Қазіргі таңда адам құқықтары мен бостандықтары, азаматтардың сенімі, қоғамдық келісім, еліміздің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі прокурорлар қызметінің маңызды бөлігіне айналды. Бөрлі ауданы прокуратурасымен биыл 10 тексеру жүргізіліп, анықталған бұзушылықтар бойынша 36 қадағалау актісі енгізілсе, 28 тұлға тәртіптік, 17 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қабылданған шаралар негізінде мемлекеттік бюджетке 149 306 642 теңге өндірілді. Сонымен бірге 18 395 азаматтың құқығы қорғалып, 2 929 432 теңге әкімшілік айыппұл өндірілді.
Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта қоғамда азаматтардың белсенділігі артты. Заман өзгерді, құқық сауаттылығы жоғарылады. Кез келген өзгеріс халқымыздың тұрмысын жақсарту үшін жасалуы керектігін Мемлекет басшысы үздіксіз айтып келеді. Ал шаруа баққан ауыл қазағы үшін бүгінгі басты проблемалардың қатарында жер де бар. Бөрлі ауданы аумағында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді анықтау және оны айналымға қосу бойынша жүргізілген тексеру нәтижесінде сондай 38 жер телімі анықталды. Прокурорлық ден қою актілері бойынша кадастрлық құны 35 254 170 теңгені құрайтын 15 жер учаскесі кері қайтарылды. Бұл аталған бағыт бойынша жұмыстар одан әрі жалғасуда.
Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауы қоғам өмірінің негізі болып табылатын экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени-рухани салалардағы өзекті мәселелерді толығымен қамтыған еді. Одан кейінгі Жолдаулар да ел өмірін жақсарту, салауатты тірлік қалыптастыру, әділетті қоғам орнату міндеттерінен тұрады. Әрі онда бизнесті дамыту, салықтық әкімшілендіруді оңайлату, бақылау, қадағалау функцияларын тексеру мәселелері басты бағдар ретінде көрсетілген. Осы бағытта ауданда бизнес субъектілерінің құқықтары жіті назарға алынып, прокурор өкімімен арнайы мобильдік топ құрылды. Сонымен қатар түрлі әкімшілік кедергілерді анықтау үшін мемлекеттік құрылымдардың нормативтік-құқықтық актілеріне тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп келеді.
Осындай жұмыстар нәтижесінде биыл аудан прокуратурасы микрокәсіпкерлік субъектісін заңсыз тексеру және әкімшілік жауапкершілікке тарту фактісін анықтады. Бұл әкімшілік жаза уақтылы күшін жойды. Осы ретте мемлекеттік сатып алу бойынша заңсыз конкурстардың күшін жою жолымен 11 кәсіпкердің құқығы қалпына келтірілгенін айта кеткен артық болмас. Жалпы, кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтық сауаттылығын жетілдіру мақсатында заңдық түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Осы жылдың басынан бері Атамекен палатасының алаңында өткен екі кездесуде кәсіп иелеріне кодекс нормалары таныстырылып, түрлі кеңестер берілді. Аудан әкімдігі, мемлекеттік кірістер басқармасы және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, бизнес өкілдеріне арналған дөңгелек үстел де ұйымдастырылды. Тағы бір тілге тиек етер жәйт, аудан аумағында экологиялық заңнаманың сақталуын талдау барысында қатты тұрмыстық қалдықтар алаңын рұқсатсыз орналастыру фактілері анықталды. Осыған орай үш лауазымды тұлғаәкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әрі жергілікті атқарушы құрылымдармен заңсыз қоқыс үйінділерін жоюға, олардың пайда болуына жол бермеуге, барлық елді мекенді қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарымен қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдады. Сондай-ақ мемлекет пайдасына борышты өндіру, қозғалған атқарушылық өндірістер бойынша қаржының дер кезінде бюжетке түсуі де тұрақты бақылауда. Аудан прокуратурасының осы бағытта жүргізген талдау, қадағалау актісінің нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 18 млн. теңге кіріс түсті. Өз берешегін дер кезінде төлемегені үшін екі тұлға әкімшілік қамауға алу түріндегі жазаға тартылды.
Осы жылдың өткен мерзімінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды мүлтіксіз сақтай отырып, 114 азамат прокуратура қабылдауында болса, аудан тұрғындарынан 215 өтініш түсіп, дер кезінде қаралды.
Күні кеше өткен Ұлттық кеңес отырысында да Президент әрбір мәселеге ерекше назар аударды. Мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі ана мен баланы қолдау екенін жеткізді. Қазір Президент тапсырмасына сәйкес бүкіл қылмыстық заңнаманы оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп жатқаны да көпке мәлім. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолы білім беру саласындағы өзекті мәселелерді шешу жолын атап көрсетті. Нақтырақ айтсақ, мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында қауіпсіздікті сақтау – басты міндеттердің бірі екеніне айрықша тоқталды. Біздің ауданымызда да бұл бағытта жанды жұмыстар қолға алынды. Оқу жылы басталысымен барлық мектеп оқушыларымен, колледж студенттерімен кездесулер ұйымдастырылып, қолданыстағы заңнама талаптары жан-жақты түсіндірілді. Яғни өткен қазан-қараша айларында семинарлар өткізіліп, аудан прокурорының өкімімен құқық қорғау және уәкілетті құрылымдар өкілдерінің қатысуымен арнайы ведомствоаралық топ құрылды. Кәмелетке толмаған балалардың пайдасына өндірілетін алимент бойынша жеке сот орындаушылардың жұмысы да прокурорлық қадағалаудан тыс қалған емес. Қазірдің өзінде балалар пайдасына 8 млн. теңгеден астам алимент өндірілсе, 12 борышкер әкімшілік қамауға алынды. Ал енді 14 тұлғаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Қорыта айтқанда, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында алда да ауқымды істер күтіп тұр.
Нұрлан Мақатов,
Бөрлі ауданының прокуроры