19.11.2018, 10:16
Оқылды: 49

«Қызымыз полицияға қызметке тұрғалы жүр еді, бізді соттата көрмеңізші, ағатай…»

Cырым ауданында іссапарда жүргенбіз. «Орал өңірінің» оқырмандарымен кең отырып, келелі әңгіме қыздырған кездесу осы жаңа ғана аяқталса да, жұрт тарқай қоймады. Сан алуан пікірлерін ортаға салып, түрлі сұрақтарын қойған оқырмандарымыз жанағы ресми әңгімелерден кейін журналистерге бұрынғысынан да еркінірек «тиісіп» жатқан. Сондай мезеттердің бірінде бізге егде жастағы бір азамат келіп жолықты. Үстінде жұмыс киімі, ауылдың кәдуілгі, «қойын құрттап, көжесін ұрттап» момын жүрген қарапайым шаруа адамдарының бірі. Тек қабағындағы кірбіңі мен пұшайман болған жүзі байқалмай қалған жоқ. Оңашалау жерге бастап, «Арызым бар айтатын, тыңдайтын уақытыңыз бар ма?», – деді. Зейін аударып, құлағымызды тігіп, тұра қалдық.

syrym polocia

         Зинедден Бисекенов ағамыз осы Сырым ауданының тумасы екен. Жасы жер ортасынан баяғыда-а-а асып, 74-ке қарай кеткен. Отанасы Бәтима апамыз екеуі 4 қыз, 3 ұлдан алты немере, он екі жиен, төрт жиеншар сүйген ата. Сексенге маңдай түзеген жасында қолайсыз жағдайға қалып, турасын айтқанда, біреудің ала жібін аттамаған, өзі де, балалары да, басқаларды да солай деп ойлайтын Бисекеновтер бүгінде полиция мен соттың табалдырығын тоздырып жүрген жайлары бар. Қандай жағдайға тап болғандарын оқушыға түсінікті болуы үшін басынан бастап тарқатайық.

         2015 жылдың 1 желтоқсанында Зинедден Бисекенов балалары Батырбек пен Тимурды қалаға малының етін тапсырып келуге жұмсайды. Ақ-адал малы ғой, баға берсе, өсе берер ме еді? Мал болғанда қандай еді десейші… Бірақ сол жылы студент атанған сүйікті немересінің жолынан аянып қалмады. Сөйтіп, төрт жастағы торы бие мен соған қарайлас қызыл қасқа сиыр пышаққа ілінді. Оны аз десеңіз, тағы екі қой қоса сойылып, осы ұзын саны төрт бас малдың төшкесі Оралға суыт жөнелтілді. «Қате болайын десе, быламыққа да тіс сынады» деген, бәрі өзімнен болды-ау деп әлі күнге бармағын тістейді. Қызыл қасқа сиырды мөңіретіп, торы биені тулатып, қос қойды маңыратып пышаққа жыққанда, еттерін қайда, кімге тапсыратындарын да күні бұрын кесіп-пішіп қойған еді. Балаларына «Қалада қайда тапсырамыз?» деп тентіреп жүресіңдер ме, өзіміздің Моншақ (Ғұмарова Моншақ Қойшыбайқызы 1964 жылы Шыңғырлау ауданында туған) апаларыңыз бар ғой, соған тапсырсаңдар болды, ақшасын санап берер», – деген Зинекең. Бетіне шаң болып тиюді білмейтін балалары «Мақұл, әке!» деп Оралға аттанып кете барған. Балаларында кінә жоқ, әке айтты, бітті, заң, мұның бұйрығын тап-тұйнақтай етіп орындапты. Тек екеуі де Оралдан құр келіп тұр. «Не болды?», «Моншақ апай қазір ақша болмай тұр, бір аптадан кейін келерсіңдер деді», – дейді қос ұл. «Е, жарайды, Моншақ апаларыңыз күйеуі Мәди екеуі өзіміздің құдаша-құда бала ғой», – дейді Зинекең кең қолтық, адамдарға сенгіш қалпынан айнымай.

         Бір аптадан соң балалары Оралдағы Моншақ апаларына Сырымнан тағы сапарлап, тағы да ауыздарын құр шөппен сүртіп келіп тұр… То есть, қу шөппен сүрткен бұлар емес, апалары Моншақ. «Ақшасы түскірі түспей жатыр, ағама сәлем айтыңыз, тағы бір апта мұрсат берсін», – депті. Одан кейін балалары тағы барды. Жауап баяғы: күтіңіз! Сол күтіңізбен бір жыл өте шықты. Оның бедерінде балалары, Зейнекеңнің өзі Сырымнан таксилетіп, Оралға талай барды. Барғандары не керек, Моншақты да, күйеуі Ғұмаров Мәди Құбайдоллаұлының да орнын сипап, таба алмай қайтатын болды. Ақыры болмағасын, Сырым аудандық полициясына барды. Ондағылар «Ет алғандардың қолхаты бар ма, қолхат болмаса, арызыңызды қабылдамаймыз», – деп мұны тентіретіп қойды. Күндердің күнінде облыс әкімі Алтай Көлгінов облыс тұрғындары алдында есеп беріп жүрген кездерінде Сырым ауданына да келді. Қасында облыстық мекемелердің басшықосшыларының бәрі бар. Полицияның үлкен басшыларының біріне арнайы барған Зинекең: «Айналайын, аудандағы полицейлерге менің малымның етін алып, ақшасын қайтармай жүрген адамның атыжөнін, әдірісін кәнкіретіні көрсетіп берсем де, «қолхаты жоқ» деп арызымды алмайды. Бұларың қалай, оның қасында ұрыларды да іздейсіңдер ғой…

         Әлде, олар да «мен ұрладым» деп аты-жөндерін, мекенжайын  көрсетіп, қолхат қалдырып кете ме?..», – деді қызынып. Оралдан келген полиция бастығы сол жерде сырымдық полицейлерге мұның көзінше «Табыңдар, ақшасын қайтартыңдар!», – деп тапсырма береді. Содан көп ұзамай Моншақ табылды. «Малдардың етін алғаным рас», – деп тергеу кезінде мойындады. Тергеген – Орал қалалық ІІБ Абай бөлімінің анықтаушысы, полиция аға лейтенанты М.Тиянақов. Ғұмарова кінәсін мойындаған тергеу кезінде оған медиатор Анар Жолымова қатысады. З.Бисекеновтің пайымдауынша, оны анықтаушы Тиянақов алдын ала шақырып қойған сияқты.

         Сол жерде анықтаушы бар, медиатор бар, Моншақ Ғұмарова Бисекеновтерге сегіз ай бойына 50 мың теңгеден төлеп тұруға келісіп, келісімхат толтырып, әрі қолхат береді. «Бірақ одан қайтқан ақша болмады. Медиаторға қайта барсам, оның қолынан келмейді екен. Сонда олардан біз құсаған шаруаларға қандай пайда?..», – дейді Зинедден ақсақал. Сырым мен Оралдың арасын шаң қылып жүріп, Бисекеновтер бұл істі ақыры сотқа жеткізді. Сот Бисекеновтердің ақшасын Ғұмаровадан өндіріп беруге шешім шығарады. Онымен сот орындаушысы Самат Тынышқалиев айналысқан. Бірақ одан да қайыр болмады. Ғұмаровтар ізім-қайым ұстатпай, жоғалды.

***

         Зинекең балаларымен кезек-кезек Ғұмаровтардың Оралдағы Куренная көшесі, 8-үйдегі баспанасына талай барады. Олардың маңайында тұратын көршілері бұларды әбден танып алған: «Е, е, Ғұмаровтарды сіздер ғана емес, басқалар да іздеп жүр», – дейтін болды. Соған қарағанда, малын тапсырып, бұлар сияқты ақшасын ала алмай жүргендер көп болып тұрғаны ғой… «Ғұмаровтар Ақсайдан да үй алған екен, Овражная көшесі, 1-үйге де іздеп бардық. Орындарын сипап қалдық, жалға беріп кетіпті», – дейді Зинедден Бисекенов.

         – Біз сияқтылардың малын алып, ақшасын қайтармай, үй ала берген-ау деймін. Енді Астанадан да үй сатып алыпты. Оның да адресін анықтадық. Астана қаласы, Алматы ауданы, Карағанды 31-де тұратын көрінеді. Енді оған жете алмай отырмыз.

         Әкелі-балалы Бисекеновтер осылайша ақ-адал малдарының ақшасын өздерінің құдаша-құда баласынан қайтара алмай, үш жылдан бері Сырым мен Оралдың арасын ақшаңдақ қылып, алаөкпе болып жүр. Содан бері әкелі-балалы Бисекеновтер талай етік пен бәтеңкенің өкшесін қисайтты, табанын тоздырды… Бірақ, әйтеуір, төзімдері тозған жоқ!..

         Ақша десе, оның мөрін жалайтын Ғұмаровтар сияқты алаяқтардан қарапайым азаматтың алажағын қайтаруда құқық қорғау органдары мен сот орындаушылары әзірге қауқар таныта алмай тұр…

         Бисекеновтердің айтуынша, бірде Ғұмарованы қиқаңдатпаудың кереметтей реті келіп қалған. Бірақ сол мезетте оны пайдалануға арлары жібермеген. Ғұмарованы тергеу кезінде малдардың етін алып, ақшасын бермегені мойнына қойылып, ол мойындап, алаяқтық баппен қылмыстық іс көтерілген еді. Сол кезде ол «Ақшаны қайтарамын, соттата көрмеңдер…», – деп Бисекеновтердің аяғына жығылады. Ауыздары әбден күйген Бисекеновтер «Сотталсын, ақшаны қайтарсын!», – деп табан-дап тұрып алады. Әбден жаны қысылған Ғұмарова «Астанадағы қызымыз полицияға қызметке тұрайын деп, стажировкадан өтіп жүр еді… «Папа-мама, сіздер не істеп жүрсіңдер?» деп ол жылап жатыр… Сотталсақ, оған полицияның маңайын көрсетпейді ғой, әкетай, ағатай, кешіре көріңізші…», – деп еңірегенде, етектері жасқа толады. «Қыздарын айтқасын, жас адамның болашақ тағдырына тас атып қайтеміз?» деп райымыздан қайттық, қыздарын ортаға салып тұрғасын, енді алдамас деп сеніп қалдық», – дейді Бисекеновтер.

         – Сөйтсек, алаяқта ар-ұят, иман, обал-сауап деген болмайды екен. Бұған тағы бір дәлелім, Мәди Ғұмаровтың әкесінің туған апасының (менің нағашы жеңгем) қайтыс болғанына жыл толған садақасында сол Мәдимен кездесіп қалдым. Садақаның үстінде ақшамды сұрауым орынсыз болса да, «Енді мұндай мүмкіндік бола ма?» деп оңаша жерге апарып, қарызын есіне салдым. Оның үстіне оларды қуалап ұстай алмай жүрміз ғой. Сонда ол «Ағатай, жақында 2 миллион теңге алажағымды аламыз, сонда сізбен есептесеміз», – деп асты-үстіме түсті. Осы арада Зинекең басын шайқап: – Әй, ұятсыз екен…

          Садақаның үстінде де өтірік айтып, алдап кетті… Оны айтасыз, Ақсайда тұратын әкесі Құбайдоллаға да бардым. Жасы 80-дердегі ақсақал «Әй, қарағым-ай, ол сен түгілі, мына біз тұрған үйді де кепілге қойып, несие алыпты. Соны төлемей, үйден айырылып қала жаздадық. Айналғанда, өзіміз несие алып, оның несиесін жауып, үйімізді сақтап қалдық», – деді. Енді әрі қарай қандай әрекет жасайтынымды әзірге білмей тұрмын. Өзіңіз ойлаңызшы, заң орындары үшін Ғұмаровтар аспанға ұшып немесе шетел асып кеткен жоқ қой. Осы Қазақстанның жерін басып, суын ішіп жүр емес пе?.. Заң орындарынан үмітіміз әбден жіңішкерді. Бірақ өзім бар, балаларым бар, бұл алаяқтар жердің жарығына кіріп кетсе де, қыр соңынан қалмаймыз! Ақ-адал малдарымыздың ақшасын қайтарып алмай, тыным таппаймыз.

***

         Қалаға осы келісінде Зинедден ақсақал сот орындаушысы Самат Тынышқалиевке барған. Ол: – Аға, біз енді ештеңе істей алмаймыз, Ғұмаровтар ұстатпай қашып жүр. Сіз жалғыз емессіз, басқаларға да бережақ сияқты. Соларды іздеп тауып алыңыз. Бәріңіз жиналып, сотқа беріңіз, – деп шығарып салыпты.

Соттан да, оның орындаушысынан да, полициядан да мүлдем көңілдері қалған әкелі-балалы Бисекеновтер алаяқтардың ізіне енді өздерінше мықтап түспек, басқа амалдары қалмаған…

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале