21.06.2022, 11:02
Оқылды: 390

Мақсат Тәж-Мұрат: «Ерлiкке әрқашан орын бар»

«Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» деп Қасым ақын айтқан алапат соғысқа биыл  –  77  жыл.  Осы  орайда белгілі эссеист жазушы Мақсат Тәж-Мұратқа хабарласып, соғыс тақырыбында жазылған алғашқы туындысы  –  Мәншүк Мәметованың 100 жасқа толу мерейтойына орай әзірленген кітабының жайын  білген едік.

максат таж-мурат

Суретте: Мақсат Тәж-Мұрат

– Ал, Мәке, ахуал нешік?

– Бір әнші қызымыз айтпақшы, өте жаман емес. Соррентодан сәлем дейін десем, Қаскелеңде жатырмын ғой. Бұрын «тунеядец» деуші еді, қазірше әліптегенде фрилансерміз.

– Жай жатпай, жазу үстелінің үстінде шапқылап жатыр деп естиміз. Батыр апамыз жайлы бір кітап пештен жаңа шыққан таба нан сияқты алдымызға келмекші екен, ұзағынан болсын!

– Айтсын. Толғағы ащы болды десем, артықтау болар, дегенмен  бүгін қарап отырсам, осы тақырыпқа өткен ғасырдың өзегіндегі 80-жылдары-ақ ауаланған екенмін. Менің алғашқы мамандығым – «труженик газеты» ғой, білетін боларсыз, Есақа?

– Білгенде мен білейін де оны. «Журналист деген қара нар, аздау бірақ гонорар» деген сөз екеумізге әбден қатысты ғой.

– Сол журналистік жолдағы тәу іссапарым Ордадан басталған екен. 1983 жылы қыста сондағы атақты музейге келдім. Журфакты бітіріп жатқан кезім, диплом жұмысым – «Қазақстан» газетінің тарихы жайында материал жинамақпын. Жетекшім – Мамытбек Қалдыбеков, «Сонда барғын, ырғын дерек бар» деп болмай жіберген, келсем бір беттен басқа дым да жоқ. Ол кезде музейдің директоры марқұм Темірболат Махимов. Сол кісінің рұқсатымен төменгі қабаттағы музейге түсіп, жиналған материалдарды қарадым. Бір қор Мәншүкке арналған екен. Батыр апамыз жайлы сонау 50-жылдардан бастап жарияланған мақалалардың библиографиялық тізбесі, Ғұмар Зарипов сияқты біліктілер қалдырған түпдеректік мәліметтер. Тізбесін көшіріп, жазып алдым. Кейін Мәншүк жайында кітап жазбақ болып, Ұлттық кітапханадағы элек­трон қорды қарағанымда, әлгі тізбедегі көптеген материал онда болмай шықты.

Содан Орал өңіріне араға үш жыл аралатып қайта келдім. Колбиннің тұсында «аға газеттің аудандық газеттерге көмегі» дейтін науқан болды, соның дүмпуімен «Социалистік Қазақстаннан» Жалпақтал (Фурманов) аудандық газетіне жіберілген көмекшімін де. Арасында Оралға соғып тұрамын. Бір жолы сондағы Мәншүк музейіне баруға ниетім кетті. Директоры Ұрқия Ершораева екен. Сол жерде маған жақсылап тұрып тарихтан сабақ берді апайымыз. Ап-май, осы күнге шекті Мәншүкті соншалықты жақсы білетін, яки соншалықты жақсы көретін адамды көрмедім деуге аузым барады.

Сүйтіп, Мәншүк хақында советтік мифологиямен әуейі боп, аспанда «Байрақтар» не «Свичблейт» сияқты қалықтап жүрген мен енді қара жерге түскендей болдым. «Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» демекші, Алматыға оралғасын Мәриям Хакімжановаға хабарластым. Апай сырқаттанып жатыр екен, сонда да телефонмен біраз әңгіме айтып берді. Ол кісі 1932-1934 жылдары «Әйел теңдігі» журналында Әмина Мәметовамен бірге қызмет атқарған ғой, содан бастап екеуі дос-жар боп кеткен. Еркек қозының маңырағаны сияқты жуандау қоңыр дауысты адам екен, әңгімені тамылжытып, көркем кестелеп айтады. «Алғаш Мәншүкті көшеде, Ахмет пен Әминаның ортасында тұлымшағы желбіреп, қарғып-секіріп келе жатқанында көрдім» дегенінде жерге «окончательно» түстім ғой, ал «Бір күні редакцияға келсем, Мәншүк үстелдің астынан бантигі селтиіп «Баһ!» деп атып шықты, зәрем ұшып құлап қала жаздадым» дегенін естіп, жүрегім елжіреп кетті. Сол елжірегеннен әлі елжіреулі...

Қазір әлгі адамдардың біреуі де жоқ, Құдай меншігіме бұйыртқан мезгілдер екен ғой, қарап отырсам. Әлбетте, Ұлытаудың басына шыға алмай, қасынан қайтқандай болдым, бірақ сол жылдар бір нәрсені – Мәншүк Мәметованың тағдырлы өмір жолы оң жамбасыма жығылып тұрғанын сездірген секілді. Сездім деп те, сезбедім деп те түйіп түсуден аулақпын, десе де сондай бірдеңе болды. Сондадағы ұзақ уақыт бұл тақырыпқа жолай алмадым. Оның бірінші себебі, әлгі жылдары жазушы Мереке Құлкенов Мәншүк жайында үлкен бірнәрсе – сірә, көркем шығарма жазбақшы боп дайындалып жүрді. Әмина апаймен, Мәншүктің Фаузия құрбысымен, тағы да басқа көз көрген адамдармен кездесіп, әңгімелерін жазып алды. Бірақ сәтін салмады ма, әйтеуір бір эссе-мақаладан өңге ештеңе бермеді. Сонда да жазушылықтың әдебіне салып, ағамыздың алдын орамайын деп күттім, болмағасын ғана кірістім. Екіншіден, жазушылықта тақырып көкіректе ұзақ жыл жатып, тап болып пісетін «түйе толғақ» жағдай да кездеседі. Мысалы, шығарманы тез жазып тастайсың, ал бірақ оның көкірегіңде неше жыл жазулы хаттай болып мәністеле сызылғанын тап басып айту мүмкін емес. Уақыты келгенде ғана алға тартылған сыбағалы табақтай еріксіз бой ұсындыра береді. Ердің жасы елуді белінен бір бүктеп, алпысқа жасты шегелеп, қазақша қайырғанда «Хватит работать на дядю!» деп алып, «Абай да қырықтан кейін жазған ғой» деп және үстеп, құйрық-жалды шарт түйіп, жазу үстеліне алаңсыз отырған бертінгі жылдары ғана Мәншүк туралы кітабымның сағаты соқты десем, қателесе қояр ма екенмін. Шардақ тартсақ та шау тартпаған сияқтымыз – қалай болғанда да, жылына бір роман беріп отырған Ілияс Есенберлинге, үш жылда үш өлеңді роман – қырық мың жол жазған Әбулақаптарға ілесе алмасам да, соңғы жеті жылда «жетіжылдық жоспарды артығымен орындап», бес мың жолдай жазып тастаппыз, қалжамызға қарамай. Менің жазушылық бағытым – не жазсам да адамды, оның тағдырын жазу, дәлірегі, тарихты адам тағдыры арқылы зерттеу, мұны ғұмырнамалық, персоналистік эссе дейді, ал қаламгерлік кредом – белгілі бір тақырыпқа телініп қалмау, соны, тіпті бір жанрды тұяқкешті қып малшылай бермей, тақырыпты, соған сай тональдылықты өзгертіп отыру. Сонда сөз өзінен өзі құйылып келе бастайды. Айталық, әлгі жеті жылда атақты жас әншіміз Димаш Құдайберген жайында дырау кітап жазып бітірдім, оған бес жыл отырдым, бұл мен үшін рекорд, ал Мәншүк кітабыма не бәрі біржарым ай уақыт кетті, бұл енді – антирекордым. Бәрі де зейін қуатыңды қаншалықты сарп етуіңе байланысты болар. Идея айналаңда қаңғалақтап жүреді, іштен бір кернеу кернейді, әлгі кернеу бүткіл зейін қуатыңды меңгеріп алады. Өнердегі шабыт дейтініміз осы шығар. Мәншүкті жазғанымда сондай бір алапат кернеу болды. Әруақ көтерген болуы... Әйтпесе, әдетте қос малтаны көже қатыққа үш күн езетін алдыңыздағы пендеңізді соншалық тез жазуға не бастап әкелуі мүмкін?! Керек десе, кезінде менің соғыс жайлы білім-білігім әлгі балықтың аспанда ұшуды армандағаны сияқты болымсыз бірдеңетұғын – майдан тұрмақ, тіпті екі жыл солдат болып, саусылдап сапқа тұрып көрмеген адамның верболизмге салып, соғыс психологиясын, майдан диалектикасын, қарасуық-қатқақ «окоп шындығын» беруі, не десе де оңай шаруа емес. Соғысты жазғаннан кейін, оған баға беру керек. Ал өзіңнің моральдық құқың жоқ нәрсеге қалай, қандай баға бермексің?! Мәншүк – кие. Ал киеге, киеліге баға берер алдында сен алдымен әлгі киені өлшеу, мизан-шеккі қылып өзіңе өлшеп көруің керек...

WhatsApp Image 2022-06-21 at 11.45.03

Суреттің дереккөзі: stan.kz

Оның үстіне менің алдымда көп фактіні, жағдай-жағдаятты ой елегінен қайыра өткізіп, пісенттеп-пысықтап, жаңа тұрғыда тұрып пайымдау міндеті тұрды. Бір қолымда қалам, екінші қолымда жітайна (лупа), әр деректі қадағалап, әр сөзді төңкеріп қарап отырғандай едім. Әйтеуір түбі хайыр, сірә, авторды бас кейіпкер өмір сүрген тарихи мезгілге қарай кері аударып жіберетін контрамоция қозғалысына іліге алсам керек.

– Жаңа «Айналамда қаңғалақтап бір идея жүрді» деп қалдың. Құпия болмаса, сол не идея?

– Түк құпиясы жоқ, айтайын. «Атақты үкімет береді, абыройды халық береді» деп Қадекең (Қадыр Мырза-Әли) айтпақшы, Мәншүк есімі қашанда ұлықтаудан да, құрметтелуден де кенде болған емес. Қазақ халқы, сонымен бірге басқа халықтардың өкілдері де, батыр қызын шын жүрегімен жақсы көрді және көріп те келеді. Оған мыңдаған сіңлісінің Мәншүк деген абыройлы бренд-сөзді өздеріне ат-есім қылып тағынып отырғаны бір куә. Осыншама уақыт даңқ пен құрметке үздіксіз, үзілмей бөлену – ең ұлығ бақыттың бірі. Сонымен бірге Мәншүкті ерлік ісі жазып қалдырылуымен де нағыз бақыт иесі батыр деу жөн. Иә, бұл жағынан алғанда да ол арманда емес. Басына ұрып санаған кім бар дейсің, дегенмен, менің консервативтік есебім бойынша Мәншүк жайындағы материалдардың саны шамамен 600-ге жуықтайды. Көбісі түпдеректемелерге және кезінде онымен, отбасы мүшелерімен тонның ішкі түгіндей араласқан адамдар жазып қалдырған, яки ауызша айтудан аутентті құралдарға түскен жадығаттар.

Осы тұрғыдан келгенде қазірге дейін Мәншүк Мәметованың толық ғұмырбаяны жасалды деп санауға әбден болады. Жазу, соның ішінде естелік жазып-айту әркімнің көңіл талғамына байланысты нәрсе ғой, соған сай әлгі жадығаттарды үш-төрт тармаққа бөлуге болар. Ашалап айтсақ, оның біріншісі – архив деректері және артық бояусыз, дәлдікпен берілген естелік әңгімелер. Екіншісі – Мәншүкке деген қалтқысыз адал, қалтарыссыз ашық көңілден, үлкен де шынайы жақсы көруден, ғажаптанудан туған және соған сәйкес пікірді, ойды көркем тұлғалауға бейім мемуарлық және очерктік новеллалар, өлең-жыр, дастандар. «Строчи, пулемётчик, за синий платочек» деп келетін сергітпе мантраның шеңберінен шыға алмай қалғандары да аз емес. Іштерінде білгенін оқыған «молдалар» да, кейде Мәншүк атын малданып, тақырыпты төске салып таптап өте шыққандар да болмай қалған жоқ. Бұлар ештеңе емес, ең қиыны – беделден береке жинамақ болып, Мәншүкті көзбен көргендей, бірге соғысқандай жазып-сызғандар. «Аңшыға асырып айту айып емес, өтірік айту айып» демекші, асырып айтса ештеңе емес, бірақ әлгілердің кейбіреуі әңгімені Тазша баладан өткізіп соғады ғой. Сөйтіп, жүре-бара әу басқы пропагандалық штамптармен шалаптанған «жалпы мақтау – түгел өтірік» (Өтежан Нұрғалиев) бір нәрсені қайталап айта бергеннен сәні кететін татымал шындықпен тұтасып, күрегейлене кеп, «Мәншүк Мәметова» деген сөз айтылса болды, орта мектептің әдебиет бағдарламасы қолдан қалып қиып, әбден сүргілеп тастаған сана дереу белгілі бір образды көз алдыға әкеп тарта қоятын рефлексия пайда болды. Екінші сөзбен айтқанда, адамның жеке өмірбаянынан оның образдық  биографиясы озып кетті. Осы бір идеологиялық қалып 70 жыл бойы еш қырғы тигізбей тұрды. 1980 жылдар соңында, кеңестің жағасы жыртыла бастаған сәттен бастап қана бірқатар автор өздеріне дейінгі бұл тақырыпты бастандырып, кеңейтіп қалыптастыруда алғашқы қадамдар жасады. Соның аршындысы – Мәншүктің майдандас сырдескі құрбысы Александра Прокопенко мен оның жұбайы Әкентай Халимулдиннің қаламдарынан қорытылып шыққан «Мәншүктің жұлдызды сәті» дейтін өмірдеректік кітап. Онда Мәншүкпен бір жертөледе тұрып, баспана мен асты бөліскен Александра жеңгеміз батыр құрбысы жайында бізге құнды мол дерек ұсынып қана қоймай, жалпы оның майдандағы өмірін мөлтілдетіп, дәл де әсерлі жеткізген. Әдебиеттанушылардың тілімен айтқанда, характер шындығын берген.

Одан кейінгі ауыз толтырып айтарлық дүние – журналист Гүлзейнеп Сәдірқызының 1990 жылдар өресінде «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған ашылым-жаңалықтарға толы зерттеу мақалалары. Айн момент, Мәншүктің сіңлісі Айман Мәметова мен оралдық қаламгер ағамыз Тихон Әліпқали бірігіп шығарған «Мәңгілікке маздаған қыршын ғұмыр» кітабын да тұшына оқисың, бұл – осы тақырыпта Невель сапары негізінде жазылған тревелбук.

Бұлардың барлығы да көзбен көрген нәрселерге негізделген, арасында құжатпен шегелеп тұрып жазылған туындылар бар, сондадағы, – Есақа, құлағыңызды бертаман әкеліңізші, сыбырлап айтайын, – сондадағы, Мәншүк жайында оқып отырғанымда мен жазған әйтеуір бірдеңе жетпегендей еріксіз жұтынып қаламын. Ашығы, қоңылтақсимын. Сірә, мұның себебі бір Мәншүкке ғана байланысты болмас. Жалпы, біздің ғұмырнама түзу ісімізде жүйелік қателіктерге орын беріліп, соның салдарынан тарихымызда, уфологтарша байтсақ, танымсыз ұшақ-дәлеңкелер көбейіп кеткендігінде болса керек.

Дүние жүзінде, соның ішінде Батыста жағдай біраз басқаша. Әрине, оларда да әлі келетіні де, әлі келмейтіні де қызыл көргендей жабыса кетіп, тақырыпты сұйылтып ке­тетіндер жоқ дей алмаймыз, десекдағы еуроамерикандық өркениетке тиесілі елдерде кітапшыл талмудист тарихшылардан ой ойлайтын тарихшылардың басы молырақ болып келеді. Бұл жерде мәселе тақырыптың масағын қалдырмай, түгел айтуда, сол негізде мол мағлұмат беріп, терең сана қосуда ғана емес, гәп жүйелі негізбен зерттей білуде. Бұл жерде жүйе дегеніміз – бірінші кезекте адамға, тұлғаға ден қоятын интеллектуалдық тарих жасау. Мұны «жаңа тарих, жаңа тарихнама» дейміз. Мүбәда дүние тарихындағы жауынгер әйел-қыздардың өмірі жайында жазылған осындай жаңа көзқарастағы еңбектерге келетін болсақ, алдымен Д’Анн Кэмпбеллдің «Әйелдер шайқас үстінде: Екінші дүниежүзілік соғыс тәжірибесі» дейтін зерттеуін айту лазым. Сондай-ақ белорус жазушысы Светлана Алексиевичтің 2015 жылы Нобель сыйлығын алған «У войны не женское лицо» атты эссе кітабын айтамыз. Американ киноөндірісінің үздігі – «Солдат Джейн» фильмі де осы қатарда, онда Деми Мур америкалық алғашқы жауынгер әйелдің бейнесін шынайы сомдайды. Жоғарыдағы кітап­тар модернистік ыңғайға құрылған, яғни оларда өтірік жазу, ойдан қосу деген болмайды. Тақырыптың басын бас, бақалшағын қаратас қылып, шиқанын шығарып айтады, ал Алексиевич сынды эссеші қаламгерлер кейіпкерлер басындағы хал-күйді сөзбен жіліктің майындай ұйқастырып, тоғыстыра кеп, қан-тамырға, жұлын-мойынға түсіретін бөлекше жазу машығын табады. Соның арқасында зерттеу нысаны – кейіпкер тұлғаланады (персонификацияланады).

Алексиевич кітабы тап-таза инсайдерлік деректерге құрылған, ал мен де Мәншүкті көрген-білген адамдармен кең отырып әңгімелесерлік мүмкіндік болмады, себебі бұл тақырыпқа дендеп кіріскенімде әлгі адамдар бұл дүниенің жүзінде жоқ еді. Оны айтасыз, «күнде ертеңмен» жүріп, Айман апаймен де жүздесе алмай қалғаным нендей өкініш – апай бұрнағы жылы ковидтен қайтыс болып кетіпті. Сан соқтым да қалдым. Әсіресе, Мәншүк жа­нындай жақсы көрген Мәдина әжесіне (Әминаның шешесі), Жауһарға (Әминаның сіңлісі), Әжіғалиға (Әмина апайдың екінші ері) қатысты т. б. сұрақтарыма жауап ала алмай қапыда қалдым. Неге десеңіз, маған алдымен Мәншүк өмірінің көптеген авторлар басын аяғына келтіріп, былықтырып жіберген көмес тұстарын анықтап, сабанды тозаңнан тазарту, яғни бүткіл өмірдеректерді жүйелеп біріздендіру маңызды міндет болды. Сонда ғана терең талдауға, кеңінен мәністеуге жол ашылады.

Онан соң бұрынғы авторлардың қателігін қайталамау, назарды нәтижеге емес, процеске шоғырландыру ылғи да миымның бір бұрышын­да тұрды. Осылай еткенде пазл атаулы жиыла кеп бір арнаға сарқады, нәтижесінде фактілер өзара байланысқа түсіп, идеяға айналады. Кейіпкердің шын, шынайы өмірі, жасампаздық еңбегі, болмыс-бітімі мифологиядан аршылып, бөлек шығады. Жарқын сөздердің ар жағына жасырынған шын өмірімен кезігесің. Айдың, ондағы кратердің таса бетіне үңілгендей боласың. Мен үшін фактілерді өзара қабыстырған әлгіндей түпөзек идея – қолға алған тауарихтың отыз бүктеу, қырық қаттауында жасырынған мотив-себептерді ашып, салдарларды түптеу болды. Яғни Мәншүк майданға өз еркімен неге барды? Неліктен көре-біле тұра, өзін ажалға байлады? Неге ерлік жасады? Жалпы, адам неге айналдырған бірнеше минутта, тіпті қасқағымда көзсіз ерлік жасауға бел буады?

Бұған қандай жағдаяттар әсер етуі мүмкін?  т. б. сауалдар. Кітабымның аты да осы түп­өзек идеяға байланысты. «Қаһармандық анатомиясы. Мәншүктің мәлімсіз майданы» деп қойылды. Орысша нұсқасында – «Анатомия героизма. Неизвестная война Маншук».

– Жаңа «Мәншүк тақырыбы жазылудан кенде емес» деп қалдың. Дегенмен, бұл тақырып деректемелік жағынан төрт аяғы түгелденген бе, әлде «ақтаңдақтар» онда да кездесе ме?

– «Ақтаңдақ» жоқ, бірақ ақпараттық парадокс түріндегі біраз «бозтаңдақ» бар. Сырт қарағанда, қынаға бояғандай анық-қанық тарих, ал ішіне түсіп көрсең, білмекке құштар ашқарақ көңіл бірқатар сұрақтың қоршауында қалады. Мысалы, соңғы жылдары Мәншүктің ересектеу шағында Орда мектебінде оқығаны жайлы дерек шыға бастады. Бұған дейінгі мәліметтерде ондай сөз кездеспейді. Мәншүктің медицина институтында оқығаны жайлы да анық-қанық мәлімет жоқ. Қолда бар деректер рабфакта және  институттың даярлық курсында білім тиянақтағанын, одан әрі Наркоматқа жұмысқа орналасқанын көрсетеді. Бұған 1940 жылдан бастап үкімет қаулысымен ЖОО және орта мектептің жоғары кластары ақылы оқуға көшірілуі себеп болуы да мүмкін. Студент әр семестрге 200 сом төлеуі тиіс еді, ал ол кезде тәуір айлық 250-300 сомды төңіректегенін ескерсек, жұмыссыз студент үшін бұл едәуір ақша. Сол себепті оқуға түсіп тұрып, ақысын төлей алмай елдеріне қайтып кеткендер де аз болмаған. Сондай-ақ Мәншүкті қыз бала болуы себепті майдандағы әскерге алмаған деп келдік. Ал Алматы мединститутының музейі қызметкерлерінің айтуынша, Мәншүк малярия (безгек) ауруымен ауырғандықтан әскери қызметке жарамсыз деп табылған. Сырқаттың бұл түрі Еділдің Жәнібек (Ояң) өңіріне таяу аймағында жиі ұшырасады екен, мысалы, Саратов маңындағы Камышин жерінің тумасы атақты ұшқыш Маресьев маляриядан сарып ауруына ұшырап, әскерге шақырылмай, майданға біраз қиындықпен барған. Сондай-ақ Мәншүк құрамында болған 100-інші жеке атқыштар бригадасы қатысқан белгілі «Марс» әскери операциясының, – дұрысы, қырғынының, – материалдары архив құлпының астынан толық алына қойған жоқ. Батыр апамыз Невель жерінде екі рет жерленгені жөнінде мәліметтер бар, бірақ ол да мемуарлық-архивтік эвристика жүргізуді тілейді. Майданда Мәншүк сүйіп қалды дейтін Нүркен Құсайыновтың да өмірдерегі таптырмай отыр. Майдангер қазақ қыздарының тағдырларын зерттеп жүрген Дина Игісәтованың жазуынша, батырлық атаққа Мәншүкпен қатар 100-інші бригаданың бір медбикесі де ұсынылған, бәлкім содан атақ Мәншүкке кешіктіріліп берілген...

Міне, жауабын күтіп тұрған осындай-осындай бірқатар жағдай бар.

Есенжол  Қыстаубаев

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале