27.12.2019, 13:05
Оқылды: 537

Мәдени қызметтің мазмұны қандай?

Ақжайық даласы – талай дүлдүлдердің рухани бай мұрасының сарқылмас қазынасы, өнердің сан қыры мен інжу-маржандарының ордасы. Міне, осындай атамекеннің мәдениеті мен өнерін дамытуда, ұлттық реңкі басым құндылықтарының мәйегін бұзбай, халыққа жеткізуде, халық арасындағы дарындарды танымал етуде, бос уақытты тиімді ұйымдастыруда облыстық халық шығармашылығы орталығы 65 жылдан астам жұмыс жасап келеді. Заман талабына орай жоспарлы, оның ішінде 274 мәдениет үйі мен клуб жүйесінде мәдени-көпшілік және демалыс, тақырыптық байқау, өнер фестивальдары, мемлекеттік және ұлттық мерекелерге, мерейтойларға арналған шараларды ұйымдастыру біздің негізгі қызметіміз болып табылады. Сондай-ақ алдыңғы қатарлы тәжірибелік мектеп пен шеберлік сыныптары мәселелері, көркемөнерпаз ұжымы, әуесқой үйірме мен ұлттық-мәдени орталықтарға әдіскерлік көмек, ұсыныс, үздік іс-тәжірибелерді насихаттау жұмыстары, тың бастамаларды іздестіру де міндетімізге кіреді. Сонымен бірге «Халықтық» үлгілі атағы бар көркемөнерпаз ұжымдарымен жұмыс басты назарға алынған. Оған қоса халық шығармашылығының негізгі және болашақ бағыттарын, мәдени демалыс қызметінің жаңа тиімді әдісі мен түрлерін, мәдени сауықтыруды дамыту бағыттары бойынша ауқымды істер, шығармашылық салада заманауи үлгілерді пайдалану мәселелері қарастырылып отыр.

01

Иә, халықтың өшпес өнерін, алтын қазынасын дәріптеу, оны дамыту бойынша көптеген игі іс жүзеге асты. Бірақ мақалаға арқау мәселе – мәдени қызметтің мазмұны және соған еңбек ететін клуб қызметкерлері немесе әдіскер мамандар жайында болмақ.

Қазіргі таңда қай жерде де ұлттық өнер түрлері дәріптеліп, жолға қойылып отыр. Соның ішінде батыс өңірінде ғасырлар жемісі – айтыс өнерінің өрістегеніне 60 жыл болса, жыл сайын облысымыздың ауыл-аймағынан бастап, қала төрінде де республикалық, облыстық, аймақтық ақындар айтысы, конференция, жолдастық кездесу, мектепішілік сөз бәйгелері оздырылып отыр. Ол ақындықтың ұрпақтан-ұрпаққа қанат жаюына ғана емес, Орал қаласындағы «Ақберен» ақындар мектебі, Ақжайық ауданындағы «Муза» шығармашыл оқырмандар отауы, Теректі аудандық мәдениет үйінде «Ғазал» жас ақындар клубы, Қазталов ауданы Жалпақтал ауылында «Мұра» жас ақындар үйірмесі және Сырым ауданында жас ақындар сыныбының бой көтеруіне себепкер болды. Отбасы құндылығын арттыруда жас отбасылар, келіндер, бозбала мен бойжеткендер, көп балалы аналар, тіпті өнерлі аталар мен әжелер байқаулары ел арасында өтіп, дәстүрге айналуда.

Өңір мәдениетінде қазақтың дәстүрлі ән мен киелі домбырасын – ұлттың ұлы қазынасын дамытуды дұрыс бағыттап, әрбір байқау мен фестивальдарда талантты жастардың жемісін тануды және ұлы тұлғалардың шығармашылығын ұлықтауды мақсат етеді. Сондай жұмыс барысында республикаға танымал өнер майталмандарымен бірлескен кеңес алқалары айтыс, дәстүрлі ән, домбыра және облыстық Қадыр Мырза Әли өнер орталығында күйшілер бөлмесі, Бәйтерек ауданында домбыра үйрету орталығы, Жаңақала ауданында күйшілер аллеясы, Бөрлі ауданының саябағында домбыра сөрелері құрылды.

Жалпы қоғамның рухани жаңғыруына – халықтың дәстүрі мен ұлттық мәдениеті негіз. Ал оны ұстану кешегі күн мен бүгінді, бүгін мен ертеңді жалғастырады. Осы орайда «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлері» жобалары барысында тарихи-мәдени ескерткіштерді зерделеуге маңыз беріліп, қастерлі мұралар көбейтілді. Сондай-ақ әрбір өлкеде ұлттық-мәдени кешен – этноауылдың орнығуына ықпал етер алғашқы қадамдар жасалуда. Облыс аумағында оздырылған 1700 домбырашының бір мезгілде орындаған күй күмбірі мен 1500 бишінің мың бұралған әсем көрінісі, Наурыз, жайлау, этномәдени фестивальдарының ықпалымен қолға алынса, әрі қарай кең көлемде, халықаралық немесе көрші шекаралас Ресей елдерімен мәдени байланысты ұштастырып, жүзеге асатыны айқын. Мәдениет және өнер ұйымдары сан қырлы, ал соның ішінде халық шығармашылығы орталығы, клуб мекемелерінің мәдени мұраны дамытуда қызметі орасан болғанымен,  өзіндік ерекшелігі, танылуы қалыс тұрады. Еңбек әлемінде жүйелі беку, жетілу, кеңею, жаңа кәсіби дағдыларды меңгеру, заманауи техникалық құралдар қолдану дағдысын көтеру, оның ішінде жекеленген кәсіби мамандардың, әдіскерлердің өзіндік  бағыттары болады. Кәсіби маман үнемі іскерліктің деңгейін және сапасын сақтап қалу үшін өзін-өзі дамытуы қажет. Осылай айтылғанымен, біздің клуб қызметкер-лерінің кәсіби дамуының деңгейлік жоспары жоққа тән.  Облыс аумағында мәдениет мекемелерінің жұмысын жандандыру мақсатында 2012 жылдан бері «Әдіскер» клубы және өнер саласы ұйымдары мен мәдениет қызметкерлерінің «Рухани қазына» фестивалі облыстық, республикалық деңгейде ұйымдастырылып, өнер бастауы – ауыл мәдениетін өрге тартып, ел ықыласына бөленіп жүрген ұжымдар анықталды. Бірақ республикалық шара барысында нағыз тәжірибе алмасу бағытындағы диалогтық алаңның әлі де қарастырылмағаны көңіл қынжылтты. Шығармашылық ізденістер ең үздік мәдени дәстүрлерді сақтау мен дамытуға кәсіби біліктілік керек екені рас. Ал ол үшін қызметкерлерге республикалық, тіпті аратұра халықаралық семинар-тренингтер, онлайн сабақтар, инно-вациялық тәсілдемелерді зерттеу, енгізу бойынша конференциялар оздыру, оқыту қажеттілігі ескерілмей отыр. Тіпті әдіскер немесе осы саланы ұйымдастыру мамандарының теориялық білімдерін негіздейтін бір республикалық орталық, сондай-ақ ауыл, аудан мәдени-демалыс орталықтарының шығармашылық қызметкерлерінің елеусіз еңбегін айдай анық қылатын басылым қолжетімді болса, нұр үстіне нұр болар еді.

Өйткені кез келген мәдени сала қызметінің жоғарылауы мамандарына тікелей байланысты.

Мәулет Жұбатов

облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале