Елімізде әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында құрылды. МӘМС аясында жеке клиникаларда да ақысыз ем алуға болады. Орал қаласы бойынша қандай жеке ауруханаларға тіркеліп, ем-дом алуға мүмкіндік бар? Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде кейінгі жылдары сұранысқа ие қандай қызметтерге қаржыландыру артты? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде «Әлеуметтік едициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Сандуғаш Болысбековамен тілдескен едік.
– Сандуғаш Қиясбайқызы, алдымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кіретін медициналық қызметтерге тоқталсаңыз...
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызметтердің кең ауқымды тізімі ұсынылады. МӘМС жүйесіне келесі медициналық қызметтер кіреді:
Біріншіден, амбулаторлық жағдайда медициналық көмек (ауруларды диагностикалау және емдеу) көрсету. Яғни профилактикалық медициналық тексерулер, бейінді мамандардың қабылдауы мен
кеңестері, созылмалы сырқаттары бар науқастарды профильді мамандардың динамикалық бақылауы, тұрақты және жоспарлы түрде стоматологиялық көмек көрсету (халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына) жатады. Сондай-ақ диагностикалық қызметтер, соның ішінде зертханалық диагностикадан өту, диагностикалық емдеу, мамандандырылған, оның ішінде стационарлық жағдайда жоспарлы түрде жоғары технологиялық, медициналық көмек көрсету, медициналық оңалту, патологиялық-анатомиялық диагностика, дәрі-дәрмектермен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету қызметі бар.
Еліміздің барлық тұрғынына, яғни Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, босқындарға, ҚР аумағында тұрақты тұратын шетелдіктерге (жеке куәлігі бар), елде тұрақты тұратын, бірақ азаматтығы жоқ адамдарға (жеке куәлігі бар) кепілдендірілген тегін медициналық көмек (бұдан әрі – КТМК) көрсетіледі. Ол мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылады. КТМК азаматтың сақтандыру мәртебесіне қарамастан көрсетіледі. КТМК құрамына барлық шұғыл медициналық қызметтер кіреді. Айта кетсек, «Жедел жәрдем» қызметтері, оның ішінде белгілі жағдайларда медициналық авиациямен қамтамасыз ету, бастапқы медициналық-санитарлық көмек (ауруларды диагностикалау, емдеу, вакцинация, репродуктивтік денсаулықты қорғау шаралары, жүкті әйелдерді және босанған аналарды қадағалау, инфекциялық ауру ошақтарында санитарлық-эпидемиологиялық және санитарлық-профилактикалық шаралар) жатады. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында әлеуметтік маңызды және созылмалы сырқаттардың, инфекциялық немесе паразитарлық аурулардың ал-дын алып емдегенде, жарақаттар, уланулар немесе басқа да шұғыл жағдайлар кезінде ем-дом жасалады. Науқастарға дәрі-дәрмектер, медициналық бұйымдар, мамандандырылған емдеу өнімдері, иммунобиологиялық дәрілік препараттар беріледі.
– Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде кейінгі жылдары сұранысқа ие қандай қызметтерге қаржыландыру артты?
– Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде ең сұранысқа ие қызметтер – тұрғындарға арналған консультативтік-диагностикалық қызметтер, соның ішінде хирург, акушер-гинеколог, офтальмолог, невропатолог консультациялары және стоматологиялық көмектер жиі көрсетіледі. жедел және жоспарлы стоматологиялық көмек бойынша қаржыландыру 11,9%-ға артты, ересек тұрғындардың мақсатты топтарын профилактикалық медициналық тексеруден өткізу үшін бөлінетін қаржы 8,0%-ға, балаларды профтексерістен өткізуге бөлінетін қаражат 24,8%-ға, ортодонтиялық көмек қызметтеріне 304,9%-ға артты.
Қазіргі уақытта облыстың 84,7% халқы жүйенің қатысушысы болып табылады. Биыл жыл басында облыста 100 мыңнан астам адам МӘМС жүйесінен тыс қалды. Сараптама көрсеткендей, бұл негізінен бейресми жұмыспен қамтылған, табыс-кірісі аз азаматтар. Жүйеден бас тартудың негізгі себебі – медициналық сақтандыруға төлемдердің уақтылы түспеуі және медициналық көмектің сапасына қанағаттанбаушылық. Дегенмен осы азаматтар да Батыс Қазақстан облысында кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде медициналық көмек алады. Сақтандырудың бар-жоғына қарамастан, «Жедел жәрдем» шақыртып, жедел госпитализацияланады, санитарлық авиация мен әлеуметтік маңызы бар сырқаттар мен қоршаған ортаға қауіп төндіретін аурулар бойынша амбулаторлық-поликлиникалық және стационарлық көмек көрсетіледі.
– Кейінгі үш жылда батысқазақстандықтар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қанша қаражат аударды және бұл қаражат қандай медициналық қызметтерге бағытталды? Биыл МӘМС жүйесінде қандай өзгерістер болды?
– Соңғы үш жылда батысқазақстандықтардан ӘМСҚ-ға түскен аударымдар мен жарналардың жалпы сомасы 67,4 млрд теңгені құрады.
2022 жылы аударымдар мен жарналар сомасы – 18,8 млрд теңге.
2023 жылы – 22,5 млрд теңге.
2024 жылы – 26,1 млрд теңге.
ӘМСҚ-ға жарна аударған, сақтандырылған азаматтар медициналық қызметтерді тегін ала алады.
Биыл МӘМС жүйесіне енгізілген төлемдерге тоқталсақ, елімізде ең төменгі жалақы (ЕТЖ) 85 000 теңге деңгейінде сақталады, сондықтан МӘМС-ке төленетін төлемдердің көпшілігі өзгеріссіз қалады.
Жұмыс берушілер жалақыдан 3%, қызметкерлер үшін табыстан 2% көлемінде аударады.
Жеке кәсіпкерлер (ЖК) және жеке практикамен айналысатын азаматтар үшін жарна көлемі 5 950 теңге (ЕТЖ-нің 1,4 есе мөлшерінен 5%) болса,
Жұмыспен өзін-өзі қамтамасыз етушілер 4 250 теңге (ЕТЖ-нің 5%),
Азаматтық-құқықтық келісімшарттар бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалар табыстан 2% аударады.
Мемлекеттен жарна 7 285,9 теңге (орташа айлық жалақының 2%) төленеді.
МӘМС жүйесіндегі биылғы өзгерістерді айта кетсек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылдың 5 қыркүйегіндегі МӘМС туралы заңға өзгерістер енгізілді. Бұрын сақтандырылу үшін соңғы 12 айдың жарналары болуы міндетті еді. Енді алдағы 12 айға жарналарды төлеп, сақтандыру мәртебесін алуға болады.
Жыл бойына сақтандырылу үшін әр айға 4 250 теңгеден 12 айға бөлек төлем жасау қажет. Егер толық соманы (51 000 теңге) бір рет төлесе, жүйе жаңа механизм бойынша мәртебе бермейді.
МӘМС жарналарын екінші деңгейлі банктер арқылы, банктердің мобильді қосымшалары және төлем терминалдары арқылы, «Қазпошта» бөлімшелері арқылы аударуға болады.
МӘМС мәртебесін ӘМСҚ ресми сайты: msqory.kz арқылы, Telegram-бот каналы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және электронды үкімет порталы: egov.kz арқылы анықтауға болады.
ӘМСҚ барлық аударымдар мен жарналарды жинақтап, денсаулық сақтау субъектілерінің медициналық көмек көрсету қызметтеріне төлем жасайды.
– Сандуғаш Қиясбайқызы, Орал қаласында қандай жеке медициналық клиникалар Әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қызмет көрсетеді?
– Биыл Орал қаласындағы 18 жеке медициналық клиникалармен келісімшарт жасалды (барлық жасалған келісімдердің 32,1%-ы), олардың ішінен:
6 ұйым бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсетеді:
«Uniserv Medical Center» ЖШС
«Медикер Аксай» ЖШС
«Медицинский центр «Интертич» ЖШС
«Медицинский центр» ЖШС
«Батыс АвиГИП» ЖШС
«СВА Интертич» ЖШС
3 ұйым бағдарламалық диализ қызметтерін көрсетеді:
«Нефрос-Азия» ЖШС
«Фрезениус Медикал Кейр Казахстан» ЖШС
«Биос» ЖШС
3 ұйым стационарлық көмек көрсетеді:
«Талап» АҚ
«Qamqor Medical Center» ЖШС
«Жайық-орто» ЖШС
5 ұйым шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсетеді:
«Облыстық балалар стоматологиялық емхана» ЖШС
«Жайық Дент» стоматология орталығы ЖШС
«BeSmile» ЖШС
«АсемДентал» ЖШС
«Доктор Самат» ЖШС
Бір ұйым амбулаторлық-поликлиникалық жағдайда балаларға медициналық оңалту қызметтерін көрсетеді:
«Зулкарнай» ЖШС.
– Батыс Қазақстан облысында қандай оталар жасалмайды? Яғни МӘМС аясында қай дертке шалдыққан науқастар Алматы, Астана қалаларындағы медициналық мекемелерге жолданады?
Батыс Қазақстан облысының тұрғындары Астана мен Алматы қалаларындағы ауруханаларда келесі оталар, яғни рамкалы стереотаксикалық жүйені қолдану арқылы операциялар, ұрықтық стволдық жасушаларды трансплантациялау, мезенхималық стволдық жасушаларды сүйек кемігінен трансплантациялау, эндоваскулярлық (толық) эмболизация немесе бас пен мойын тамырларын окклюзиялау бойынша жолданады. Сонымен қатар облыста позитронды-эмиссионды томография қызметтері, ағзаларды трансплантациялау, кейбір нейрохирургиялық операциялар қолжетімсіз болып табылады. Экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКО) қызметтері біздің өңірде жасалмайды, сондықтан тұрғындар көршілес өңірлерге квотамен жолданады.
Онкологиялық бағыт бойынша да Алматы, Астана қалаларындағы ауруханаларға жолданатын науқастар бар. Мәселен, нефротомия, нефростомия, трансуретральды кесу немесе зәр қуысындағы тіндерге деструкция, жұқа ішектің сегментін резекциялау, өкпе мен бронхтардың тораскопиялық лобэктомиясы, өкпені және бронхтарды резекциялау және секвестрэктоми дерттері бойынша күрделі ота елордада жасалады.
– Сандуғаш Қиясбайқызы, тағы бір сауалым халықтың шағымдары туралы болмақ. Батысқазақ-стандық тұрғындар емханалардың қызмет көрсету сапасына көңілі толмаса қайда шағымдана алады?
– Медициналық мекемелерде пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметі ұйымдастырылған. Медициналық қызметтерді алу кезінде туындаған сұрақтар, шағымдар бойынша (мысалы, медициналық қызметтердің сапасы, қолжетімділігі, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және т.б.) пациенттер осы қызметтің мамандарына жү-гінуіне болады. Кабинет пен телефон нөмірін емхананың тіркеу бөлімінен немесе сайтынан біле алады. Сонымен қатар пациенттер әртүрлі мәселелер бойынша қордың жедел желісіне жүгінуге мүм-кіндігі бар. Қордың байланыс орталығы 1414, Qoldau 24/7 қосымшасы қызмет көрсетеді. Қордың https://msqory.kz/ сайты, Telegram-бот (SaqtandyryBot) каналы жұмыс істейді. Сондай-ақ тұрғындар облыстық денсаулық сақтау басқармасының колл-орталығына да хабарласуына болады. Барлық арналар арқылы шағымдар тіркелетін CRM жүйесі (customer relationship management) құрылған. бұл – клиенттермен қарым-қатынасты нығайту және оңтайландыру тәсілі.
Тұрғындардың шағымдары пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметі арқылы шешіледі. Бес жұмыс күні ішінде шағымданушыға жауап беріледі. Егер тұрғынның мәселесі ерекше тексеруді қажет етсе, қор тарапынан жоспардан тыс мониторинг жүргізіледі. Нәтижесінде бұзушылықтар анықталса, медициналық ұйымға экономикалық әсер ету шаралары қолданылады.
Гүлсезім БИЯШЕВА,
«Орал өңірі»