Дәл осы сөз жанарына жас ұялатқан балалардың қатары жыл сайын көбейіп барады. Бірақ олардың нақты саны белгісіз. Облыста перзенттерін тастап кеткен 271 әйел тіркелген. Алайда олардың қанша ұл-қызды тағдыр талқысына тастап кеткені туралы нақты ақпарат жоқ. Бұрындары әлдебір кісі отбасын тастап, басқа әйелге кетіп қалыпты дегенді жиі еститінбіз. Соңғы жылдары «Әйелі балаларын жинап алып, отбасынан кетіп қалыпты» дегенді ести бастадық. Ал бәрінен де сорақысы, балаларын тастап, басы ауған жаққа безіп кететін аналардың қатары да біртіндеп арта бастағанға ұқсайды.
Бұлдыртылық Орнай Аманқұлова анасы тастап кеткен үш немересін өзі тәрбиелеп, бағып-қағып өсіріп отыр. Осыдан он жыл бұрын аналары кетіп қалғанда үлкені – 11, кішісі 2 жаста болыпты.
– Үлкен ұлымның әйелі осыдан он жыл бұрын кетіп қалды. Басында үлкен қызды өзімен алып кетті. Бірақ құрбысының үйіне апарып, баға алмады. Мектепке бармай, азып-тозып кеткесін полиция тауып алып, қызымды өз қолыма берді. Қызымнан «Әжең мен мамаңның қайсысын таңдайсың?» деп сұрағанда «Әжеме барамын» депті. Содан қамқорлығыма алу үшін өзім оқып, сертификат алдым. Екі кішкентайды өзі баға алмайтынын білді ме, бірден әкесіне тастап кетті» деп әңгімесін бастады Орнай апай. Он жыл бұрын аналары кеткенде кіп-кішкентай боп қалған үш балапанның алды биыл 11-сынып бітіреді. Анасыз өткен он жылда олар түрлі сәттерді бастан өткергені анық. Барлық баланы мамасы мектепке әкелгенде «Менің анам неге жоқ?» деген сұрақтар олардың санасын талай мәрте жаулап та алған болар. Әжесінің айтуынша, олармен мектеп мұғалімдері, психологтер жақсы жұмыстануда. Немерелеріне жан-жақты қолдау көрсетіп отырған ауыл мектебінің ұжымына кейіпкеріміз риза екендігін жасырмады.
Үш баланың анасы ата-енесімен, жұбайымен он жыл бірге тұрған. Орнай апай келінінің өте таза, еңбекқор адам болғанын айтады.
– Мен оны жамандамаймын. Таза, шаруа келін болды. Зейнетке шыққан соң, ауылда қарап отырмайын деп қалаға жұмысқа келдім. Ол кезде балам Астанада құрылыс саласында жұмыс істеп жүрді. Содан келінім де балалармен қалаға келді. Бәріміз пәтер жалдап, бірге тұрдық. Қаладағы супермаркеттердің біріне жұмысқа кірді. Басында бәрі жақсы сияқты еді. Нашарлау ортаға тап болды ма, тәртібі өзгере бастады. Түнгі екі-үштерде келетін болды жұмыстан. Бір жас жігітпен әуейі болды. Ұзын-сөздің қысқасы, үлкен қызды алып, баламмен ажырасып кетіп қалды. Бірақ үлкен қызды баға алмағасын, өзім кері алдым. Қазір үш немерем де өзіммен бірге. Жаныма бататыны, ең болмаса үш баласының туған күнінде бір звондап, құттықтамайды ғой. Олардың туған күнінде мен жылап қаламын. Жылына бір-екі рет звондап, хабарласып тұрса, балалар қуанып қалар еді ғой. Үлкен қызы «Мамам жоқ» деп ашуланғанмен, жүрегінің түкпірінде бәрібір анасына деген сағыныш бұғып жатқан шығар деп ойлаймын, – дейді Орнай апай.
«Ағамның баласы, кішкентай ініме балалар ауруханасында ота жасалды. Палатаға кіргенімде төрт бала жатыр екен. Үш баланың анасы жанында. Менің інім жанары жәудіреп, бізді күтіп отыр екен. Тамақ апарып, көңілін аулаған болдым. Ауруханадан шыққан соң, көз жасымды тыя алмадым», – дейді балалардың әпкесі Гүлім. Ол – анасы тағдыр талқысына тастап кеткен үш баланың әкесінің қарындасы. «Бұрындары әкемді алсаң ал Құдай, анамды алма, шекпен тоқып берсе де өлмеймін ғой» деп не үшін айтқан дейсіз. Қандай болса да, ана баласына бар жылулықты бере алады ғой негізі. Бауырларымның тағдыры мені де алаңдатады. Бірақ қолдан келер шарамыз жоқ» дейді ол.
Үш бала бүгіндері ауылдағы мектепте білім алып жүр. Оларға жақсы тәрбие, сапалы білім беру үшін ата-әжесі, әкесі бар күшін салуда. Балалардың әкесі ауылда түрлі жалдамалы жұмыс істейді. Біреудің шөбін түсіреді, малын жайғап береді. Жаз мез-гілінде құрылыс жұмыстарына араласады. Ал жасы ұлғайып келе жатқан Орнай апа немерелерінің болашағына алаңдаулы.
– Қазір адамдар аяқ астынан ана жаққа кетіп қалатын болды ғой. «Алда-жалда көз жұмып кетсем, балаларымның жағдайы не болады?» деп жиі уайымдаймын. Былтыр қатты ауырып тұрдым. Осы балалардың көз жасына аман қалған болармын. Немерелерімнің анасы әлі жас қой. Қазір жастықпен түсінбей жүрген болар. Өз баласын тастап кету дұрыс емес. Әр бала анасымен бақытты ғой. Келіп, алып кетпей-ақ қойсын. Тек хабарласып, хал-жағдайларын сұрап тұрса деймін. Көзімнің тірісінде немерелерімді анасымен табыстырып кеткім келеді, – деген кейіпкеріміз «Ол негізі балажан еді. Не болса да, екінші рет күйеуге шығып, сол жұбайы немесе енесінің ықпалынан қорқып, хабарласа алмай жүр-ау... Әлде балалары бар екенін айта алмады ма екен?...» деп кетіп қалған келінін ақтап қояды арасында.
Иә. Дәл қазір үш баланың анасы қайда жүргені белгісіз. Соңғы рет жеті-сегіз жыл бұрын хабарласып, үлкен қызына: «Менің қателігімді қайталамаңдар, Ата-әжеңді, әкеңді тыңдаңдар» деп айтыпты. Содан бері хабарсыз. Кейіпкеріміз «Газет арқылы естісе, балалардың анасы ойланар, хабарласар» деген сенімде. Лайым, солай болғай!
Психолог не дейді?
– Ата-анасы тастап кеткен балалардың басым бөлігі эмоционалды тұрғыдан жабылып, ешкімге сенбей, айналасындағы адамдарды дұшпан санайды. Әсіресе, анасы тастап кеткен балаларға өте қиын. Себебі бала үшін анасы бүкіл әлем болып саналады. Ал анасы тастап кеткен бала өзінен бүкіл әлем теріс айналып кеткендей сезімде болуы мүмкін. Ондай балалар «Мені ешкім жақсы көрмейді» деп ойлайды. Айналасындағы адамдармен қарым-қатынас жасауда қиындықтар туындайды. Егер анасы баласын өте кішкентай кезінде тастап кетсе, ол бала кеш сөйлеп немесе басқа да бұзылыстар пайда болуы мүмкін. Қалай болғанда да, анасы тастап кеткен баланың жаны жаралы. Сондықтан анасы бере алмаған жылулықты атасы, әжесі, әкесі беріп, барынша мейірімді болған жөн. Бұл жағдайда әжесі бастаған отбасы мүшелері бар жағдайды жасауға тырысып жүргені байқалады. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, балалардың көңіліне қаяу салып алмау керек. Мүмкіндігінше балалармен ашық сөйлесіп, аналары туралы те-ріс әңгімелер айтылмағаны дұрыс. Ең бастысы, балаларға махаббат, мейірім керек, – дейді психолог Ботакөз Тасеменова.
Облыстық әділет департаменті берген мәлімет бойынша, өңірде балаларына алимент төлейтін борышкер 271 әйел адам тіркелген. Соның ішінде 125 іс бойынша балалар үйінің пайдасына өндіру қарастырылған. Биылғы жылдың үш айында сот актілерін орындамағаны үшін үш әйел азаматшаға ҚР ӘҚБтК-ның 669-бабы бойынша әкім-шілік айыппұл түрінде жаза белгіленіп, әкімшілік жауапқа тартылған.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»
Р.S. Қара шай ішіп, қара нан жесе де ананың мейіріміне бөленіп өскен баланың бәрі бақытты. Ал анасынан тірідей айырылу – бала үшін қасірет. Әрине, аналары тастап кеткені үшін балалар кінәлі емес. Бірақ, өкінішке қарай, осындай жағдайлардың кесірінен тағдыр тауқыметін арқалайтын адамдар аз емес. Аллам аналарға сана беріп, баланы анасынан, ананы баласынан айырмасын!