24.10.2023, 13:00
Оқылды: 83

«Мәдениетті елдің мәртебесі биік»

Мемлекеттік қызметшілер адалдығы мен әділдігінің, өз жұмысына деген жауапкершілігінің, сондай-ақ қызмет әдебін жетік білуі мен саяси сауаттылығының арқасында ел-жұрттың сеніміне ие болады. Десе де мұндай сенім мен құрметке ие болу оңай емес. Республика күні қарсаңында облыстағы музейлер мен мәдениет саласындағы қызу тіршіліктің «қара қазанында» қайнап, бүгінде мол тәжірибе мен рухани азық жинаған маман Гүлмира Қаулановамен тілдестік. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы қызметін атқаратын ол – ұжымға сыйлы, жауапкершілігі жоғары мақтаулы маман, ҚР Мәдениет саласының үздігі.

Қызыл сандық

Сырым ауданының Талдыбұлақ ауылында туып-өскен Гүлмира Жоламанқызы жеті жасқа дейін ата-әжесінің бауырында тәрбиеленеді. Досқалиевтер әулетіндегі немеренің тұңғышы болған соң оны әжесі өз бауырына басады. Содан кейіпкерімізді кіш­кентай кезінде ауылдағы үлкендер «Кемпірдің қызы» деп атайды. Анасы Зоя Жұмапиқызы ауыл мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып, бүгінде зейнетке шыққан. Ал әкесі Жоламан Мақсотұлы ауыл шаруашылығы саласында қызмет еткен.

936fef78-ebc2-4abf-9eca-e0d58a5a25d2

– Әулеттегі тұңғыш немере болған соң ағаларым мені көп еркелететін. Ешқашан дауыс көтерген емес. Алайда ақылды ерке болдым. Анам тәрбиеге келгенде қатал еді. Ол мектепте бастауыш сынып мұғалімі және балабақша меңгерушісі қызметін атқарды. Маған «Егер сен тентек болсаң, мектептегі мұғалімдер мен оқушылар, ата-аналар күледі. Өзінің қызын тәрбиелей алмай жүріп, жұрттың баласын қалай тәрбиелемек деп айтады» деген сөздері жадымда жатталып қалды. Зоя Жұмапиқызының сабағы басталады дегенде, ұлдар киімдерінің жағаларын түзеп, аяқ киімдерін сүртетін.  Содан бірінші сыныпқа көшкенде әжем мені ата-анама алып барып, бауырларынан жырақтамасын деген шығар: «Мен қызымды мейіріміме қандырып өсірдім. Енді сабағын қадағалау керек. Сол себепті өздеріңе алып келдім. Ұрысып, ренжітетін болсаңдар, кері алып кетемін» деді. Басында бауырларымды жатырқап жүрдім. Әжем маған киім салатын қызыл түсті шағын сандық жасатып берген еді. Әжемді сағынсам, сол сандықтың қасына барып отырады екенмін. Анам «Бірде бізге ренжіп қалған болуың керек, қысты күні шанаңа қызыл сандығыңды салып алып, «мен өз үйіме кеттім» деп бұртиып, томпаңдап кетіп бара жатырсың» дейді. Содан әупірімдеп көндіріп, үйге кері кіргізіпті. Өкінішке орай, бір жылдан соң әжем қайтыс болды. Денсаулығы сыр берген соң бауырларымен тіл табысып, ата-анасына үйрене берсін деген көрегендігі шығар әжемнің, – деп кейіпкеріміз балалық шағынан естелік бөлісті.

Тарих тұнған музейде

Мектепті үздік тәмамдап, 1997 жылы Орал қаласындағы А. С. Пушкин атындағы педагогикалық институттың тарих факультетіне оқуға түседі. Жоғарғы оқу орнын бітірген соң Ақсай қаласындағы №2 орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі қызметіне кіріседі. 2003 жылы Ерлан есімді азаматқа тұрмысқа шығып, Орал қаласына көшіп келді. Шаһардағы білім ошақтарында біраз жыл ұстаздық қызмет атқарып, кейін облыстық тарихи-өлкетану музейіне экскурсовод болып қызметке қабылданады. Сол кезде музейдің директоры Сара Танабаеваның және музей майталмандары Гүлсім Сапуанова, Марина Мырзағалиеваның ақыл-кеңесімен салаға қатысты жұмыстарды меңгереді. Музейдегі барлық жәдігердің тарихын және оларды тарихи оқиғалармен ұштастырып айту үшін кітапханаларға, мұрағаттарға барады. Сондағы мақсат – музей қонақтарының қойған сауалына мүдірмей жауап беріп, өз саласын жетік меңгерген маман болу. Тарихи деректермен, құжаттармен жұмыс істейді. Еңбекқорлығы мен тиянақты жауапкершілігінің арқасында музейдің қор бөлімінде ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, содан соң музей директорының орынбасары қызметтерін атқарады. Өлке тарихына қатысты құжаттарды жинақтауға үлес қосады. Жәдігерлер туралы республикалық, облыстық газеттерге мақалалар жазады. Музей мен БАҚ арасында байланыс орнатады. Кейін мемлекеттік қызметке тест тапсырып, 2015 жылдың 5 қаңтарында сол кездегі облыстық мәдениет басқармасына қызметке қабылданады. Облыстағы музейлер мен кітапханалар ісін қадағалайтын бас маман болып тағайындалады.

ff90fbc2-463b-4c23-a0dc-36e8d1aff280

Мәдениет – мәңгі, өнер – өміршең

– Басқармаға қызметке қабылданған кезде жылдың басы болған соң аудандардың мәдениет саласы бойынша есеп беретін кезеңіне дөп түстім. Музейде кешкі сағат 18:00-ден кейін қызметкерлер үйлеріне тарайтын. Ал басқармада аудан-ауылдардан келетін құжаттарды түгендеп, есептерін тіркеп, түнгі сағат 21:00-22:00-ге дейін қағазбен отыратынбыз. Қызым Наргиза бастауышта оқыса, ұлым Айдар балабақшада еді. Жұмыстан кеш шыққанда кейде жұбайым ренжитін. Кейін ол түсіністік танытып, ата-енемнің қолдауымен өз саламды жетік білуге дағдыландым. Мен іссапарға баратын болсам, балалардың қасына мамам (енем) келіп бағысатын. Кейін жұмыс кестесі реттелді.  Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының жұмысы көп жағдайда көрінбейді. Ұлым кішкентай кезінде «Анашым, осы сіз кім болып істейсіз? Мысалы, тігінші киім тіксе, оның жұмысы көрінеді. Аспаздың жұмысын пісірген тамағынан көруге болады. Ал сіз ше?» деді. Сол кезде ойланып қалдым. Басқарманың басты міндеті – мәдениет саласында мемлекеттік саясатты жүргізу, облыстағы әр түрлі деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастырып өткізу, барлық мәдениет мекемесінің жұмысын қадағалау. Бір сөзбен айтқанда, мәдени іс-шараларды үйлестіріп, жасалған жұмыстарға талдау жүргіземіз. Мәдени нысандарға күрделі жөндеу жүргізу, жаңадан салу, мекемелердің материалдық-техникалық әлеуетін нығайту, қызметкерлердің еңбекақысын көтеру секілді мәселелер бойынша тиісті құрылымдарға хат жазып, шешу жолдарын жолдаймыз. Осы секілді көзге көрінбейтін көптеген жұмыс облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов бастаған мекеме қызметкерлерінің ұйымшылдығының арқасында тиісті деңгейде атқарылып келеді. Өмір деген керуен десек, сол жолда өнер мен мәдениетті, рухани қазыналарымызды болашақ ұрпаққа бар болмысымен жеткізу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүзеге аса береді, – деді Гүлмира Жоламанқызы.

«Жауапкершілік жүгін терең сезінеміз»

Кейіпкеріміз бос уақытында іс тігіп, кітап оқиды екен. Сондай-ақ ол күн сайын таңмен ерте тұрып, бес шақырым жүгіруді әдетке айналдырған. «Run_kz» жүгіру клубының мүшесі. Ұлымен бірге бірнеше мәрте спорттық додаға қатысып, жеңімпаз-жүлдегер атанған кездері де аз болмапты.

–   Мемқызметші, алдымен, мәдениетті, яғни адамдарды тыңдай алатындай ішкі мәдениеті жоғары, мінезге бай болуы керек. Кіммен сөйлессең де аузыңнан шыққан әр сөзіңді ой елегінен өткізген соң айту қажет. Жұмыс барысында кабинетіңізге жеке мәселесімен түрлі мінезді тұрғындар келуі мүмкін. Біреуі долданып, айқайлап келеді. Сондай кезде «Келіңіз, отырыңыз! Сіз қандай мәселемен келдіңіз? Шешу жолдарын бірге қарастырайық!», –  деп сабасына түсіресің. Содан соң келу себебін анықтайсың. Бәріне бірдей мәселеңізді шешемін деп, өтірік уәде бермеуге тиіссің. «Заң аясында шешу жолдарын қарастырамыз», – деп ұсыныстарыңды айтасың. Зиялы қауыммен, өнер адамдарымен, қоғамдық пікір тудыратын блогерлер дөңгелек үстелдерде басқосқанда, олармен ортақ тіл табысу да өнер. Сұрақ қойғанда жауап таба алмай, еңсең түсіп қалмасын десең, өз салаңды жетік білуің маңызды. «Бұл сұраққа жауап бере алмаймын немесе басшы жауап береді» десең, тағайындалған қызметке лайық болмағаның. Еңбек етіп жүрген салаң бойынша қойылған сұрақтарға нақты жауап беріп, мақсат-міндетіңді, қызметіңді жауапкершілікпен атқарсаң, сені ұжымың да, сала басшылары да, халық та сыйлап, құрметтейді. Біз, мәдениет саласының қызметкерлері жауапкершілік жүгін терең сезінеміз, – деді Гүлмира Жоламанқызы.

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале