3.04.2022, 19:29
Оқылды: 44

Қызыл су елді мекендерге қауіп төндіруде

Су тасқынына байланысты Батыс Қазақстан облысының бірнеше ауданда күрделі жағдай қалыптасып отыр. Әзірше, ресми түрде Бөрлі, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Бұл жөнінде ТЖД жедел штаб базасында 3 сәуірде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіғалиев хабарлады. Қызыл су жүріп жатқан бес ауданда 267 адам жұмыс істеуде.

WhatsApp Image 2022-04-03 at 15.05.46

Құтқару жасақтары 51 техника, 13 мотопом, 6 жүзу құралы пайдалануда. Темірхан Меңдіғалиев төрт тәуліктен бері жел күшейіп, күн жылынып, қар тез еріп жатқанын, оған қоса облыс аумағындағы өзендер суы күрт молайғанын хабарлап, облыс тұрғындарын мейлінше сақ болуға үндеді.

Брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ернұр Өтегенов, әсіресе, Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылындағы жағдай күрделі екенін атап өтті. Қазіргі кезде ауылдағы 97 үйге су кіргені анықталған. Жергілікті атқарушы құрылым және шекара қызметінің күшімен 637 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Оның ішінде 305 адам М. Ықсанов атындағы балабақша-мектеп кешеніне орналастырылса, қалғандары тума-туысқандарының үйін паналаған. Департамент бастығының сөзіне сүйенсек, қардың күрт еруінің салдарынан ауыл ортасындағы су қоймасының лық толғаны себепті су тасқыны орын алды. Ернұр Өтегенов Ресей Федерациясының ауылмен көршілес жатқан аумағында соңғы күндері ауа райы температруасы +20 градустан жоғарылағаны да кері әсер тигізгенін хабарлады.

Облыс бойынша 140 үй суға кеткен. Оған қоса екі әлеуметтік нысан зардап шекті. Баспанасынан бас сауғалаған 749 адам оның ішінде 215 бала қауіпсіз орынға көшірілді. Республикалық маңызы бар автожолдың екі жерін су басты. Облыстық маңызы бар бір автожол мен жергілікті деңгейдегі екі жодың кей бөліктерін су тасқыны шайып кетті. Шыңғырлау өзенінің суы арнасынан тасып, Кеңтүбек ауылдық округіне қарасты ауылға қауіп төндірді. Өзеннен тасыған судың ағысын уақытында басқа бағытқа бұруға қатысты шаралар қабылданып, қауіптің беті қайтарылды.

Шыңғырлау ауданындағы сай-сала суға толғасын, Қаратөбе ауданындағы Қалдығайты өзені де мінез танытып үлгерді. Қалдығайтының суы көтеріліп, Қаратөбе ауылы шетіндегі екі үйге қауіп төндіргесін, жұмыс тобы сол жерге жұмылдырылды. Жергілікті жасаққа Маңғыстаудан арнайы келген топ – 14 адам күш-құралдарымен көмектесуде. Осы ретте айта кетейік, Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылына Атырау облысының төтенше жағдайлар департаменті МИ-8 тікұшағын жолдап, қосымша 12 құтқарушы мен жеке құрамнан 34 адамды және 4 техниканы көмектесуге жіберді. Оған қоса облыс орталығынан  бастап Ақжайық, Казталов, Бөкей ордасының шұғыл жасақ қызметкерлерінен құралған команда Жақсыбайға жолға шыққан.

Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале