Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыру бағытында жұмыс атқарады. Бұл тәсіл азаматтардың пікірін ескеріп, олардың өтініштеріне уақтылы әрі әділ жауап беруге бағытталған.

Сурет: istockphoto.com
Мемлекеттік қызмет этикасының негізгі қағидаттарының бірі – халық мүддесіне бағдарлану. Бұл мемлекеттік қызмет көрсететін органдар әрбір азаматты мемлекеттік қызметтердің толыққанды тұтынушысы ретінде қабылдап, олардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған сапалы қызмет көрсетуі тиіс дегенді білдіреді. Мұндай ұстаным бюрократиялық кедергілерді азайтып, өтініштерді қарау барысында артық әуре-сарсаңға жол бермеуге мүмкіндік береді.
Бүгінде Департамент жұмысының басты басымдығы – тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету. Сонымен қатар азаматтардың құқықтарын сақтау және олар бұзылған жағдайда қалпына келтіру маңызды міндет болып қала береді.
Департаментке келіп түскен барлық өтініштер мен шағымдар мұқият қаралады. Өтініш берушілердің талаптары негізді деп танылған жағдайда, бұзылған құқықтарды қалпына келтіру бойынша тиісті шаралар қабылданып, уәкілетті органдарға ұсынымдар жолданады. Осылайша шағымдарды қарау үдерісі жүйелі түрде жүргізіліп, азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделері қорғалады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Департамент 420 қызмет алушының бұзылған құқықтарын қалпына келтірді. Оның ішінде шағымдарды қарау нәтижесінде 37 қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді. Соның бір мысалы – ақпараттық жүйедегі техникалық ақауларға байланысты жүргізуші куәлігін беруден негізсіз бас тарту дерегі. Департаменттің жедел әрекет етуі және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде ақпараттық жүйедегі ақаулар жойылып, қызмет алушыға мемлекеттік қызмет оң нәтижемен көрсетілді.
Сонымен қатар 2025 жылы қашықтықтан бақылау жүргізу барысында тағы 335 қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді. Атап айтқанда, «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесінде мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту мәселелеріне жүргізілген қашықтықтан мониторинг нәтижесінде жер комиссиясының кворумы болмауы және жер учаскесін таңдау актілерінің дайын болмауы себептерімен 40 негізсіз бас тарту фактісі анықталды. Аталған бұзушылықтарды жою және қызмет алушылардың құқықтарын қалпына келтіру мақсатында Департамент жергілікті атқарушы органның атына тиісті ұсыныс енгізді. Нәтижесінде қызмет алушылардың өтініштері қайта қаралып, мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелері берілді.
Кейбір жағдайларда өтініш иелеріне мүлде жауап берілмегені де анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды, олардың туындау себептері мен жағдайларын жою жөнінде ұсынымдар берілді.
Осылайша Департамент мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылау және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырып келеді.
Б. Ибрашев,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің БҚО бойынша департаменті
басшысының орынбасары