24.06.2025, 14:30
Оқылды: 339

Лагерьлер қаншалықты қауіпсіз?

Жаз жайнатып, күн күлдіріп, балалардың лагерьлерде демалатын уақыты болды.  Ал  демалыс  орындары  талапқа  сай  ма?  Таза ма, қауіпсіз бе? 

DSC06530

Жуырда «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңес мүшелері, мәслихаттың депутаттары, қоғамдық бірлестіктер мен «Жастар рухы» ЖҚ өкілдерінен құралған мониторингтік топ «Атамекен» балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығына барды. Ондағы 220 балаға арналған жазғы стационарлық «Атамекен» лагеріне және «Рахат» шатырлы лагеріне мониторинг жасады. Олардың жай-күйімен танысып, қауіпсіздік шаралары мен тазалығына назар аударды.

Мониторингтік топ алдымен балалардың жатын бөлмелерін аралады. Жуынатын бөлмедегі санитарлық-гигиеналық талаптарды ретке келтіруді тапсырды. Мәселен, мұндағы өте ескі кафельдер көзге қораш көрініп тұр. Әрі тар екені сезіледі. Сонымен қатар балалар демалатын бөлмелердегі терезелердің тұтқаларын алып тастау қажеттігін еске салды. Электр сымдарын оқшаулау, жарық шамдарды орнату бойынша кемшіліктер анықталды. Екінші қабаттан шатырға шығатын есіктің құлыпталмай тұруы да бақылаушылардың назарынан тыс қалмады. Сондай-ақ дәлізде тұрған өрт сөндіру шкафтарында да кемшіліктер бар болып шықты. Біріншіден, оның ішіндегі өрт сөндіру краны теріс қарап тұр. Яғни сырттан қарағанда оның жарамдылық мерзімі жазылған белгісі көрінбейді. Екіншіден, өртке қатысты ақпараттардың бәрі орыс тілінде жазылған. Сондықтан бақылаушы топ кез келген таңбалауда мемлекеттік тілге басымдылық берілуі керек деді. Үшіншіден, өрт сөндіру жеңдерінің (рукова) мүлде қозғалмағаны байқалады. Ал талап бойынша оны жылына кемінде бір рет жаңа қырынан домалату қажет. Бұдан соң бақылаушылар асханадағы тазалықты, ас мәзірін көрді, бейнебақылау камераларының жұмысын тексерді. «Рахат» шатырлы лагеріне барған олар балалардың жатын орнымен танысты. Кереуетке төселген кейбір матрастардың жұқарып, әбден  тозығы  жеткені  белгілі  болды.

DSC06464

– Бұл мониторинг балалардың сапалы және қауіпсіз демалысын ұйымдастыру бағытында өткізілді. «Атамекен» лагеріндегі мониторинг барысында балалардың жатын бөлмелерінде, сонымен бірге өрт қауіпсіздігіне байланысты кемшіліктер анықталды. Бұлардың барлығы ең бірінші назарға алатын негізгі басымдықтар болуы тиіс. Анықталған кемшіліктер тиісті мекемелерге, облыстық білім басқармасына жолданады. Оның қорытындысы облыстық  «AMANAT» партиясы жанындағы отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңестің отырысында жан-жақты зерделенеді, – деді  Орал қалалық мәслихатының депутаты,  облыстық отбасы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі қоғамдық  кеңестің  төрағасы  Әзима  Ғұбашева.

«Атамекен» балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Жасұлан Сәкеновтің айтуынша, мұнда әрқайсысы 110 балаға арналған екі корпус бар. Лагерьдің аумағында 70 бейнебақылау камерасы орнатылған. Қазір «Атамекен» лагерінде екінші ауысымда оралдық 183 бала тәрбиеленуде. Бірінші ауысымда 177 бала демалған. Жаз бойы жеті ауысымда 1500 бала қамтылуы тиіс. Негізінен 1-4-ауысымдарға табыс-кірісі аз отбасылардың балалары, дарынды және белсенді шәкірттер келеді. Ал 5-ауысымнан бастап ақылы топтар қабылданады. Балалар өңірдің түкпір-түкпірінен, көршілес облыстардан да келеді екен. «Балалар қалаға экскурсияға шығарылады, түрлі ойындар ұйымдастырылады. Лагерьдегі басты қағиданың бірі – балалардың телефонсыз демалуы. Олар 10 күн болса да қолдарына телефон ұстамайды. Бұған ата-аналар да қолдау білдіріп жатыр», – деді аталған орталықтың директоры Жасұлан Сәкенов.

DSC06498

Жалпы, бұл лагерь алғаш 1938 жылы жұмысын бастағанда теміржолшылардың балаларына арналған. 2001 жылы қосымша білім беру мекемесі ретінде ашылған. Мұнда қаңқалы (каркасный) екі бассейн бар. Шағын футбол алаңы салынған. Айналаның бәрі жасыл желекпен  көмкеріліп тұр.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале