Сәби іңгәлап жарық дүниеге көрінгенде ата-анасы мен үлкендер жағы бөбекке ат қоюға асығатыны мәлім. Бөбекке әдемі, мағыналы ат қоюдың өзі жауапкершілікті талап етеді. Өйткені адамның есімі оның тағдырына, келешегіне әсер етеді деп топшылайды. Газетіміздің «Ерекше есім» айдарының бүгінгі қонағы, Бәйтерек аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Лауаз Уәлиев те бұған сенетінін айтты. Осы орайда Лауаз Жеңісұлымен аз-кем тілдесіп, есімінің шығу тарихын білген едік.
Кейіпкеріміз Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылында 1972 жылы өмірге келген. Ол Уәли әулетіндегі тұңғыш немере болғандықтан, сегіз айлығынан бастап ата-әжесінің бауырында өседі. Лауаз есімін де атасы Уәли Мырзағалиев «Лауазымы биік тұлға болсын!» деп қойыпты.
– Атам Уәли – білімді адам, компартия қатарында жауапты қызметтер атқарды. Әкем Жеңіс өңіріміздің білім беру саласында қызмет істеді. Әулетімізде сәби дүниеге келсе, оған мағыналы есім беруге назар аударылады. Өзімнен кейінгі інілерімнің есімі – Әлем және Өркен. Әлемді дүниежүзі танитын, небір шетелдерді көрген азамат болсын деп қойса, ал келесі інімді өркені өссін, ұрпағы көбейсін деп Өркен атаған.
Перзенттерімнің есімін Илана, Арна, Мейрамгүл, Ләзім деп әкем қойды. Адам есімінің тағдырына әсер ететініне сенемін. Өзім ауыл шаруашылығы, ветеринария саласында лауазымды қызметтер атқардым. Теректі ауданында аудан әкімінің орынбасары болдым. Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да және Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде білім алдым. 2009 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ғылымизерттеу ветеринария институтында диссертация қорғап, ветеринария ғылымдарының кандидаты атандым. Бұрын адамдарға Лауаз есімі қойылмайтын. Студент кезімде достарыммен қыдырып жүріп, аялдамаға, аутобустағы орындыққа «Лауаз» деп жазып кететінмін. Жастық қой. Оны көрген құрдастарым, ауылдастарым, институттағы группаластарым «Мына жерге атыңды жазып кетіпсің ғой» деп айтып келетін. Себебі Серік, Берік, Марат есімдері жиі қойылады да, олар жазып кетсе, кім екенін білмейтін.
Өзім білетін бес Лауаз бар. Олардың барлығы да менен кейін жарық дүниеге көрінгендер. Осы орайда айта кетсек, жерлес ақын ағамыз Қайрат Жұмағалиевтің Алматы қаласында тұратын немересінің есімі де Лауаз. Қайрат аға менің бала кезімде атамның үйіне қонаққа келді. Сол кезде маған «Есімің ерекше бала екенсің» деп кетіп еді. Жауапкершілігі мол, лауазымды қызметтер атқарып жүруіме есімімнің де ықпал-әсері бар деп ойлаймын, - деді Лауаз Жеңісұлы.
Кейіпкеріміз бүгіндері жұбайы Арайлыммен бірге төрт перзент тәрбиелеп жеткізген өнегелі отбасының отағасы, жиендерінің сүйікті атасы.
Гүлсезім Бияшева
zhaikpress.kz