9.08.2022, 9:45
Оқылды: 320

Лагерьдегі демалыс шаттық сыйлайды

Балалардың алаңсыз асыр салып ойнап, аяқ-қолын жазып серпіліп қалатын уақыты –жаз мезгілі. Сондықтан да әр бала жазғы демалысты асыға күтетіні анық. Біз «Лагерьде балалар қалай демалып жатыр екен?» деген сұрақпен «Атамекен» қалалық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығына бас сұқтық.   

2

Аталмыш лагерьде дәл қазіргі күнде 100 бала демалуда. Олар күн сайын ертеңгілік сағат 7.00-де тұрады. Сағат 7.10-да ертеңгілік жаттығу жасап, жуынып 9.00-де таңғы асқа барады. Сағат 10.00-де жалпы лагерьлік жиын өткізіп, 10.30-да түрлі тақырыптағы іс-шараларға белсене қатысқан демалушылар 13.00-де түскі асқа барады. Балалар 14.00-ден 17.00-ге дейін тынығады. Бірі ұйықтап, енді бірі жай демалып алған соң 17.00-де бесін асқа келеді. Әрі қарай 17.30-да лагерьлік іс-шара басталып, 19.00-де кешкі ас ішеді.

20-00-де түрлі тақырыптағы көңілді іс-шараға қатысқан балғындар 21.00-де екінші кешкі ас ішіп, ауқаттанып алады. Содан соң 21.30-дан 22.00-ге дейін би кеші ұйымдастырылады. Күні бойы түрлі іс-шараға қатысып, ас ішіп, билеп, спорттық ойындар ойнап күндерін көңілді өткізген балалар кешкілік 22.00-де жуынып, шайынып ұйқыға бас қояды.

Біз барғанда балалар лагерь ауласында қызықты іс-шараға қатысып жатыр екен.

Топқа бөлінген өрендер көңілді ән салып, бір-бірімен топтық жарыс өткізіп мәре-сәре. Олардың көңілді, жарқын дауысынан-ақ жақсы демалып жатқандары байқалады. Тек демалушы қаракөздеріміздің өз топтарының ұранын орыс тілінде айтып амандасқаны сәл көңілімізге қонбай қалды.

Біз лагерьде демалып жатқан бірнеше баланы әңгімеге тарттық. Солардың бірі Әлижан Төлеухан Алматы өңірінің тумасы екен. Әкесінің жұмыс бабымен Орал қаласында тұрып жатқанына үш жыл болыпты.  Қаламыздағы Мәншүк Мәметова атындағы №27 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы. Алматыда түрлі лагерьлерде демалып жүрген Әлижан «Атамекен» лагерінің өз ерекшелігі бар дейді.

– Алматыдағы лагерьлерде балалардың көбі таныс. Бұл жерде өзіме жаңа достар таптым. Оралдық достарым көп еді, енді олардың қатарын ақтөбелік достарым толықтыруда. Лагерьдегі демалыс қызықты өтуде. Бұл жерде тәртіпке үйрендім. Белгілі бір мезгілде тұрып, уақытты тиімді пайдалану керектігін түсіндім. Үйде тұрғың келсе тұрып, жатқың келсе жатып, өз еркіңмен жүресің ғой. Маған лагерьдегі тәртіп ой салды. Енді үйде де осы бағытта салауатты өмір салтын ұстанатын боламын, – дейді бізбен әңгімелескен Әлижан.

Телефонсыз өткен он күн

Балалардың денсаулығын нығайту, шынықтыру – лагерь жұмысының басым бағыттарының бірі.  Осы мақсатта олар таза ауада түрлі жаттығулар жасап, бассейнге суға түседі. Демалысты ұйымдастырушылар балалардың табиғи, пайдалы тағамдармен ауқаттануына көңіл бөледі.

Денсаулықты нығайтып, жүйкені тыныштандырып, көзді демалтудың тағы бір кереметі балалар он күн бойы телефон ұстамайды екен. Қаламыздағы №1 мектептің оқушысы Фарида Махмутова өзінің телефонсыз бірнеше күн емін-еркін жүргеніне таң қалады.

– Бұрын қолымда телефон болмаса, іздей бастайтынмын. Осынша күн телефонсыз жүргеніме сенгім келмейді. Маған лагерьдегі қызықты сәттер қатты ұнайды. Келген бойда мені топ басшысы етіп сайлады. Содан бері алда болу үшін алдымызға жан салмаймыз. Әр сағатымыз қызыққа толы болғандықтан телефонды ұмытқан шығармыз. Көп қыздармен таныстым. Әр күнімізде ұмытылмас сәттер көп. Мен «Атамекен» лагерін сағынатын боламын, - дейді Фарида.

Онкүндік лагерьдің әр күні жоспарға сай өтеді. Ең бастысы, балалардың жан-жақты қабілетін шыңдауға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға зор мән берілген. Күнделікті жарыстар, шеберлік сабақтары, қызықты ойындар олардың физикалық тұрғыда әл-ауқатын жақсартып, жағымды эмоциялар сыйлайды.

- Лагерьдегі әр топта 25 баладан бар. Дәл қазір төрт топта төрт тәрбиеші жұмыс істеуде. Олар әр мектептен келген тәжірибелі мұғалімдер. Лагерь басшысы өзімнен бастап тәрбиешілер бәріміз он күн бойы балалардың қасындамыз. Осы жерге олармен бірге қонамыз. Әр он күн сайын тәрбиешілер ауысып тұрады. Алғашында екі-үш күн бейімделуге кетеді. Балғындар басында бір-біріне тосырқай қарап жүреді. Кейіннен түрлі сайыстар, ой талқылар кезінде ашылып, әр бала өз өнерін көрсетіп, бір-бірін қолдап, қолпаштап дос болып кетеді. Он күн бойы балалар телефон ұстамайды. Тынығу сағаты кезінде тәрбиешінің телефоны арқылы ата-аналарымен сөйлесуге болады. Одан бөлек ата-аналарға арналған арнайы чат бар. Олар балаларының жағдайын сол чаттан біліп отырады. Қазір Ақтөбе облысынан 50 бала демалуда. Лагерьдегі күндер балаларға ұнап жатқанына сенеміз. Балалар бір-біріне әбден бауыр басып қалды. Кетерде бір-бірін қимай, жылап қоштасады, – дейді лагерь басшысы Зухра Болатқызы.

Біраз баламен сөйлесіп жүріп ұққанымыз – балаларға лагерьдегі көңілді сайыстар ұнайтыны байқалды. Олардың қай-қайсысы да «телефонсыз бір минут тұра алмайтынмын, қазір телефонсыз бірнеше күн өткізгеніме таң қаламын» деген әңгіме айтты. Шынымен де, лагерьдегі іс-шаралар баланы ширатып, шығармашылық тұрғыда дамып, рухани әлемін байытып, интеллектісінің өсуіне ықпал етері сөзсіз.  Сондықтан арасында он күн болса да телефоннан ажыратып, балаларды осындай сауықтыру лагерьлеріне жиі жіберіп тұған дұрыс-ау деген ой түйдік осы сапардан.

Кім, қай лагерьде демалуда?

Өңірімізде жаз мезгілінде әр түрлі бағыттағы 608 лагерь жұмыс істейді. Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінің берген мәліметі бойынша қала сыртындағы 19 лагерьде 4393 оқушы, мектеп жанындағы ыстық тамақ ұйымдастырылған лагерьде 27 730 оқушы, мектеп жанындағы тамақ ұйымдастырылмайтын лагерьде 305, бейіндік алаңдарда 54 163 оқушы, 9 шатырлы лагерьде 1605 оқушы демалды. Тамыз айының соңына дейін жоспарға сәйкес оқушылар жазғы демалыспен қамтылмақ.

Сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Түркістан, Сарайшық, Ресей Федерациясының Волгоград қаласына және аудандық лагерьлерден Орал қаласына, Бөкей ордасы,  Казталов, Шыңғырлау аудандарына экскурсияға барып келуде. Қазіргі таңда оқушылардың біразы Нұр-Сұлтан, Түркістан қалаларына, аудандардан Орал қаласына және Бөкей ордасы, Казталов, Теректі аудандарына барып, демалып келді.

Жазғы демалысты ұйымдастыруға 2022 жылы 69 548 мың теңге қаражат бөлінген. 50 мектепте «Жазғы мектептер» 1-17 маусым аралығында 40 198 оқушыны қамтып, пәндер бойынша білімдегі олқылықтарын түзету жұмыстарын жүргізді.

Қалалық білім беру бөліміне қарасты «Атамекен» қалалық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығында үш айда 1500 оқушы демалады деп жоспарланған. Оның ішінде әлеуметтік жағынан аз қорғалған, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 400 бала бар. Жазғы демалысты ұйымдастырудағы мақсат – дарынды оқушыларды демалыспен қамту. Осы санаттағы 230 оқушының 50 пайыз ақшасын ата-анасы төлеп, «Атамекен» лагерінде демалысын өткізеді деп жоспарланған.

Қаланың 45 мектебінде тамақтануы ұйымдастырылған лагерьлерде 7590 бала, 50 мектептегі және 2 қосымша білім беру ұйымында (мектептен тыс жұмыс орталығы, Оқушылар сарайы) тамақтану ұйымдастырылмаған лагерьде 34655 бала демалысын өткізуде. Биыл алтыншы жыл қала мектептері жанындағы лагерьлерде бағдарлы алаңдар жұмыс істеуде. Атап айтсақ, барлық мектепте үш тілді оқыту алаңдары, интеллектуалдық алаңдар жоспарлы жұмыс істейді.

Оныншы жыл қатарынан білім беру бөлімі «Мирас», «Рахат» атты шатырлы лагерь ұйымдастырып, 50 мектептен 1700 бала демалуда. Сонымен қатар 2011 жылдан бері «Қайсар» патриоттық лагері жұмыс істеуде. 2022 жылы бұл лагерьде мектепішілік бақылауда, жергілікті полицияның бақылауында тұрған және өмірін Отан қорғау ісіне арнағысы келген 230 ер бала өз демалысын өткізеді.

«Атамекен» қалалық бала­лар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығындағы лагерь демалушылары бассейнде базалық жүзу дағдыларын үйренеді. Атап өту керек, Оқушылар сарайында қала мектебінің оқушыларына жүзу дағдыларын үйрету жұмысы жыл бойы жүргізіледі.

Биыл 26 маусым мен 1 шілде аралығында Нұр-Сұлтан қаласына аз қамтылған отбасының 50 балаларына саяхат ұйымдастырылды. 2022 жылдың 4-16 шілдесі мен 26 шілде – 8 тамыз аралығында аз қамтылған 100 отбасының оқушысы Бурабай курортының аумағында демалысын өткізеді. 2022 жылдың 1-5 тамыз, 5-10 тамыз аралығында аз қамтылған 50 отбасының оқушыларына Түркістан қаласына саяхат ұйымдастырылды.

Гүлжамал  Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале