«Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалары шешен әрі тауып сөйлеп, ойын ұтымды жеткізе біледі». Бұл бұдан бір ғасыр бұрын поляк саяхатшысы А.Януковичтің айтқаны. Ал қазір жасы төрт-бестен асса да, тілі шықпаған не әріптерді анық айта алмайтын балаларды жиі кездестіреміз. Жасыратыны жоқ, бүгінде баласын логопед пен дефектологқа апарып жүрген ата-ана көп. Бұдан бүлдіршіннің тіл мүкістігінің етек алғанын байқауға болады. Шындап келгенде, бұл – медициналық һәм әлеуметтік мәселе.
Логопед – тіл тазалығының маманы. Яғни ол баланың анық сөйлеуін, дыбыстарды дұрыс айтуын қадағалап, дамытады. Сөйлеу кемістігінің себебін анықтап, тілі келмейтін дыбыстарды айтуға арнайы жаттығулар, массаж жасатады. Ал дефектолог – психофизикалық ауытқуы бар балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеп, оқытып-үйрететін, сөйлеу машығын қалыптастыратын қызметі неғұрлым ауқымды маман. Нақтырақ айтсақ, нәресте шала туылса немесе туабітті генетикалық (хромосомалық «Даун синдромы»), неврологиялық (гидроцефалия, микроцефалия т.с.с. БЦП), сондай-ақ гендік тұрғыдан тұқым қуалайтын дерттермен дүниеге келсе, баланың тілінде кемістік болуы мүмкін. Яғни мұндай жағдайда сәбидің тілі кеш дамуы немесе мүлдем сөйлемей қалуы кездеседі. Осындайда логопед-дефектолог мамандардың атқарар қызметі орасан.
Дәрігерлер ата-анаға бала дүниеге келісімен оның дамуын толық бақылауда ұстау қажеттігін айтады. Сәбилердегі сөйлеу тілі дамуының арнайы алгоритміне көз жүгіртсек, бала 6 айдан асқанда дыбысқа елеңдеп, көзге тура қарай алуы қажет. Тоғыз айлығына дейін былдырлап, «өз тілінде» түрлі дыбыс шығаруы керек. Одан кейін бір жастан асқанда кемінде 10-15 сөз айтып, екі жасында сөздік қоры 300-ге жеткені жөн. Осылайша, 3 жасқа толған бала сөйлем құрап, ойын жеткізе алатын болады. Егер тіліндегі кемістік бес жасқа дейін түзелмесе, логопедтердің көмегіне жүгіну керек. Маман бүлдіршінмен жұмыс жасау арқылы, оның кемістігінің деңгейін анықтап, түзетуге бағытталған емдік іс-шараларды жүзеге асырады.
«Қазір ойыншық көп, бірақ ойнайтын бала аз»
Орал қалалық №49 жалпы орта білім беретін мектептің дефектолог маманы Перизат Нұрғалиеваның айтуынша, нәрестенің денсаулығына құрсақта жатқан кезінен мән беру керек.
– Егер әйел жүктіліктің бірінші кезеңінде науқастанып, вирусты жұқпалы аурулармен ауырып, дәрігерге қаралмаса немесе өз бетінше дәрі-дәрмектерді, антибиотиктерді қабылдаса, құрсақтағы сәбидің өсіп-дамуында ауытқулар болуы мүмкін. Сондай-ақ босанған кезде нәрестені қолдан түсіріп алу, туа сала шыр етіп жыламауы, миға оттегі бармай, көгеріп қалуы немесе жол апатына тап болса, бөбектің тілінде кемшілік кездеседі. Бүлдіршін қатты қорықса, тілінде тұтығу пайда болуы мүмкін. Тіл мүкістігінің себептері әр түрлі. Тілдің немесе оның астындағы бұлшық еттің қысқалығы да әсер етеді. Тіл таңдайға жетпегендіктен бала «р» әрпін айта алмайды. Ондай жағдайда хирургиялық жолмен тілдің астындағы етті кеседі немесе кәсіби массаж арқылы кетіруге де болады. Бізге, дефектологтарға тілінің мүкістігі бар оқушылар Орал қалалық білім беру бөліміндегі психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің (ПМПК) және логопед пен невропатологтың қорытындысымен келеді. Ал логопедтер сынып жетекшілері мен ата-аналардың өтініші бойынша баламен жұмыстана береді. Бүлдіршіннің тілінің дамуы үшін саусақ ұшы моторикасына жасалған жаттығу жақсы әсер етеді. Өйткені тілінде кемістік бар бала саусақ ұштарын қимылдата алмайды. Зейіні мен есте сақтау қабілеті дамымайды. Соған орай біз ермексазбен, құммен, тіпті дәнді дақыл және макарон өнімдерімен, құтылардың қақпақтарымен ойын әдісі арқылы жаттығу жасатамыз. Сәби ойнау арқылы дамиды. Қазір ойыншық көп, бірақ ойнайтын бала аз. Ата-ана перзентіне ойыншықтың түр-түрін сатып әкелгенмен, өзі бірге ойнамайды. Ұйықтардың алдында ертегі оқымайды. Дұрысы, ата-анасы бірге ойнап, баланың қызығушылығын дамыту керек. Мүмкіндігі шектеулі балаларға жасалатын жаттығуларды ата-аналарға да үйретеміз. Өйткені нәтиже болу үшін жаттығу жүйелі жасалу керек. Сабақтан келе жатырғанда перзентімен табиғат, қоршаған орта төңірегінде тілдесіп, сөздік қорын молайту қажет.
Баланың тілінде мүкістік болса, дер кезінде тиісті маманға көрсетіп, жіберілген олқылықтардың орнын толтыруға тырысу керек. Дұрыс сөйлей алмаған соң бала ұялшақ, жасқаншақ, тұйық болып кетеді. Содан түрлі дәрежедегі тіл кемістігі балалардың психикалық, физикалық, ақыл-ойының дамуына кері әсерін тигізеді, – дейді Перизат Демеуқызы.
Сигматизм, ротацизм, дизартрия
Соңғы кезде бүлдіршіндерде дыбыстарды дұрыс айта алмау мәселесі жиі қозғалады. Ғылымда бала тіліндегі мұндай кемшіліктердің өзіндік атаулары бар. С, з, ц, т, ж, г, щ әріптерін дұрыс айтпаудан болатын сөздің бұзылуын сигматизм деп атаса, р әрпін айта алмауды ротацизм дейді екен. Ал лямбдацизм – л дыбысын дұрыс айтпау не басқа дыбыспен ауыстырып айту. Дизартрия құбылысы – әріптерді дұрыс айта алмағаннан сөз көркемдігінің бұзылуынан болады. Бұл туралы бізге Орал қалалық №46 жалпы орта білім беретін мектептің логопеді Әйгерім Бижанова (суретте ) айтты.
– Тіл мүкістігінің пайда болуына көптеген себептер әсер етеді. Ең негізгі себептердің бірі – баланың физиологиялық тұрғыда дұрыс қалыптаспауы. Баланың ауыз аппаратындағы кемістіктер (мысалы, тістің қисық шығуы, таңдайдың, тілдің жырық болып туылуы, т.б.) бала тіліндегі кейбір дыбыстарды дұрыс айта алмауына себеп болады. Сонымен қатар жүйке жүйесінің зақымдануынан да сөздің бұзылуы мүмкін (мысалы, миға қан құйылу). Бала тілінің дұрыс қалыптаспауының тағы бір «қолдан жасалған» себебі бар. Ол – баланы дұрыс тәрбиелемеу, яғни ата-анасы не балабақшадағы тәрбиешісі бүлдіршіннің қалай сөйлей бастағанына көңіл аудармауы. Яғни ата-ана өзге тілді, көбіне орыс тілді болуы, екіншіден, қазақ тілді ата-ананың сөздік қоры тапшы, сөйлем құрылысы ретсіз, ойы тиянақсыз болуы мүмкін. Үшіншіден, ата-ананың баламен бала тілінде қарым-қатынасқа түсуі. Яғни тілі анық шықпаған баламен балаға ғана түсінікті тілмен қарым-қатынас жасау. Ата-ананың дұрыс тәрбие бермеуінен кеткен мұндай олқылықтарды логопедтер қалпына келтіре алады. Балалардың «н» мен «ң» дыбыстарын дыбыстай алмауының да бірнеше себебі бар. Егер балада сөйлеу мүшелері дұрыс қалыптаспаса, ол «ң» дыбысын нақты айта алмайды. Яғни таңдайының биік орналасуы, жағының дұрыс жұмыс жасамауы, ернінің қалың болуы дыбысты дұрыс айтуға кедергі болады. Біз оқушыларды бес жастан бастап қабылдаймыз. Сөйлеу картасын толтырып, әр баламен жеке-дара жұмыстанамыз. Мектепалды даярлық тобы оқушыларының денінде сөйлеу тілі дамымаған. Мысалы, «маған мына дәптерді берші» дегенді «дәптер бер» дейді. «Су ішкім келіп тұр» деп толық айтпай, «су» дей салады. Сөйлем құрай алмайды. Дыбыстарды қате айтатын бүлдіршіндерге артикуляциялық жаттығулар жасатамыз. Саусақ ұшы моторикасын дамыту үшін моншақ тергізіп, бау байлатамыз. Нүктелі массаж арқылы саусақтарын жаттықтырамыз. Тыныс алу шаралары да бар. Солардың барлығы бала тілінің дамуына оң әсер етеді, – дейді Әйгерім Кеңесқызы.
YouТube-тегі мылқау мультфильмдер
Қазір YouТube желісінде балалар қай тілде сөйлесе де, көруге ортақ болсын деп шығарылған мылқау мультфильмдер көп. Сюжет жүріп жатады. Ойнақы музыка да бар, бірақ кейіпкерлер сөйлемейді. Арасында «бала тілінде» дыбыстап қояды. Ал мұндайды көріп өскен баланың дамуы кешеуілдейтіні айтпаса да түсінікті. Өйткені санасына «мультфильмдегідей ымдап түсіндірсем де жеткілікті екен» дейтін сигнал баратыны сөзсіз. Бұл туралы бізге Орал қалалық №10 «Балапан» бөбекжайының психологі Гүлжанат Сұлтанғалиева айтты.
– Біздің бөбекжайға сәбилер екі жастан бастап қабылданады. Негізі, бір жастағы баланың сөздік қорында 10-15 сөз болуы керек. Ал екі жаста 300 сөздей білуі керек. Өкінішке орай, топтағы 25 баланың саусақпен санаулысы ғана анық сөйлейді. Қалғандары дыбысты анық айта алмайды. Ым-ишарамен түсіндіруге тырысады. Мұндай жағдай біздің ғана балабақшада емес. Орал қаласындағы басқа да бөбекжайларда бүлдіршіндер анық сөйлемейді. Оның бірден-бір себебі – балалардың телефонға көп телміруі. Ата-ана өзінің жан тыныштығын ойлап, мазаламасын деп баласына тәулік бойы ұялы телефон ұстатып қояды. Ал YouТube арналардағы қазіргі мультфильмдерді біздің кішкене кезіміздегі мультфильмдермен салыстыруға келмейді.
Кеңестік кезеңде мультфильмдер экраннан көрсетілмес бұрын қатаң бақылаудан өтетін, анимациялық фильмдердегі әрбір кадр балаға қалай әсер ететіні тексерілетін. Мысалы, орыстың Карлсон, қолтырауын Гена, Чебурашка секілді мультфильмдерін бүкіл одақтас республиканың балалары көргеннен кері әсері болды деп айта аламыз ба? Алайда қазіргі ата-аналардың дені бұрынғы мультфильмдер ескіріп қалған, қазіргі балалар заманауи мультфильмдер ғана көреді деп санайды да, балаларының не көріп жатқанына мән бермейді. Көптеген ата-ананың заманға сай мультфильм деп жүргендері балаларға тигізетін кері әсері ескерілмей жасалған анимациялық өнімдер. Бүгінде «жөнсіз мультфильмдердің» бала психикасына әсері бүкіл әлем мамандарын толғандыруда. Айталық, осыдан біраз уақыт бұрын Ресейде ата-аналар телеарналардың бірін «Симпсоны» және «Гриффины» атты мультфильмдерді көрсеткені үшін сотқа беріпті. Олар бұл анимациялық фильмдер бала денсаулығына кері әсерін тигізеді деп айыптаған болатын. Сондай-ақ психологтар балалар мен жасөспірімдерге теріс пиғылды әрекеттерді насихаттайтын мультфильмдер көрсететін бірқатар каналдарға наразылықтарын білдірген. Мультфильмде агрессия болса да, эпизоды көңілді түрде көрсетілсе, аса зиян емес. Айталық, мысық пен тышқан туралы «Том мен Джерри» мультфильмі. Бүкіл бір серия бойы мысық тышқанды қуып, екеуінің бір-біріне деген ашуы келіп, түрлі әрекеттер жасайды. Мысалы, тышқан мысықты алдап түсіріп, тікенекке отырғызады, ал мысық тышқанды қақпанға түсіріп, қабырғаға қағып тастайды деген сияқты. Бірақ аяғында мейірім жеңіп, ешқайсысы өлмейді. Бұл бала үшін өте маңызды. Негізінен, мысық та, тышқан да жағымсыз бөтен сөздер айтпайтын кейіпкер ретінде суреттеледі. Ал «Мадагаскар», «Көліктер», «Мұз дәуірі» мультфильмдерінде жамандықты жақсылық жеңгенімен, бала тұрмақ үлкеннің құлағына түрпідей тиетін сөздер, тіркестер жиі кездеседі. Сондай-ақ қазіргі заманда онсыз да гиперактивті балалар мұндағы кейіпкерлердің жарықтың жылдамдығындай әрекеттерін қайталауға ұмтылады. Америкалық мультфильмдер тіпті қиялға сыймайды. Жамандықпен күресіп жүрген секілденіп көрінетін кейіпкерлердің өзі көрер көзге оғаш. Қазір YouТube-тегі мультфильмдердің сюжеттерінде соғыс, атыс-шабыс, зорлық-зомбылық, өлім элементтері бар. Соларды таңнан кешке дейін қараған баланың сөйлем құрай алмауы былай тұрсын, қоғамға қауіпті, қатыгез болып өспеуіне кім кепіл?! – дейді ол.
Мамандардың пікіріне біздің де алып-қосарымыз жоқ.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz