Бүгін Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Рашид Шақудың өзі тұрған Орал қаласы Жеңіс шағын ауданында орналасқан 8 үйге ескерткіш тақта орнатылды. Бұл үйде өткір тілді сатирик ақын 2005-2013 жылдары тұрған.
Салтанатты шарада ең әуелі Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла сөз алып, қаламгерге осылайша құрмет көрсетудің мән-маңызына тоқталды.
Содан соң ескерткіш тақтаны орнатуға атсалысқан жаңақалалық азамат ШаҺидолла Әбуғалиев, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Сағынтай Бисенғалиев, ақынның жары Назгүл Шақуова игі шараға ұйытқы болғандарға алғыл айтты.
Шара «Сатираның сойы» атты еске алу кешіне жалғасты. Кеш «Жарқ етіп сөнген бір жұлдыз» жобасы аясында Қадыр орталығында өтті. Алдымен ақынға арналған бейнебаян көрсетілді.
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, жазушы, журналист Бауыржан Ғұбайдуллин және «Aqjaiyq» телеарнасының директоры Клара Хамбетова Рашид Шақудың студенттік шақтарынан естеліктер айтып, атқарған жұмыстары хақында сөз қозғап, оның шын мәнінде қандай азамат, қандай тұлға болғанын жеткізді.
Өз кезегінде Казталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова қаламгердің туған жері – Көктерек ауылынан небір талантты тұлғалардың түлеп ұшқанын айта келе, ақынның жары Назгүл Шақуоваға сый-құрмет көрсетті.
Кеш барысында «BatysStar» тобы, Тұрсынай Қайырбайқызы, республикалық конкурстардың лауреаттары Мәди Сабыров, Асылан Бақтығалиев, Расим Жұмағалиев, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айбар Хайырханов түрлі тақырыптағы әндерді әуелете шырқады. Ал Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Әділбек Сүлейменов болса, Рашид Есетұлының сөзіне жазылған «Ауылдастар» әнін көрермен назарына ұсынды.
«Алматы-Арыс» баспасынан жарыққа шыққан Рашид Шақудың «Сөз жебесі» атты кітабы жайлы қаламгердің немере қарындасы (туған ағасының қызы) Әлия Шақуова сөз өрбітті. Екі бөлімнен тұратын бұл кітап тәлім-тәрбиеге, тағылымға толы. Оның негізгі бөлімі Рашид Шақу шығармашылығының сатиралық мұрасын қамтыса, ал екінші бөлімінде көзкөрген замандастарының естеліктері топтастырылған.
Кенжелеу қалған қазақ сатирасына өзіндік олжа салған бұл жинақ өмірден ерте, арманда кеткен ақын-журналистің мұрасын түгендеудің алғашқы талпынысы еді.
Сатириктің өлеңдері оқылған кеш соңында Рашид Шақудың ұстазы Сәуле Мұқанғалиқызы шәкіртінің ерекше қасиеттерін тілге тиек етіп, ізгі ниет-тілегін ақтарды.
Айта кетейік, Рашид Шақу аянбай-талмай еңбектеніп, қуатты шығармаларды жазды. Ол 1993 жылдан Батыс Қазақстан облыстық телерадиосында қызмет атқарып, облыстық радионың аға редакторына дейін көтерілді.
Марлен Ғилымхан