Ұлы Отан соғысының ардагері Анастасия Федоровна Чегнахаева 104 жасқа толды. Анастасия Федоровнаның Орал қаласындағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығын мекен еткеніне көп бола қоймаған. Ұл-қыздары Ресейде тұрады.

Ал қарияның өзіне ыстық мекеннен жыраққа кеткісі жоқ. Жеңісті жақындатуға үлес қосқан майдангер қарияға әлеуметтік орталық қызметкерлері тік тұрып қызмет етіп жүр. Ғасыр жасаған кейуананы бұл күні облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз құттықтап, облыс әкімінің атынан сый-сияпат табыстады. Сондай-ақ Орал қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестік өкілдері де Отан үшін от кешкен майдангерді туған күнімен құттықтады.
– Біздің клуб белгілі тұлғаларға арнап, үш кітап шығарды. Соның бірінші томы Отан соғысының куәгерлеріне арналған. Біз майдангер ананы мерейлі 104 жасымен құттықтай келдік. Бүгінгі бейбіт өмір сүруімізге үлес қосқан Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің алдында біз әркез қарыздармыз. Қазіргі таңда Анастасия Федоровна – облыста қалған саусақпен санарлықтай 9 майдангердің бірі, – деп сөзін сабақтаған «Ақжайықтың асыл арулары» клубы кеңесінің төрайымы Гүлназ Құлжанова майдангер қарияның иығына қазақы дәстүрмен ақ орамал жауып, сый-сияпатын табыстап, құрмет көрсетті.
Анастасия Федоровна Орынбор облысы, Тепловский (қазіргі Первомайский) ауданындағы Шапталов совхозында 1921 жылы 1 мамырда дүниеге келген. Ол жастайынан жетім өседі. Анасы ерте өмірден өтсе, әкесі репрессияға ұшыраған. 1938 жылы Орал қаласына қоныс аударады. 1942 жылы шілдеде Қызыл әскер қатарына аттанып, Қиыр Шығыста 34-ауыр бомбалаушы авиация дивизиясында байланысшы (радиотелефон қызметкері) болып қызмет етті. 1945 жылы 9 тамызда КСРО мен Жапония арасындағы соғыс басталған кезде ол Владивостоктан қазіргі Южно-Сахалинскіге дейінгі теңіз жолындағы шайқастарға қатысты. Қатты дауыл кезінде радио сынып, су шайып кете жаздады. Радиостансалар снарядтар мен бомбаның астында қалды. Соған қарамастан, ең құнды ақпараттар бергені үшін Анастасия Федоровна I дәрежелі Отан соғысы орденімен және «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. Соғыстан кейін елге оралып, 1662-1982 жылдар аралығында есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған мектепте бастауыш сыныптарда мұғалім болып қызмет етіп, сол жерден зейнеткерлікке шыққан.
Әскери оркестрдің орындауындағы майдан жылдарындағы әндерді тыңдаған кейуана өзіне сый-құрмет көрсеткен жандарға шексіз ризашылығын білдірді.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»