14.06.2022, 10:00
Оқылды: 127

Майдангер ақын мұрасы

Соғыстан соңғы жүдеу жылдар. Мектеп есігін аша қоймасам да, есімді біліп қалған баламын. Қазіргі Тасқала ауданында кезінде Киров атындағы шағын колхоз болды. Осы еңбек ұжымынан майданға қырық жігіт аттанса, он шақтысы ғана оралыпты үйлеріне. Бұл үлкендерден естігеніміз ғой. Мен үйлену тойын тұңғыш рет 1947 жылы көрдім. Соғыстан аман-есен оралған ауылдас азамат көрші №500 совхоздан бұрыннан уәделескен қалыңдығын алып келді. Көптен тойдың не екенін ұмытқан қамкөңіл жұрт бір көтеріліп қалды. 

IMG-20220614-WA0003

Дастарқан мәзірі тапшы болса да, шаттықта шек жоқтай. Содан көрші Чапаев ауданы жақтан келген той қонақтарының бірі ән шырқай жөнелді:

Ай нұрлы, сұлу жүзді поляк қызы,

Мөлдіреп қарақаттай екі көзі.

Жігіттің өр жүректі ішін тартар,

«Паң» деген ерке назды, сұлу сөзі,– деп аңыратты дерсің.

Үй таршылық еткендіктен, той дастарқаны сыртта, кеңістікте жайылған болатын. Біздерге, балаларға орын қайдан тисін – алысырақтан мойын созып, тамашалаудан жалығар емеспіз.

Жиналған жұртты елең еткізген тамаша ән былайша аяқталды:

...Мен  сонда ескерермін поляк қызын,

Ақтық сөз, ақтық сүйіс, айтқан сөзін.

Жазушы Әбекешев мен Иманбай,

Су кешіп, оттан аттап жүрген кезім.

Сол сәттен бастап «Поляк қызы» ауылдан асып, аудан көлеміне тарап кетті. Тіпті Қазақстан аумағына мәлім болып, кезінде Алматы сахнасынан да шырқалды. Иманбай Әбекешевтің өлеңі арқау болған бұл әнді біздің ауылдағы үлкендер той-томалақтарда осы бертінірікке шейін  әуелетіп  келді.

Арада қырық жылдай уақыт өтті. Өмірге буын-буын ұрпақ келіп, алдағы ұрпақ буын-буын болып бақиға аттанып жатты. Содан анабір жылдары халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы құрыла бастағанда, белсенділер тобындағы Роза Иманбайқызы Әбекешева қарындасыммен танысудың сәті түсті. Елең еттім. «Поляк қызындағы» өлең жолдары санамда сайрап қоя берді. Роза майдангер ақын Иманбай Әбекешевтің «арпа ішінде бір бидай» жалғыз қызы боп шықты. Ақындар тұрағы жерде емес, көкте болатындай көрінетін еді біздерге. Сөйтсек, Иманбай аға халық арасында ғұмыр кешіп жатыр екен. Пединститутты тәмамдап, ұзақ жыл бойына мұғалімдік қызметте болып, зейнет демалысына шығып, Орал қаласына қоныс аударыпты. Қалам ұстаған қауым бір-бірін біліп шығады ғой. Келе-келе Иманбай Әбекешұлымен тонның ішкі бауындай жақындасып кеттім. Өлеңдерін мерзімді баспасөзге ұсынатын болдым. Тұңғыш «Шалқар» өлеңдер кітабының тұсаукесеріне қатысып, пікір білдірдім, ақын ағаның 70 жылдық тойының қонағы болып, арнау өлеңімді оқыдым. Иманбай аға мен белгілі композитор Әшір Молдағайынов тығыз шығармашылық байланыста болды. Төрт-бес әдемі ән дүниеге келді. Оларды күміс көмей әнші Жұмағаным Рахимова сахнадан шырқады. Сол бір кездер Иманбай Әбекешұлының бақытқа кенелген тұстары еді. Ол жасарып кеткендей болып, ақ қағазға жыр жолдарын тізді. Жаңа кітабын баспаға дайындауға кірісті. Өкініштісі сол, майдангер ақынның «Жеңіс жырлары» кітабы қайтыс болғаннан кейін, 2005 жылы жарық көрді. Роза Иманбайқызының өтініші бойынша кітаптың алғысөзін жазып, аға алдындағы інілік борышымды өтегендей болдым. Кітаптың тұсауы кесіліп, оқырмандарға жол тартты.

Өмір-өзеннің ағысы тоқтай ма? Айлар ағып, жылдар жылжып жатыр. Сұрапыл соғыста «су кешіп, оттан аттаған» ұрпақ фәнидегі істерін тәмамдап, бақиға мәңгілік тұрақтады. Немере, шөбере, шөпшек өмір сахнасына шығып, ата-бабалар ізін жалғастыруда. Міне, жиырма бірінші ғасырдың бірінші ширегі де аяқталуға жақындады. Заманның келбеті өзгеріп жатыр. Қалай болғанда да, ұрпақтар сабақтастығы үзілмеуде. Кешегісіз бүгін, бүгінсіз ертең бар ма?.. Міне, бабалар қалдырған сара жолға қайта оралып жатырмыз. Жоғалтып ала жаздаған құндылықтармен қайта табысудамыз. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран» десек, майдангерлер атқарған жанқиярлық істер кейінгі буынның жадынан өшпеуі тиіс. Бұл бағытта «қаламмен жазылғанды, балтамен шауып кетіре алмайсың» деген қанатты сөздер ойға оралады.

Ұлы Жеңістің 76 жылдығы құрметіне орайластыра шыққан Иманбай Әбекешевтің үшінші кітабы «Шежірелі Шалқарым» деп аталады. Кітаптың алғы сөзін филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр жазған. Кітапта майдангер ақынның қиянкескі ұрыста жүріп жазған және бейбіт өмірде қағазға түскен өлеңдері топтастырылған. Сондай-ақ автордың мерзімді баспасөзде жарияланған мақалалары, шежірелік тұрғыдағы жазбалары, ұрпақтары мен замандастарының естеліктері, эпистолярлық жанрдағы дүниелерге де орын берілген. Жақында оқырмандар және зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен кітаптың тұсауы кесілді. «Шежірелі Шалқарым» кітабы жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуге қызмет ететін болады деп толық  сеніммен  айта  аламыз.

Айтқали Нәріков, 

ақын, Қазақстан Жазушылар  

одағының мүшесі

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале