Қан майдан қалың елдің қабырғасын қайыстырды. Сұрапыл соғыста қолына қару ұстап, Отанын қорғауға аттанғандардың қатарында Мұғалім Абаков та болды.
Ардагер 1924 жылы 20 қазан күні Тасқала ауданы Ақтау ауылында өмірге келген. Ақтау ауылы кеңестік кезеңде «Қызыл Маяк» совхозы атанған. Абаков 1942 жылы 17 жасында әскерге алынған. Майдангер 163-ші жаяу әскер полкында қызмет еткен. 1943 жылы майдан даласында жарақат алған соң, елге оралған. Жауынгер І дәрежелі «Отан соғысы» және «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Соғыс жылдарынан кейін Мұғалім Абаков «Қызыл Маяк» кеңшары пошта бөлімінің басшысы қызметін атқарды. Бейбіт өмірде еселі еңбек еткен азаматқа «Тың жерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медальдары берілді. Соғыс ардагері 30 жылдан астам уақыттан бері Орал қаласында тұрады.
Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.
zhaikpress