20.05.2025, 16:15
Оқылды: 104

Майдан шебінде шегінбеген

1944 жылдың шілде айының басында Кеңес армиясы Литваға аяқ басып, партизандармен бірге осы елді неміс-фашистерінен тазартуға кірісті. Бұл кезде гвардия лейтенанты Сәрсен Қалахов  58-гвардиялық Севастополь атқыштар полкінің бірінші дивизионында саяси жетекші болатын.

WhatsApp Image 2025-05-20 at 16.42.33

С. Қалахов сол кездегі бұрынғы Тайпақ ауданында 1910 жылы дүниеге келген. Соғысқа дейін №450 ет кеңшарында (бұл шаруашылық кейін №127 жылқы зауыты, «Орал» қаракөл кеңшары атанды) еңбек етті. Еті тірі жігіт еңбектің қай саласында болмасын өзін елгезектігімен, пысықтығымен көрсете білді.

Соғыс  адамды ерте есейтеді. Сәрсен Қошанұлы да майдан өміріне шапшаң бейімделді. Әр ұлттың өкілдерімен тез тіл табысатын бауырмал болды. Басшылық оның осы қасиетін байқап,  майданда саяси жетекші қызметіне тағайындады.

Әуелі Сәрсен Оңтүстік майдандарда шайқасты. Қырымды жаудан азат еткеннен кейін оның бөлімшесі Литваға барды. Мұнда ол жаумен Швянтойи өзені жағасында беттесті. Одан кейін төрт ауданды дұшпаннан азат етуге қатысты. Соғыс шығынсыз болмайды. Жау қарсыластың негізгі нысаны ретінде зеңбіректерді жиі атқылайтын. Мұндайда артиллерияны жетік білетін саяси жетекші С. Қалахов расчет мүшелерінің орнына өзі тұратын болған.

Қысқасы, ол майдандас серіктерін жалынды сөзімен де, ісімен де Жеңіске жігерлендіріп отырған. Әсіресе, 1944 жылғы тамыз айының екінші жартысында Литваның Шяуляй қаласын азат ету шайқастарында ерекше көзге түсті. Осы ерлігі үшін гвардия лейтенанты Сәрсен Қошанұлы 1944 жылы 12 желтоқсанда №2 гвардиялық армия командованиесінің бұйрығымен Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды. 1944 жылғы 5 қазанда Кеңес армиясы Литваны неміс-фашистерінен толық азат етуге шабуылға шықты. Зеңбірекшілерге дұшпанның Дубисе өзенінің жағасындағы бекінісін атқылап бұзу тапсырылды. Бұл тапсырманы С. Қалаховтың бөлімшесі ойдағыдай орындады. Бұдан кейін артиллеристер Кражанта және Юра өзендерінен Кеңес сарбаздарының өтуіне зор еңбек сіңіріп, ерлік көрсетті. С. Қалахов бастаған жауынгерлер Клайпеда өлкесін дұшпаннан тазартуда да жанқиярлық танытты (фашистер оны 1939 жылы наурыз айында тартып алған еді). Екі аптадан кейін Кеңес әскерлері ұрыс сала отырып, мемлекеттік шекараға жетіп, одан кейін дұшпанды өз үңгірінде талқандау үшін Шығыс Пруссияға басып  кірді.

Гитлершілдер «алынбас қамал» деп даурыққан Кенигсбергке шабуыл басталды. Кенигсбергті алу жолындағы сұрапыл шайқас кезіндегі ерліктері үшін саяси жетекші, аға лейтенант Сәрсен Қалахов Қызыл Ту орденімен марапатталды.

Сәрсен Қошанұлы туған елге капитан шенінде Жеңіспен оралғаннан кейін Тайпақ ауданының «Орал» қаракөл кеңшарында есеп қызметінде болды. 1978 жылы шілде айында майдангер дүниеден өтті. Қарауылтөбе ауылында жерленді. Бүгінде немересі Марс Жүсіпұлы жұбайы Гүлзада майдангер атамыз ғұмыр кешкен қара шаңырақтың түтінін түтетіп отыр. Сондай-ақ олар басқа ағайындарымен  де  жақсы  араласады.

Литвалықтар да туысқан қазақ халқының сайыпқыран ұлдарының бірі Сәрсен Қалаховтың есімін қастерлеп, есте сақтап келеді. Оған Клайпеда қаласының құрметті азаматы атағы берілген. Шяуляй қаласындағы бір көшеге Сәрсен Қошанұлы Қалаховтың есімі берілген. Ол Вильнюс қаласындағы №37 орта мектептегі әскери даңқ музейінің құрметті төрінен де орын алған. Осы Вильнюс қаласындағы №37 орта мектептің «қызыл ізшілері» Сәрсен Қалахов туралы деректерді КСРО Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатынан тауып алған. Мен Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі қызметін атқарғанда, 2014 жылы аталған мектептегі мұражай жетекшісі, Литваның еңбек сіңірген мұғалімі П. Фролов маған хат жазған. Сәрсен ағаның ерлігі туралы жоғарыда баяндалған дерек-дәйектерді хабарлап, менен отбасы туралы сұрастырды. Мен оған зор ризашылықпен алғыс айтып, жанұясы жайында ақпараттар  ұсындым.

Ғиззат Ихсан,

еңбек ардагері,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале