Материалдық жағынан мені бай деп ешкім айта алмас. Бірақ рухани жағынан өзімді төрт құбыласы тең бай адамдардың қатарына жатқызамын. Адамға қажет, адамды адам болып өмір сүруге үйрететін гуманитарлық ілім философиямен етене жақын болғанымды алпыс жыл бойы мақтан етіп келемін. Біле білген кісіге бұдан артық қандай байлық болуы мүмкін.
«Бірінші байлық – ақжаулық» дегендей, тағы бір байлығым жас кезімізден мектепте оқып жүріп танысқан, алты жылдан кейін қосылып, осы кезге дейін балаларымды және мені бағып-қағып келе жатқан сүйікті жарым, қазіргі кемпірім Полечкам.
Екінші байлығым – көптен бері жинаған кітаптарым. Бір кезде Киев университетінде оқып жүргенде үш күн бойы кезекте тұрып, 200 томнан тұратын бүкіл дүниежүзілік әдебиет кітапханасына жазылып едім. Сөйтіп, жинаған әр саланы қамтитын кітаптарым осы кезге дейін маған рухани азық болып келеді. Мен кандидаттық диссертациямды да, докторлық диссертациямды да көбіне үйде отырып жаздым. Қажет болған материалдың бәрі үйдегі кітапханамда болды. Менің замандастарымды тәрбиелеп өсірген кітап және кітапхана болды. «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге. Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге», – деп данышпан Абай айтпай ма? Біздер кітапсыз, классикалық әдебиетсіз қалай өмір сүруге болатынын түсінбей өтетін шығармыз. Қазіргі жастардың ноутбукке, ұялы телефонға жүгініп, кітапқа қарамауы бүгінгі тәлім-тәрбиенің ең осал жері деп ойлаймын. Қазақстан қазір кітап оқымайтын, кітаптың қадірін білмейтін, қараңғы елге айналып бара жатқандай көрінеді. Көркем әдебиетті оқу деген авторлармен, кейіпкерлермен және өзіңмен өзің сырласып, тағы бір өмірді бастан кешумен бірдей болады. Лев Толстой хатшысына өзінің «Круг чтения» деген дүниетанымдық кітабы жөнінде: «Қалайша адамдар бұл кітапты пайдаланбайды?
Мен мұны түсінбеймін. Дүниедегі даналармен күн сайын ақылдасып, қарым-қатынас жасағаннан қымбат не бар?», – деп таңданады.
Менің үшінші байлығым – көптен бері араласып, сыйласып келе жатқан достарым. Көпшілігі жөнінде реті келгенде мен өзіміздің «Орал өңірі» газетінде, басқа да басылымдарда жаздым. Кейбіреулері қазір арамызда жоқ.
Бүгін марқұм болған қимас досым Орынбай Қайыров туралы ой бөліскім келеді. Ол мен үшін туған бауырымдай болған дос еді. Оны мен ғұмыр бойы жоқтап өтетін болармын... Аса еңбекқор адам болды. Үйде болсын, түзде болсын қарап отыруды білмейді. Бәріне де кірісіп кетеді және әр нәрсенің ретін біледі. Ұзақ жыл «Жаңақала» кеңшарында аға шопан болып қызмет атқарды. Ерен еңбегі үшін ауылда да, ауданда да, облыста да үлкен абыройға ие болды. Аудандық және облыстық партия комитетінің мүшесі болды. Еңбектегі ерлігі үшін үш рет Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. «Қазақ КСР-ның ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қайраткері» деген атақ алды. Аудандық партия комитетінің нұсқауымен республикалық Жоғары партия мектебін ойдағыдай бітіріп, ауылдық кеңестің төрағасы болып қызмет істеді. Жұртшылықтың құрметіне бөленді. Осы тұста Орекеңнің адами, азаматтық болмысына назар аударғым келеді. Алматыдан ауылға демалысқа немесе іссапарға келіп жүргенде Орекең мені Оралдан не болмаса Жаңақаладан күтіп алатын. Содан кете кеткенше жағдайымды ойлап, бір тыным таппайтын. Әкем қайтыс болғанда «көңіл айтып, топырақ саламын» деп Жаңақазаннан Сайқынға құйып тұрған жауынға қарамастан 200 шақырым жол жүріп, жерлеуге қатысқан болатын. Сөйткен адал досқа мен не қайыр қылдым деп ойласам, өкініштен өзегім өртеніп кете жаздайды.
Орекең мен зайыбы Санияның достарға деген ықыласы, қонақжайлылығы тым ерекше-тұғын. Қалай еткенде де, әркімнің бабын табуға тырысатын. Менің бұл айтқандарымды Орекеңді білетіндер тегіс қостайды деп ойлаймын. Ерлі-зайыпты екеуі бәрімізге үлгі болатын отбасын құрды. Төрт ұл, төрт қыз өсіріп, оқытып, маман қылып қатарға қосты. Бірін-бірі қатты сыйлап, мақтан етіп, тату-тәтті өмір сүрді. Орекең дүниеден өткенмен, Сания оның жолын жалғастырып келеді.
Орекең тірі болса, биыл жазда 85 жасқа толар еді. Сексеннен аса бере бұл дүниемен қоштасты. Досыммен бірге болған қуанышты сәттерді еске түсіріп, кеш те болса, еш болмас деп ілтипат етіп, осы естелікті жазып отырмын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Рухы пейіште шалқысын, аруағы асыл жары Санияны, балаларын, немерелерін, дос-жарандарын қолдап жүрсін дегім келеді.
Тілекжан Рысқалиев,
профессор,
Орал қаласы