Қатары сиреп бара жатқан жеңіс сарбаздарының бірі Михаил Шепель биыл 95 жасқа толды.
Михаил Иванович 1926 жылы 18 наурызда Бөрлі ауданы Приурал ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Соғыс куәгері қазір Бөрлі ауылында тұрады.
Балалық шағы қиын кезеңде өткен ол алты класс бітіріп, еңбекке ерте араласады. Ұлы Отан соғысы басталғанда Михаил Иванович небәрі 14 жаста болған екен. Ол 16 жасында Гурьевтегі теміржол құрылысында жұмыс істейді. 1943 жылы әскер қатарына алынып, елге 1950 жылы 7 қазанда қайтарылады. Алайда майдан даласынан бір үйден кеткен төрт ұлдан жалғыз өзі ғана оралған.
Соғыс аяқталуға жақындағанда жарақат алған жауынгер Жеңіс туралы жаралыларды Венадағы госпитальға апара жатқан эшелонда естиді. Ол Венаны 302 гвардиялық әуе-десанттық полкінің 98 әуе-әскері дивизиясының құрамында жүріп азат еткен. Жанкешті де отаншыл рухы асқақ жауынгердің омырауында «Қызыл Жұлдыз», Отан соғысы ордендері, «Ерлігі үшін», «Венаны азат еткені үшін», «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдары жарқырайды. Одан өзге де мерекелік марапаттары бар. Ұлы Отан соғысының ІІ топ мүгедегі соғысты 352 әуе-десанттық гвардиялық полкінің 99 дивизиясының құрамында аяқтаған.
Елге келген соң, 1952 жылы Бөрлі орман қорғау стансасына жұмысқа тұрады. 34 жыл орман шаруашылығында еңбек етіп, осы саладағы жемісті еңбегі үшін ҚазССР Орман шаруашылығы мемлекеттік комитетінің грамотасымен марапатталған. Зайыбы екеуі үш бала тәрбиелеп өсірді.
Ардагер Қызыл алаңда майдан әндерін орындауды әрдайым армандаған екен. Шебер балықшы және әңгімешіл азамат ретінде айналасына танылған жауынгер қызықты әңгімелерімен көпшілікті баурап алады. Туған өлкесін шексіз құрметтейтін майдангер Отан-анаға арнап өлең де жазған.
Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.
zhaikpress