29.04.2025, 10:15
Оқылды: 346

МӘМС жүйесіне қаншалықты сенеміз?

Үкімет сағатында мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов МӘМС жүйесінен негізсіз қаражат алған Қазақстандағы кей медициналық ұйымдардың бармақбасты әрекеттерін әшкерелеп, сыни пікір  айтқан болатын.

Сандуғаш Қиясбайқызы (1)

– МӘМС-тің қазіргі моделі медицинаны халыққа қолжетімсіз етіп, шығынды көбейтіп, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкеліп отыр. Оған үш мысал келтірейін. МӘМС бойынша бес айлық баланың тісін қанқұрттан емдеген. Бес айында тісі шықпаған баланың тісін қалай қанқұрттан емдеуге болады? Сондай-ақ басқа бір адамның 82 тісі емделген және соған қаражат төленсін деп қорға тиісті есеп берген екен. Бір азаматқа аурухана тәулік ішінде 32 қызмет көрсеттік деп есеп толтырған. Мұндай мысалдар көп. Өйткені МӘМС бойынша енгізілген қаржыландыру жүйесінің өзі артық қызмет көрсету мен қосып жазуға итермелейді, – деді депутат Асхат Аймағамбетов.

Бұл ақпарат әлеуметтік желі қолданушыларының қызу талқысына түсіп, түрлі пікірлер айтылуына сеп болды. Осы орайда, облыстағы медицина ахуалы да алаңдатпай қоймады. Айлық жалақысының белгілі бір пайызын МӘМС жүйесіне төлеп отырған азамат ретінде Медициналық сақтандыру қорының БҚО бойынша филиалының директоры Сандуғаш Болысбековамен (суретте) осы жө­нінде әңгімелестім.

Сандуғаш Қиясбайқызы депутат Аймағамбетов бұл ақпараттарды ауадан алмағанын айтады. Аталған жайттың бәрін сақтандыру қорының мониторинг тобы анықтаған көрінеді. Мониторинг тобындағы білікті дәрігерлер ем алушы тұрғындармен байланыс жасап, қосымша зерттеу жұмыстарын жүргізіп, көрсетілген медициналық көмек қаражатының сәйкестігін анықтайды. Былтыр облыс бойынша 1 407 112 706 теңгені құрайтын 239 244 медициналық көмектің берілгені расталмаған.

– Мониторинг тобы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 321-бұйрығына сәйкес сақтандыру қоры қаржыландыратын медициналық ұйымдарға тексеріс жүргізеді. Мәселен, өткен жылы құжат жүзіндегі, яғни жалған 303 медициналық көмекке 3 976 556 теңге қаражат аударылған. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесі арқылы берілген бұл ақша сақтандыру қорына қайтарылды.  Медұйымдар заңсыз іс-әрекеті үшін жауапқа тартылды. Мұндай жағдай барлығы 20 мекемеде орын алды. Оның 14-і аудандағы мемлекеттік медициналық мекеме болса, алтауы – жекеменшік қызмет беруші.

Құжат жүзіндегі жалған ем көбіне стоматологиялық қызметтерге тиесілі екен. Атап айтсақ, тісжегін емдеу, пульпит, парадонтит, тісті жұлу секілді балаларға көрсетілген «жақшадағы» қызметтер. Жоспардан тыс мониторинг барысында ем алған балалардың ата-аналарымен тілдесу жұмыстары жүргізілген. Ата-аналар жоғарыда аталған стоматологиялық қызметтердің баласына жасалмағанын айтқан. Осы арадан әрі қарай мен Сандуғаш Қиясбайқызына көпті мазалаған сұрақтардың бірқатарын қойдым. Оған филиал директоры былайша жауап қайтарды.

Сандуғаш Қиясбайқызы, қазір тұрақты жұмыстағы азаматтар айлық жалақысынан МӘМС жүйесіне жарна төленіп отырғанын біледі. Бірақ бұл жүйенің мүмкіншіліктері хақында хабарсыз қалған тұрғындар да жоқ емес. МӘМС-тің бізге яки халыққа берер пайдасы қандай?

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде «сақтандырылған» мәртебесі бар азаматтар кез келген уақытта тегін медициналық көмекке жүгіне алады. «Бұл жүйе бізге не береді?» деген сауалдар жиі қойылып жүр. Қазіргі жоғары технологиялық медициналық көмектің бағасы кей азаматтардың қалтасына оңай соқпауы мүмкін. Жоғары технологиялық оталардың құны 1 миллион теңгеден бастап, 50 миллион теңгеге дейін қаражатты қажет етеді. Қазақстандағы жүрекке жасалатын оталардың құны осы МӘМС жүйесінің шеңберінде жүзеге асады. Бүгінде барлық ауру түрлері бойынша азаматтардың МӘМС арқылы тегін емделуге мүмкіндігі бар.

Менің қызметке орналасқаныма жарты жылдың көлеміне таяды. Еңбек өтілімнің аз ғана ай болғанына байланысты МӘМС жүйесіне төленген жарна қаражаты да аз. Мен МӘМС арқылы қандай емшара қабылдай аламын?

– Сіз ресми түрде жұмысқа орналассаңыз, жалақыңыздың бес пайызы МӘМС жүйесіне аударылады. Оның үш пайызын жұмыс беруші тарап өтесе, қалған екі пайызы сіздің жалақыңыздан төленеді. Басқа келмесін, бірақ алда-жалда қандай да бір ауруға шалдығып қалдыңыз  делік. МӘМС қорына аз ғана қаражат аударсаңыз да, сіздің толық ем алуға құқығыңыз бар. Емнің құны қанша қаражатты талап етсе де, сіздің еңбек өтіліңізге байланысты емес.

– Өкінішке қарай, қазір тұрғындардың бәрі бірдей тұрақты жұмыста жоқ. Құрылыс саласында жалақысын қолма-қол алатындар да бар, тағысын тағы... Олар МӘМС жүйесіндегі мүмкіншіліктерден қағылғаны ма?

– Көбіне ондай азаматтар тыс қалып жатады. Бірақ өзін-өзі жұмыспен қамтушы тұрғындар МӘМС жүйесіне қаражат аударып, мемлекет ұсынған медициналық сақтандыруға іліне алады. Олардың 12 ай ішінде төлемі болуы тиіс. Өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде ай сайын 4250 теңге жарнаны МӘМС қорына аударуы қажет. Осылайша «сақтандырылған» мәртебесіне ие болады.

–  МӘМС жүйесіне аударған қаражатымыз қайда сақталады? Не себептен әр тұрғынға жеке шот ашылып, қадағалау құқығы берілмейді?

– Азаматтардың ай сайынғы төленген жарна қаражаттары әлеуметтік сақтандыру қорында жинақталады. Біз өңірдегі медициналық ұйымдармен шарт жасаймыз. Медициналық ұйымдар мен емханаларда МӘМС жүйесі арқылы көрсетілген қызметтерге ақша төлейміз. Қазіргі таңда 56 медициналық ұйыммен келісімшарт жасастық. Оның 19-ы жеке болса, қалғандары – мемлекеттік мекемелер.

– Қазіргі таңда облыс халқының қанша пайызы МӘМС жүйесіне тіркелген? Сақтандыру қорына қаражат аудармайтын қанша тұрғын бар? 

– «Сақтандыру» базасының мәліметтері бойынша, 2025 жылдың 1 қаңтарында облыс халқының саны 695 724 деп көрсетілген. 588 918 адамнан МӘМС жүйесіне ай сайын қаражат түсіп тұрады. Бұл облыс халықының 86,6 пайызын құрайды. Ал сақтандырылмағандардың үлесі – 15,3% немесе 106 806 адам.

– МӘМС аясында өңірдегі медициналық ұйымдарда  жасалатын күрделі оталар туралы  айтып өтсеңіз...

–  2024 жылы өңірдегі медициналық ұйымдар жоғары хирургиялық белсенділікті және медициналық көмектің сапалы көрсетілуін барынша қамтамасыз етті. МӘМС жүйесі аясында 22 мыңнан астам ота жасалды. Мыңнан аса пациент қажетті хирургиялық көмекті тегін алды. Пациенттердің денсаулығын сақтау мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды хирургиялық оталар жиі жасалады.

Өңірдегі медицицналық ұйымдарда жасалған ота Отаның адам денсаулығындағы маңызы
Жоспарлы кесарь тілігі Күрделі босану жағдайларында ана мен баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, сұранысқа ие акушерлік ота.
Лапароскопиялық холецистэктомия Өт қабын алып тастауға арналған аз инвазивті ота, бұл пациенттерге жылдам оңалып, қалыпты өміріне қайта оралуға мүмкіндік береді.
Интраокулярлы линза (ИОЛ) имплантациясымен жасалатын катарактаны факоэмульсификациялау Катарактаны емдеудің заманауи әдісі. Ол пациенттерге көру қабілетін қалпына келтіруге және өмір сапасын жақсартуға көмектеседі.

 

Аталған оталардың барлығы МӘМС жүйесі аясында  жасалып, әрбір азаматтың  әлеуметтік мәртебесіне және табыс деңгейіне қарамастан, қажетті медициналық көмекті алуын қамтамасыз етеді, – дейді Сандуғаш Қиясбайқызы.

Нұрым  Ғұмар,

«Орал  өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале