Елбасы, Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын оқи отырып, қуандым әрі ұялдым.
Қуанышымның себебі, көне жылнамалардан бастау алатын тамыры терең төл тарихымыздың, ұлтымыздың ұлы жетістіктерінің ХХІ ғасырда қайтадан жаңғырып, тың көзқараспен байытылып жатқаны болса, ұялғаным ата-бабамыздың тарихи сананы жаңғырту мәселесінің күн тәртібінде тұрғаны болды. Жасыратыны жоқ, менің кейбір замандастарым әлемдік футбол жұлдызының немесе шоу бизнес өкілдерінің есімдерін, олардың өмірбаяны мен табысқа жету сырын жақсы білгенімен, қазақтың хандары мен батырларының, билері мен шешендерінің өмірі мен ерлігі туралы бейхабар. Атқа отыра алмайтын, домбыра шерте алмайтын, тіпті, өзінің жеті атасын айтып бере алмайтын жастар да бар арамызда. Жоғары білімді, бірнеше тілді меңгерген қала қазағының дала қазағының тарихын білмеуі алаңдатады.
Елбасы өзінің мақаласында тарихи сананы жаңғырту, тегімізге қайта оралу, өткенімізді қадірлеу мәселесін көтере отырып, өскелең ұрпаққа салмақты ой тастап отыр. Төл тарихымызға оң көзқарас жастардан бастау алуы керек. Тарих пен дәстүр – бір-бірінен ажырамайтын егіз ұғымдар. Сондықтан, ұлттық салт-дәстүрді біліп, құрметтеп қана қоймай, оны күнделікті тұрмыста кеңінен қолдану, туған жердің тарихымен танысу, зерттеп-зерделеумен қатар оны өзгелерге дәріптеу біздің, яғни жастардың еншісінде. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында жеті бағыт бойынша алда тұрған мақсат-міндеттерді нақтылап берді. Түсіне білген адамға қазақ үшін киелі жеті санын таңдауының өзінде үлкен мән-мағына жатыр. Бұл жастарға үлкен серпіліс, жігер және бағдар берген мақала деп санаймын.
Оңдасын МҰҚАШЕВ,
Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың
политехникалық факультетінің 2-курс студенті