Әрбір қазақстандық кепілді көлемдегі медициналық көмекті алуға құқылы. Оған жедел медициналық жәрдем, профилактикалық тексерулер, созылмалы дертке шалдыққан науқастарды бақылау, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, скрининг сияқты 6 қызмет түрі жатады.
- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында Орал қаласындағы көпбейінді аурухана тәулік бойы (24/7) азаматтарға медициналық көмек көрсетеді. Бұл қызмет тек қала тұрғындарына ғана емес, сонымен қатар көршілес өңірлерге – Атырау, Ақтау және Ақтөбе қалаларынан келген пациенттерге де қолжетімді. Соңғы уақытта Денсаулық сақтау министрлігі, денсаулық сақтау басқармасы және әкімдіктің қолдауымен ғылымды қажет ететін технологияларды дамыту бойынша үлкен жетістіктерге жеттік. Қазіргі уақытта біздің клиника заманауи техникалармен жабдықталған. Біздің медициналық мекемеге Ресей Федерациясының әртүрлі аймақтарынан науқастар келіп, күрделі операцияларды жасатуда. Бұл оларға Мәскеу немесе Санкт-Петербург қалаларындағы операцияларға қарағанда әлдеқайда арзанға түседі. Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында ТМД елдерімен келісім бар. Мысалы, егер біздің азамат көрші елде жол-көлік апатына ұшыраса, оған сол елде тұрақтандыруға қажетті барлық шұғыл көмек көрсетіледі. Дәл сол сияқты бізге шетел азаматтарына шұғыл медкөмек қажет болса, алғашқы көмекті біз де ұсынамыз. Көбінесе ауыр жүк көлігінің жүргізушілері бізге тіркеліп, ем-дом алады. Мұндай жағдайда біз қолдан келген көмекті аямаймыз. Мәселен, бізде алыс шетелден, атап айтқанда, Франциядан келген пациент болды. Оған біздің травматологтар сәтті операция жасады. Бұл жерде науқас кейін ақылы негізде емдеуді жалғастырады немесе өз еліне бара алады. Сонымен қатар біздің клиникаға күн сайын 100-150 адам әртүрлі деңгейдегі жарақаттармен және аурулармен түседі. Науқастардың денсаулық жағдайының ауырлығына байланысты үш санатқа бөлінеді. Қызыл жолақ (жедел жағдайлар): өміріне қауіп төнген науқастар – биіктіктен құлау, жол апаты, пышақ жарақаты, инсульт немесе оқ жарақаты. Мұндай пациенттер бірден реанимацияға жеткізіледі. Егер ауыр жарақат алғандар келе жатқанын жедел жәрдем хабарласа, қабылдау бөлімінде нейрохирург, травматолог, хирург және реаниматолог секілді мультидисциплинарлық команда күтіп тұрады. Сары жолақ: науқасты толық тексеруді қажет ететін жағдайлар. Бұған соқырішек, асқазан-ішек жолдарының қан кетуі сияқты диагноздар жатады. Жасыл жолақ: жоспарлы ем алуға келген пациенттер. Олар дәрігердің қабылдауын күтіп, қажетті анализдерді тапсырып, жоспарлы түрде ауруханаға жатқызылады, – деді қалалық көпбейінді аурухананың директоры Арман Мырзахметов (суретте).
Көпбейінді аурухана жыл сайын 20-30 шеберлік сабағын өткізеді. Өткен жылы өңірде бұрын-соңды жасалмаған 20-дан астам күрделі ота сәтті орындалған. Оныңішінде химиоэмболизация әдісі арқылы бауырдағы үлкен ісіктерді алып тастау бар. Бұл операция онкологтармен және басқа да мамандармен бірлесе жасалады. Айта кетейік, азаматтар кепілді көлемдегі медициналық көмекті МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан ала алады.
Жанерке Ғинаят,
Орал қаласы