25.02.2025, 16:45
Оқылды: 237

Он қызметкердің алтауы жолда жүру ережесін бұзған...

14 ақпан күні әдеп жөніндегі кеңес отырысы өтті. Отырыста үш мәселе қаралды.

DSC08497

Ең әуелі, Бәйтерек ауданы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысына қатысты тәртіптік іс туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне қарасты мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Дулатбек Молдағалиев баяндады. Дулатбек Алмазұлының мәлімдеуінше, бөлім басшысы Орал қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының 2025 жылғы 1 қаңтардағы хаттамасымен, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 440-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Аталған хаттамаға сәйкес, құқықбұзушы уақытша оңалту және бейімделу орталығына орналастырылған. Осы жағдай бойынша департаментке ұсынған түсініктемесінде бөлім басшысы 2024 жылы 31 желтоқсан күні облыс орталығындағы мейрамханалардың бірінде мерекені тойлағанын жеткізген. Оған қоса, 2025 жылы
1 қаңтар күні сағат 5.30 шамасында такси тоқтатып тұрған сәтінде патрульдік полиция қызметкерлерінің құжат сұрап, наркологияға алып кетпекші болғанын атап көрсеткен. Сондай-ақ осы түсініктемеде тексеріске бармай, айыппұл төлеуге келіскені, ешкімді ұрып-соқпағанын, балағаттамағанын, мұндай жағдайдың мемлекеттік қызметтегі 13 жылында алғаш рет орын алып тұрғанын жазған. Кінәсін мойындағанын, сабақ алғанын айта келе, қатаң жазаламауды сұраған.

– Аталған бөлім басшысы мемлекеттік қызметкер ретінде әрі басшылық лауазымда бола тұра, өзінің іс-әрекетімен Заң және Әдеп кодексінің талаптарын сақтамай, қызметтік әдептің бұзылуына жол берген. Бұл Орал қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының хаттамасы және өзінің түсініктемесімен расталды. Сондай-ақ Бәйтерек ауданы әкімінің 2024 жылғы 11 қазандағы №273 өкімімен бөлім басшысына «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылып, ол мерзімінен бұрын алынбаған. Алып тасталмаған ескерту, сөгіс немесе қатаң сөгіс түрінде жаза қолданылған кезде мемлекеттік әкімшілік қызметші жасаған теріс қылық елеулі теріс қылық болып табылады. Ол үшін қызметшіге қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту немесе лауазымын төмендету түріндегі жаза қолданылады, – деді Д. Молдағалиев.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп кеңесінің төрағасы Мұрат Байсалов құқық бұзған мемлекеттік қызметшіге «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 10-бабы 8-тармақшасы мен 49-бабы 1-тармағын, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің 10-тармағын сақтамағаны үшін Бәйтерек ауданы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысына «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану Бәйтерек ауданының әкіміне ұсынылатынын айтты. Әдеп кеңесінің мүшелері бұл ұсынысты бір ауыздан қолдады.

– Мемлекет басшысының 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің 1-тармағына сәйкес, мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебіне жоғары талаптар қояды. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңның 10-бабы 8-тармақшасына сәйкес мемлекеттік қызметшілер қызметтік әдепті сақтауға міндетті. Сонымен қатар Заңның 49-бабының 1-тармағында көрсетілгендей, мемлекеттік қызметшілер Әдеп кодексінде көзделген қызметтік әдеп стандарттарын сақтауға міндетті, – деді Мұрат Сейілбекұлы.

Содан соң ҚР Экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің әдеп жөніндегі уәкілі Сержан Жаманқұлов сөз алды. Ол 10 қызметкері бар аталған департаментте қызметтік әдептің сақталуын мониторингтеуді және бақылауды жүзеге асыру бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Оның мәлімдеуінше, мемлекеттік қызметшілерге заңнамаларды сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, консультациялық көмек көрсетіледі. Оған қоса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы семинарлар өткізіледі.

– Департаменттің 6 қызметкері жолда жүру ережесін бұзған. Жол ережелерін сақтау – жол-көлік оқиғаларының алдын алуға септігін тигізетін негізгі фактор. Кейінгі жылдары мемлекеттік қызметшілер арасында әдеп қағидаларын сақтау бойынша жұмыстардың жүйелі жүргізіліп отырғанына қарамастан, осындай келеңсіз жағдайлар орын алуда, – деді Сержан Әжігерейұлы.

Өз кезегінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы Бауыржан Ибрашев профилактикалық бақылау, тексеру және мониторинг нәтижесінде 2024 жылы мемлекеттік қызмет көрсету саласы бойынша мемлекеттік қызметшілерге қатысты 9405 заң бұзу дерегі анықталғанын айтты. Оның 211-і мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін, 3246-сы мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін бұзған. 30-ы қызмет көрсетуден негізсіз бас тартса, 134-і артық құжаттар талап еткен, сондай-ақ 5784-і түрлі теріс қылыққа жол берген.

Мәрлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале