Мылтық көрсем төрлерден іліп қойған,
Менің мазам кетеді күдікті ойдан.
Жұртпен бірге мəз болып,
Ду-ду етіп
Қайта алмаймын одан соң күліп тойдан.
Қадыр Мырза Әлидің
«Қызыл кітап» өлеңінен
Өңірімізде құстардың 320-дан астам түрі мекендейді. Олар қоныстанған орындарына қарай орманды алқап, батпақты-шалшықты, ашық дала және су құстары деп аталса, қанаттылар дене құрылысы мен тіршілік әрекетіне байланысты 30-дан астам отрядқа бөлінеді. Облыс аумағында сұңқар, үкітектестер, қаршыға тұқымдастар және торғайтәрізділер мен қарғалар жиі кездеседі. Сондай-ақ жойылып кету қаупі төнген сирек кездесетін, яғни «Қызыл кітапқа» енген құстар да бар. Бұл туралы және олар мекендеген аймақ пен қанатты достарды қорғау мәселелері туралы бізге белгілі орнитолог, биология ғылымдарының магистрі, М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың ғылыми қызметкері Михаил Шпигельман баяндады.

Сұңқарлар сиреп барады
Жасыратыны жоқ, кейде аспан әлеміне зер салсақ, бұрынғыдай заңғар көкте қанатын кере қалықтаған қыран бүркіттерді көрмек былай тұрсын, қазақ үшін қастерлі саналған қарлығашты да сирек кезіктіретін болдық. Торғай екеш торғайдың өзін көп көрмейміз. Осы орайда орнитолог Михаил Иосифовичтің (суретте) айтуынша, өңірімізде бұрын жиі кездесіп, қазір сиреп бара жатқан құстардың дені – сұңқартектестер (ястребообразные). Яғни жыртқыш құстарға дала қыраны, қарақұс, ителгі, сұңқар және аққұйрықты су бүркіті жатады. Ал су және жағалау құстарының бұйра бірқазан, үлкен аққұтан, ақбас үйрек, сұңқылдақ аққу, қарабас өрдек секілді түрлері жоғалу қаупінде тұр. Шағала тәрізділерден қарабас өгіз шағала (черноголовый хохотун) сирек ұшырасады. Дрофиндер тұқымдасы дуадақ та, үкі де, үйректің түрлері де, тырналар да азайған. Бұлардың барлығы да Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген. Ақ бас үйрек ішінара Жаңақала ауданындағы көл маңында кездеседі екен. Облыс аумағында тіршілік ететін Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген құстар негізінен Жайық өзенінің алқабында, сондай-ақ Жаңақала, Жәнібек аудандарын мекендейді.

Негізінен, құстар әдемілігімен табиғат әлеміне әсем көрік беріп қана қоймай, адамзатқа да пайдасы зор екені ғылыми тұрғыда дәлелденген. Қанаттылардың бірі адам өміріне қауіпті жәндіктермен қоректенсе, екіншісі бау-бақшаны зиянкес жәндіктер мен кемірушілерден арашалап отырады. Сондай-ақ өсімдіктердің тез таралуына да септігі зор екені анықталған. Бір ғана мысал, тоғай жидесімен қоректенетін қырғауыл асқазанындағы қорытылмаған жиде дәндерін саңғырығы арқылы сыртқа шығарып тастайды екен. Сөйтіп, әр жерге тоғай жидесінің дәні түсіп, жаңа өскіндердің пайда болуына сеп болады. Бұған қоса, кейбір құстар арамшөптердің көбеюіне тосқауыл болса, келесісі шыбын-шіркейлер мен жұқпалы ауруларды тарататын жәндіктерді жоюға көмектеседі.

Құстарды қолға үйретіп, шаруашылық мақсатта пайдалануды жолға қойған елдер де бар. Атап айтқанда, Жапонияның 13 ауданының жергілікті тұрғындары және Қытайдың бірқатар өңірлері балықты суқұзғындармен аулау ісін жолға қойған. Ол үшін құстардың тамағына ірі балықтарды жұтуға кедергі ретінде сақина салып қоятын көрінеді. Құстың жемсауы балыққа толғанын көрген балықшы оны дереу мойын жібінен тартып шығарып алады екен. Бұған қоса құстар әлемінде санитарлық қызмет атқаратын қанаттылар да аз емес. Бұл, әсіресе, орман-тоғай құстарына тән қасиет.

Киікпен бірге «Қызыл кітапқа» енген құстар келді
– Облысымызда аң-құстар қатарының сиреп бара жатқандығы адамның табиғатқа деген жауапсыздығы, қамқорлығының кемшіндігі. Мәселен, жуырда Жаңақала ауданында көлдегі балық қырылып қалды. Негізінен, мөңке – кез келген жағдайға бейімделе алатын балық. Адамның, тұрғындардың табиғатқа деген жауапсыздығынан қырылып жатыр. Айдын, Сарыайдын көлдері маңында балық қана емес, «Қызыл кітапқа» енген құстар да бар. Бұйра бірқазан, жалбағай, тырна, үкі, жабайы үйрек тек сол ауданда ғана ұшырасады.

Мен бүгінде ақбөкендер мен құстардың байланысын зерттеп, кандидаттық диссертация қорғауға дайындалып жүрмін. Зерттеу барысында ұққаным, дала қырандары Бөкей ордасы, Жәнібек, Казталов аудандарында кездеседі. Ал жуырда ақбас құмайдың мекендегенін байқадым. Ақбас құмай – сұңқар тұқымдасына жататын ірі жыртқыш құс, өлексемен қоректенеді. Таулы және жазық аймақтарда, соның ішінде Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысын мекендейтін. Қанаттарының құлашы 230-280 см, салмағы 6-11 келіге дейін жетеді, негізінен тау жыныстарында, жартас қуыстарында ұялайтын. Бірақ бұл құс біздің жаққа ұшып келген. Оның бірден-бір себебі – облысымыздың оңтүстік аудандарына киіктердің көбеюі. Киіктермен қоса көкқарға да, кәдімгі тоқылдақ та, ақ бас тырна да, дала бозторғайы да келіп, көбейді. Ақбөкендер – мамонт дәуірінің жер бетінде қалған өкілдері. Бұл жануарлар мен құстар дала фаунасын құрап, табиғи тепе-теңдікті қалыптастырады. Құстар топырақтың құнарлылығын арттыруға ықпал етеді.

Киікті ату – қатыгездік. Шаруаларға үкімет тарапынан көмектескен абзал. Киікті атқанмен мәселе шешілмейді, оны жойып аламыз. Аудан-ауылдарда мал басының тым көбейіп кеткені де рас. Жер құнарсызданып, су жетіспей жатыр. Флора-фаунамызға қамқорлық көрсету жайына қалды.

Облысымызда әр түрлі экологиялық тыңдаулар ұйымдастырылады. Олардың құрамында биологтар бар ма? Жоқ, тек экологтар ғана жүреді. Бірнеше гектар орман алқабын жойып, көп жылдан бері сақталған экожүйені бұзып, ғимарат салып, тал-теректер отырғызып, жасанды көгал (газон) егіп қояды. Құстардың мекендейтін табиғи қалыптасқан ортасы болмаса, олар ұшып кететіні анық қой. Қытайлықтар панда аюынан айырылып қалмас үшін бамбук өсетін орманды қорғап отыр. Өйткені бамбук орманында өмір сүретін аң-құстарды қорғау үшін қоршаған ортасын, экожүйені сақтау маңызды екенін біледі. Сондықтан біз «Қызыл кітапқа» енген аң-құстарды қорғағымыз келсе, олардың өмір сүретін ортасын сақтауымыз керек, – деді Михаил Иосифович.

Қанатты достар құсжолына із тастап кетпесе игі...
Иә, қазір орман шаруашылығы және жануарлар дүниесіне жауапты мекемелер-
дің, шаруашылықтардың аңқұс санын көбейтумен айналысып жатырғаны бар ма? Әлде олар аң-құсты атуға лицензия беру секілді жұмыстарды ғана атқара ма? Өз міндетіне жауапкершілікпен қарайтындары саусақпен санарлық. Өкініштісі, қазір аң-құс аулаушылар оларды аштықтан немесе қажеттіліктен емес, ашкөздіктен, қанағатсыздықтан, қызық көріп қырып жатады. Аспанда бір құс ұшып жүрсе, «Тигізем бе, тигізе алмаймын ба? Көрейінші», – деп ата салатындар бар. Аңшыларда ынсап жоқ дегеннен шығады ғой, аңшылар қай құсты қалай ату керегін біле ме? Осы тұста Өтебай Қанахиннің «Атақоныс» кітабына көз жүгіртсек, «Мен анық байқадым, Нұрекең екеуінде де қаздар тобының ең соңында кетіп бара жатқандарын атып түсірді, алдыңғыларына тимеді. Мұның мәнісін сұрағанымда, қария былай деді: «Бастаушы ата қазды атпау керек. Ол мертіксе, өзгелері бытырап кетіп, бір-бірінен адасып қалады да, барар жеріне жетпейді. Келер жылы қайтарда да сол бастап келеді. Ал ұшып бара жатқан үйректердің кілең алдыңғысын атып түсіреді. Оның мәнісі былай екен: үйректер тобын әманда еркегі бастайтын көрінеді. Аналығы келер жылғы бас өсіміне керек. Аталығы мерт болса, оның соңындағы аналық көшті қиналмай алып кете береді. Ендігі көктемге шейін жас аталықтар да жетіліп, жасамыстардың орнын басады. Ғажап заңдылық!», – деп жазады қаламгер. Иә, қазіргі аңшылар осыны біле ме?..

Ғаламтордағы деректерге сүйенсек, 1860 жылдан бері жүргізілген есеп бойынша, құстың 80 түрі жер бетінен жойылып кеткен дейді. Шынында, бүгінде құстың түрлері азайып барады. Сушылқара, құрқылтай, әупілдек, қырғауыл, сарышымшық секілді құстар да қазақ даласында көп болған. Енді, міне, қанатты достардың ғайыпқа сіңіп, құсжолына із тастап бара жатқандығы ойланарлық құбылыс болып тұр...

Гүлсезім Бияшева,
«Орал өңірі»
