Лавр Хайретдиновтың есімі Ақ Жайық жұртшылығына етене таныс. Ол – Бөкей ордасы мен Жаңақала аудандарының құрметті азаматы. Әр жылдары аталмыш қос ауданның әкімі болған Л.Хайретдинов ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясына да біраз жыл басшылық жасады. Бүгінде ол – талай жылғы бейнетінің зейнетін көріп отырған азамат.
– 1959 жылы 14 маусымда Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылында ұстаздар отбасында өмірге келдім. Ата-әжемнің тұңғыш немересімін. Содан мен жарық дүниеге көрінгенде әкемнің достары әжеме шәй, тәтті күлшелер мен мата алып келіп, менің есімімді өздері қойғысы келетінін айтады. Әжем басында рұқсатын бермейді, алайда кейін көңілдерін жықпай келіседі. Сол мезетте ол әкемнің достарынан қандай есім таңдағандарын сұрамаған болып тұр ғой, метркеге «Лавр» деп жазып алып келгенде, торсиып қалады. Ол кезде Ресейдің жоғарғы қолбасшысы және Ақ еріктілер әскерінің жетекшісі болған Лавр Корниловты көбі білмейтін және ақтардың қолбасшысының есімін қоймайтыны белгілі. Жалпы Лавр Георгиевичтің анасы қазақ болған. Сондай-ақ мұндай ерекше есімді Кеңестік мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің басшысы, КСРО ішкі істер министрі болған Лаврентий Берия да иеленген еді. Ол 1953 жылы қайтыс болған.
Менің ойымша, бұрын соғыста жеңіске жеткен, спортта топ жарған жеңімпаздарға лавр терегінің жапырағынан жасалған тәж кигізген. Бұл – жеңістің, жетістіктің символы саналған. Әсіресе, Грекия мен Римде жеңіспен оралған жауынгерлер, жоғары марапатқа ұсынылған қаламгерлер мен өнерпаздар лавр терегінің бұтағы мен жапырағынан дайындалған тәж киген. Алтыннан құйылған мұндай пішіндегі тәжді Юлий Цезар да қолданған. Ертеде дельфийлік ойындардың* жеңімпаздарына да медаль орнына лавр жапырағынан әзірленген десте сыйлаған. Сондай-ақ қазір түрлі байқау бойынша сайыс жеңімпазы аталатын «лауреат» сөзінің мәні «лавр жапырағымен дестеленген» деген ұғымды беретінін көп адам білмеуі мүмкін. Бүгінде шахматтан халықаралық турнирдің жеңімпаздарына лавр жапырағынан жасалған гүл шоғы (венок) және аталмыш өсімдік бейнеленген төсбелгі беріледі. Сол секілді өмірде жеңісі, жетістігі мол, жолы ашық болсын деген тілекпен, есімімді Лавр қойған болуы керек. Кейін әжем «Лавашөк» деп, балабақшадағы, мектептегі, институттағы достарым «Лаврик» деп атап кетті.
Қызмет бабында іссапарларға шығамыз. Оншақты жыл бұрын сондай бір іссапар Алматы қаласында ұйымдастырылды. Сол кезде аудан әкімдерін төтенше жағдайдың алдын алу мәселесі бойынша оқытатын. Жиынға қатысып отырмыз, аудан әкімдерін тізім бойынша түгелдей бастады. Ақтөбе облысындағы Ойыл ауданы әкімінің есімі Мавр екен, содан кейінгі тізімде тұрған менің есімімді сұрағанда Лавр деп едім. Дәріс оқыған лектор «Қазақстанның батыс бөлігінің есімдері ерекше екен. Қалай ойлап табасыңдар?» деп әзілдегені бар, - деді Лавр Рашидұлы.
Гүлсезім Ерболатқызы,
zhaikpress.kz