту ерікті түрде болуы тиіс. Әскер қатарында болып, азаматтық борышты өтеуді әр қыз бала қабырғасымен кеңесіп, өзінің қалауымен шешім қабылдайды деп білемін.

Оралбек ҚҰБИЕВ, Орал қаласындағы Серебряков орта мектебінің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімі:
– Аталған білім ұясында оқушыларға сабақ беріп, алғашқы әскери дайындықтан өткіземін. Күні ертең ұлдар Отан алдындағы борышын өтеуге барғанда мектепте оқыған теориясын және дайындығын іс жүзінде көрсетеді. «Ер басына кун туса, етігімен су кешер» демекші, сонау Ұлы Отан соғысы кезінде қаракөз қазақ қыздарымыз соғысқа өздері сұранып барды емес пе?! Мәншук, Әлия, Хиуаз есімдері бұл күндері аңызға айналды. Қазіргі кезде де Отан қорғауға, әскер қатарына аруларды алғаны дұрыс деп ойлаймын. Өйткені кей ұлдарымыздың әскерге денсаулықтары жарамай жатады. Ұл-қыздарымыз болашақта елін, жерін қорғайтын батыл әрі заманауи әскери техниканы меңгерген мықты, шебер жауынгер болуы керек. Қазақ әскерінің қуаты мықты, сондықтан оны осы деңгейден түсірмегеніміз жөн.

Манарбек ҚАРЕКЕНОВ, подполковник, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Жетісу облысы бойынша департаментінің әскери журналисі, «Отан сақшысы» республикалық газетінің меншікті тілшісі:
– Казталов ауданындағы Жалпақтал ауылының тумасымын. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери институтының 2005 жылғы түлегімін. Сол кездері менімен қатар бөлек топта қыздар да оқыды. Олардың баршасы да оқуды бітіріп, жауынгерлік қызметтерін еліміздің мемлекеттік шекарасының түрлі
қиырында бастады. Бұл күндері курстас қыздардың алды полковник шенінде түрлі жауапты қызметтерде. Шекара қызметінің орталық аппаратында, департаменттерде, бақылау өткізу пункттерінде елімізге қорған болып, абыройлы қызмет атқарып жүр.
Олар әскери қызметте, әсіресе, бақылау-өткізу бекеттерінде жолаушылардың құжаттарын тексеруде қырағылық танытты. Кейбір шетел азаматтарының немесе отандастарымыздың жеке төлқұжаттарындағы мөрді және кей парақтарын қолдан жасау, даталарды өзгерту секілді заңбұзушылықтарды анықтаған деректерін білеміз. Осылайша батыл нәзікжандар шекарадан өту заңсыздықтарының алдын алды. Сонымен қатар қол жүктерін және аутокөліктерді тексеру кезінде есірткі, қару-жарақ, басқа да шекарадан алып өтуге тыйым салынған заттарды анықтауда өз үлестерін қосуда. Мен оларды бейбіт күннің Әлия, Мәншүктері дер едім. Олар жігіттермен сапта қатар тұрып, тапсырылған жұмыстың барлығын адал орындап, өздерінің елсүйгіштік сезімдерін іс жүзінде дәлелдеуде. Сондықтан қыздарға әскери сапта, біздің қатарымызда орын бар деп ойлаймын.

Ертуған ӘУБӘКІР, майор, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасының баспасөз қызметінің басшысы:
– Мен – Түркістан облысы Арыс ауданының тумасымын. 2011 жылы мектеп бітіріп, Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан академиясына оқуға түстім. 2015 жылы әскери оқуымды тәмамдап, Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Орал қаласындағы 5517-әскери бөліміне қызметке келдім. Рота және батальон командирлерінің орынбасары болдым, тәрбие бөлімшесінде қызмет атқардым. Уақыт өте келе 2022-2023 жылдары Ақтөбеде батальон командирінің орынбасары қызметін атқардым. Бір жылдан кейін дәм-тұз тартып қайтадан Оралға келіп, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасы баспасөз қызметінің басшысы болып тағайындалдым.
Елімізде мерзімдік әскери қызметке күштік құрылымдардың әскери институттарында қыз балаларды оқытпайды. Заң бойынша оларды әскерге алмайды. Әдетте арулар, қыз-келіншектер медицина мамандығы бойынша оқыған болса, одан басқа кадр, саттық, бухгалтерия бөлімдерінде мамандықтарына сәйкес қызмет етеді. Қажет жағдайда осындай мамандықтар бойынша 32 жасқа дейінгі нәзікжандар әскерге шақыртылады. Олар әскери ант қабылдайды.
Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,
«Орал өңірі»