3.03.2026, 17:45
Оқылды: 49

Мәдениет пен спорт – салауатты сананың негізі

Спорт пен мәдениет – егіз ұғым.  Ұлттың рухани қуаты мен денсаулығы осы екі саланың өркендеуіне тікелей байланысты.  Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан» газетіне берген  сұхбатында  мәдениет пен спортты дамыту, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселелеріне айрықша тоқталған еді.  Бұл бастамалар өңірлерде нақты істер арқылы жүзеге асып келеді.  Соның бір айқын көрінісі – Шыңғырлау ауданындағы жүйелі жұмыстар.

d67b1f3f-45ed-49f0-a6cd-7e269dbbfe50

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Олжас Сейтімовтің  айтуынша, былтыр   сала үшін нәтижелі жыл болды.

Жыл бойы мәдени-көпшілік іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға басымдық берілген. Мәдениет үйлері мен клубтарда концерттер, шығармашылық кештер, мерекелік іс-шаралар өткізіліп, халық шығармашылығын дамыту мен жас өнерпаздарды қолдау бағытында нақты жұмыстар атқарылған. Материалдық-техникалық әлеуетті нығайту да назардан тыс қалмаған. Шыңғырлау аудандық мәдени-демалыс орталығына қарасты 16 мәдениет мекемесі – аудандық бір мәдениет үйі, ауылдық жеті мәдениет үйі мен жеті клуб, сондай-ақ бір саябақ халыққа қызмет көрсетіп отыр. Аудандық мәдениет үйіне заманауи LED-экран, жарық және дыбыс құрылғылары орнатылып, сахналық киімдер жаңартылған. Бірқатар ауылдың мәдениет ошақтарындағы жылыту қазандықтары жаңғыртылып, ағымдағы жөндеу жүргізілген. Алдағы жоспарлардың қатарында мәдениет және спорт нысандарының материалдық-техникалық әлеуетін одан әрі жаңарту және атшабар алаңын  абаттандыру міндеті  тұр.

Былтыр ауданда «20 әдіскер – 20 шабыт көзі» атты облыстық семинар, халықтық «Арай» вокалды-аспаптар ансамблінің 50 жылдығына арналған «Жайық әуендері» облыстық байқауы, аудандық «Бала дауысы», «Дән timеs» жобалары сәтті ұйымдастырылды. 2024 жылы ауданда жеті «Халықтық» (үлгілі) көркем-өнерпаздар ұжымы болса, былтыр олардың саны сегізге жетті. Атап айтқанда, халықтық хор, «Арай» вокалды-аспаптар ансамблі, «Жұмағазиевтер» және «Сұлтанғалиевтер» отбасылық ансамбльдері, «Торыатбас әуендері» фольклорлық ансамблі, «Шаңырақ» театры, үлгілі «Еркем-ай» би ансамблі өнерсүйер қауымның ықыласына  бөленіп  келеді.

f1ceb6d0-7cea-4565-8fc1-d4c0b602bd81

Қазіргі таңда аудандық мәдени-демалыс орталығында 95 үйірме жұмыс істеп, 810 адамды қамтып отыр. Оның 56-сы балаларға арналған, оған 411 бала қатысады. Бұл жас ұрпақтың өнерге деген қызығушылығының артқанын көрсетеді.

Спорт саласында да оң серпін бар. Ауданда бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 2025 жылы 156 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, 900 адам қамтылған.

Жыл ішінде спортпен жүйелі айналысушылар саны 250 адамға артқан. Аудандық жарыстарға ауылдық округтерден, мекемелер мен бөлімдерден, мектептер мен колледждерден, әскери және полиция қызметкерлерінен құралған 800-ге жуық спортшы қатысып  келеді.

Шоқтығы биік іс-шаралардың қатарында Қонақай мұзайдынының ашылуын айтуға болады. Сондай-ақ қысқы Президенттік көпсайыстан облыстық шемпионатқа іріктеу кезеңі Шыңғырлауда ұйымдастырылды. Мемлекеттік қызметшілер арасында аудан әкімінің кубогіне арналған волейбол шемпионаты, БҚО спорт

клубтары қызметкерлері арасындағы аудандық спартакиада, ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңындағы «Шыңғырлау сақасы» облыстық ашық турнирі жоғары деңгейде өтті. Асық атудан ерлер құрамасы І орынды, қыздар командасы бес асықтан ІІІ орынды иеленді.

Былтырғы жүйелі жұмыстың нәтижесінде аудан спортшылары бірқатар жетістікке жетті. «Бабалар ізімен» ұлттық ойындар лигасында «Бөкенбай батыр» көкпар командасы бірінші орынға ие болды. Асық атудан ерлер командасы екінші орынды иеленді. Төрт жылда бір өтетін республикалық VIII «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарында аудан құрамасы жалпыкомандалық есепте үшінші орын алды. Бөрлі ауданында өткен классикалық пауэрлифтингтен ашық біріншілікте Қайырбек Құрметов І орынды, Аслан Қонақбаев ІІІ  орынды  иеленді.

Балалар мен жасөспірімдер спорты да қарқынды дамуда. Аудандық спорт мектебінде 14 спорт түрі бойынша 455 оқушы жаттығады. 37 топ жасақталған, оның ішінде 12 оқужаттығу және 27 алғашқы даярлық тобы бар. Спорт мектебінде 14 спорт шеберлігіне кандидат тәрбиеленуде. Олар республикалық және облыстық жарыстарда аудан намысын  қорғап  жүр.

КСРО спорт шебері Еділ Ишекеновті еске алуға арналған бокстан республикалық турнир және грек-рим күресінен білікті бапкер Қази Сырымовты еске алу турнирі ауданда ұйымдастырылып, шыңғырлаулық спортшылар жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар арқан тарту спорты бойынша Алмаз ауылдық округінің командасы бірқатар жарыста  жүлдегер  атанды.

Олжас Нұрланұлының айтуынша, жылдың жағымды жаңалығының бірі – Қарағаш ауылдық округіне қарасты Ақсуат елді мекенінде ашылған жаңа мәдени-спорт кешені. Бұл нысан ауылдың мәдени-әлеуметтік әлеуетін арттырып, тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік тілді дамыту бағытында да жүйелі жұмыс атқарылуда. «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заң талаптарын түсіндіру, көрнекі ақпараттың талапқа сай орналастырылуын қадағалау, семинарлар мен қоғамдық қабылдаулар өткізу тұрақты жүргізіледі. Сондай-ақ «Жастар тәжірибесі» және «Дипломмен ауылға» бағдарламалары арқылы ауданға жас мамандар тартылуда. Былтыр мәдениет және спорт саласында қызмет ететін төрт жас маман тұрғын үй алу үшін көтерме жәрдемақы  алған.

«Кітап оқитын ұлт» бастамасы аясында да атқарылған нақты істер баршылық. Облыстық «Мен оқыған 30 кітап» жобасынан шыңғырлаулық Айзере Жауымбай есімді оқушы (Шыңғырлау орта мектебінің оқушысы) бас жүлдені жеңіп алды. «AMANAT» партиясының «Кітап-AMANAT» жобасы негізінде «BOOK TIME» оқырмандар клубы құрылып, әдеби кештер мен кітап талқылау кездесулері ұйымдастырылуда. Сонымен қатар мәдениет саласында цифрландыру мен жасанды интеллект элементтерін енгізу жұмыстары қолға алынған. Мұрағат материалдарын цифрландыру, әлеуметтік желілер арқылы мәдени контентті насихаттау – заман талабы.

Алдағы уақытта мәдени және спорттық инфрақұрылымды одан әрі дамыту, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу, жастармен жұмысты күшейту, дәстүрлі республикалық турнирлер мен облыстық байқауларды ұйымдастыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, биыл ауданда КСРО спорт шебері Еділ Ишекеновті еске алуға арналған республикалық турнир және «Даламның үні – домбыра» атты облыстық байқау  өтпек.

«Аудандағы мәдениет және спорт саласын дамыту – халықтың әл-ауқатын арттырудың, бұқаралық спортты, ұлттық құндылықтарды және өнерді дамытудың негізгі факторы. Аудандық жарыстарды ұйымдастыру, құрама командаларды даярлау, мәдениет үйлері мен кітапханалар жұмысын жетілдірудегі басты мақсатымыз – тұрғындардың салауатты өмір салтын сақтауына, денсаулықтарын нығайтуына жағдай жасап, рухани бай, кемел адам ретінде қалыптастыру», – деп атап өтті аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Олжас Сейтімов.

95243063-f681-4ab8-9e1b-1aae6a468bac

Мәдениет пен спорт өскелең ұрпақ пен ересек адамның ұлттық рухын оятып қана қоймай, санасына адамгершілік, мәдениеттілік, бауырмалдық секілді қасиеттерді сіңіре береді. Сондықтан да бұл салаларға көңіл бөлініп, қолдап отыру мемлекеттік қажеттілік  екені  де анық.

Қорыта айтқанда, ауданда мәдениет пен спорт саласы жүйелі дамып, нақты нәтижелер көрінуде.  Рухани құндылық пен салауатты өмір салтын қатар ұстанған ауданның өркендеу жолы – ел болашағына бағытталған нық қадам.

Светлана  Байтенова,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале