2025 – Жұмысшы мамандықтар жылы. Ел Президенті жариялаған бұл жыл аясында еңбек адамдарының, әсіресе жас мамандардың қоғамдағы рөлі ерекше аталып өтіп келеді. Осы ретте Батыс Қазақстан облысында жүзеге асып жатқан «Мамандар галереясы» жобасы ауыл жастарының жаңа келбетін көрсетуге арналған тың бастама болып отыр. Бұл жоба «Ауыл аманаты», «Жастар саясаты», «Еңбек адамы» сияқты мемлекеттік бағдарламалармен үндесіп, ауылдан шыққан білікті, еңбекқор жастарды дәріптеуді мақсат етеді.
Берік Пушкин – Теректіден шыққан балық өсіруші-инноватор

Берік Пушкин – Теректі ауданында 20 мыңға жуық «Зеркальный карп» тұқымды балық өсіріп отырған жас кәсіпкер. Қытай мен Жапония елдерінде балық өсіру технологияларын меңгеріп, туған ауылына оралған ол, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алып, бірнеше жобаны жүзеге асыруда. Оның бұл бағыттағы жұмысы ауыл шаруашылығына жаңа дем беріп, заманауи көзқараспен қарап жүрген жастарға шабыт көзі болып отыр.

Сұлтан мен Нұрбек – Жалпақталда туризмді дамытқан жігіттер

Казталов ауданы, Жалпақтал ауылында тұратын Сұлтан мен Нұрбек ауылдық туризм мен балық шаруашылығын қатар дамытып жүрген белсенді жастар. Олар ашқан VIP OXOTA (oxota_rybalka.kz) жобасы аңшылық, балық аулау, табиғатта тынығу сияқты бағыттарды біріктіріп, Алматы, Семей, Өскемен қалаларынан туристер тартуда. Бұл – ауыл жастарының іскерлік пен патриотизмді үйлестірген үлгісі. Олар ауыл спортын қолдап, меценат ретінде де танылып үлгерді.


Бауыржан – Қаратөбенің ұлттық спорт бапкері

Бауыржан – Қаратөбе ауылында ұлттық спорт түрлерін насихаттап жүрген жас бапкер. Ол көкпар, аударыспақ, теңге ілу сияқты ойындарға мектеп жасындағы балаларды баулып жүр. Қазір оның тәрбиесіндегі екі жасөспірім ұлттық құрамаға қабылданған. Жасөспірімдерді тәрбиелеуде ұлттық болмыс пен рухани мұраны қатар ұстануы – ауыл мектебінде шын мәніндегі тәрбиелік үлгі қалыптастыруда.


Нұртай – өндірістегі жастар көшбасшысы

Жаңақала ауылындағы «Орта Азия – Орталық» магистралдық газ құбырында еңбек ететін Нұртай Құрметов өндірісте істейтін жастарды біріктіріп, «Жас мамандар одағын» құрды. Олар ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, экологиялық, әлеуметтік жобаларға да атсалысуда. Бұл бастама – өндірістегі жастардың ел дамуына тікелей араласуының жарқын көрінісі.

Мержан – Ақжайықтың білікті ветеринары

Мержан – Ақжайық ауданы, Жаңабұлақ ауылындағы ветеринарлық станцияның басшысы. Ауылда көпшілік аса қызыға қоймайтын, бірақ қоғам үшін өте маңызды мал дәрігері мамандығын абыроймен атқарып жүр. Сонымен қатар, оның жеке қожалығында ірі қара, жылқы, қаз өсірілуде. Өзінің ісіне адалдығы, шаруашылықты қатар алып жүруі – ауыл жастары үшін үлкен үлгі. Мержанның бейнесі «еңбек адамы» ұғымының нағыз тірі көрінісі іспетті.

Тағы бір кейіпкер – Серік

Серік – Жаңақала ауылындағы қазіргі заман талабына сай стоматология орталығының негізін қалаушы. Ол мемлекеттен қайтарымсыз грант жеңіп алып, өзінің кәсібін ашуға мүмкіндік алған. Жаңадан ашылған стоматология заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, ал Серіктің басты мақсаты – аудан халқына жоғары сапалы медициналық қызмет ұсына отырып, цифрлық стоматологияға көшу. Ол тек кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, ауыл медицинасын жаңа деңгейге көтеріп, жастарға да үлкен үлгі болуда.


«Мамандар галереясы» – ауыл еңбеккерлерінің болмысын ашатын, жаңа дәуірдегі жас маман бейнесін насихаттайтын тың жоба. Әлеуметтік желі мен өңірлік БАҚ арқылы көптеген жас кейіпкер елге таныстырылып келеді. Жоба алдағы уақытта журнал түрінде жарық көріп, жыл соңында облыстық көрмемен қорытындыланбақ.
Бұл бастама – ауыл жастарының елге, еңбекке деген шынайы сүйіспеншілігін паш ететін, «Ауыл аманаты», «Жастар саясаты», «Еңбек адамы» сияқты мемлекеттік жобалармен үндескен, елдік мәні бар жұмыс.
Мейірбек Тажқұранов