3.04.2022, 11:40
Оқылды: 148

Маңдай терің маржан дәнге айналсын, диқан!

Егіс алқаптарында жасампаз еңбек думаны басталып, көктемгі далалық жұмыстардың қызар шағы да қашық емес. 

егин егуге аз калды

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, биыл өңіріміздегі жалпы егіс көлемі 520,5 мың гектардан асады деп болжануда. Оның 213,7 мың гектары дәнді дақылдар болса, 57,0 мың гектары күздік дақылдар. Ал 156,7 мың га алқапқа жаздық дәнді дақылдар егілмек. Тарқатып айтсақ, жаздық бидай – 102,0 мың га (65%), арпа – 45,2 мың га  (29%), тары – 2,6 мың га (1,7%) және басқа дәнді дақылдар 6,9 мың (4,4%) гектар шамасында. Осы ретте майлы дақылдарды 126,0 мың, күнбағысты 55,0 мың гектарға дейін ұлғайту көзделіпті. Мұның сыртында жалпы аумағы 8762 гектарды құрайтын алқапқа 3980 гектар картоп, 3272 гектар көкөніс, 1510 гектар бақша дақылдары отырғызылмақ. Сонымен бірге мал азығы үшін 172,0 мың гектар егістік салу межеленсе, біржылдық шөп – 13,5 мың, сүрлемдік дақылдар – 1,6 мың, көпжылдық шөп 12,8 мың гектар. Өткен жылдардан қалған көпжылдық шөптер алқабы – 144,1 мың га.

Иә, бар ризығын дала төсінен терген еңбек адамы үшін көктемнің бір күні бір жылға азық. Баптай білсең, жұмыр жердің берері мол. Ол үшін алдымен жеткілікті тұқым һәм жанар-жағармай қоры жасақталуы тиіс. Осынау далалық жұмыстарға тартылатын техникалар да сақадай сай болуы керек. Қолдағы бар ақпаратқа сүйенсек, осы жылғы жаздық дәнді дақылдар үшін – 17,0 мың (100%), майлы дақылдарға - 2,0 мың (142,1%), мал азықтық дақылдарға 0,4 мың (149,8%) тонна тұқым дайындалған. Картоп салуға қажетті 4,8 мың тонна тұқымдық қор да артығымен жасақталыпты. Әрі көктемгі егіс жұмыстарына Атырау мұнай өңдеу зауытынан 11,5 мың тонна (сәуірге - 3 мың,   мамырға – 5,5 мың,  маусымға – 3 мың тонна) көлемінде арзандатылған дизель отыны бөлініп, оны жеткізуші оператор да анықталған.

Далалық жұмыстарға қатысатын техникаға келсек, бұл қатарда 4670 трактор, 3053 дәнсепкіш, 838 қопсытқыш және «Джон Дир», «Флексикойл», «Кейс», «Хорш» маркілі 52 жаңа үлгідегі «дала кемелері» бар. Қазір тракторлар, дәнсепкіштер мен қопсытқыштар толықтай жөндеуден өтіп, қаздай тізіліп сапта тұр.

– Субсидиялау бағдарламаларынан бөлек, жалпы республика бойынша көктемгі далалық жұмыстарды қаржыландыруға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 194 млрд теңге, соның ішінде біздің облысымызға «Кең дала» бағдарламасы бойынша 950 млн теңге және «Агробизнестен» 250 млн теңге бөлінді. Қосымша өтінімдер түскен жағдайда осынау төлемдер көлемі ұлғаюы мүмкін. Алғашқы аталған қаржы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалы мен оның аудандық несие серіктестіктері арқылы таратылуда. Осы кезге дейін барлығы 765 млн теңге несиеге қол жеткізілсе, «Кең дала» бағдарламасы негізінде 21 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 672 млн теңге және «Агробизнес»  арқылы сондай 6 адамға 93 млн теңге төленді. Аталмыш жұмыс түскен өтінімдерге сәйкес жалғаса бермек.

Тағы бір айта кетер нәрсе, өсімдік шаруашылығы бағыты бойынша ағымдағы жылы республикалық және жергілікті бюджеттен 544,5 млн теңге субсидия қарастырылса, содан тыңайтқыштар құнын субсидиялауға – 153  млн, пестицидтердің құнын арзандатуға – 121  млн, су жеткізу құнын субсидиялауға 23,5 млн және тұқым шаруашылығын дамыту ісін субсидиялауға 247 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Мұның бәрі тиісті мақсаттарға толығымен жұмсалатын болады, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Омашев бізбен әңгімесінде.

Ауыл – алтын бесік. Біздің халықтың күнелтіс атты күретамырына да сол ауыл арқылы қан жүгіретіні, яғни тұрмыс-тіршілігіне қажетті негізгі нәпақаны Жер-ана төсінен теретіні әмбеге аян. Ет пен сүтін кәдеге жаратып отырған төрт түлік малы да өз қорегін осынау жазық даладан табады.

Сөз реті келгенде айта кетелік, өңір тұрғындарын картоп және көкөніспен толық қамтамасыз ету үшін облысымызда арнайы Жасыл белдеу бағдарламасы өмірге келгені мәлім.  Сонда белгіленген жоспар негізінде 2025 жылға дейін картоптың егіс алқабын 708 гектарға, қырыққабатты 465 гектарға, сәбізді 725 гектарға және пиязды 255 гектарға дейін ұлғайту көзделген. Нәтижесінде өнім көлемі де артады деп күтілуде. Бұл  аталған дақылдардың алқаптарын ұлғайту ирригациялық суару жүйелерін салу арқылы мүмкін болмақ. Ал суармалы жерлерде сапалы мал азығын дайындауға да жол ашылары хақ.

Қазірдің өзінде кейбір шаруа қожалықтары егіс алқаптарын әртараптандырып, шөптік дақылдар егуді қолға ала бастады. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Соңғы жылдары жиі қайталанып жүрген қуаңшылық пен су көздерінің азаюы бағымдағы малдың жем-шөбін жеткілікті мөлшерде дайындап алуға елеулі қиындықтар туғызып жүр. Жалпы, қолайсыз ауа райына төзімділігіне байланысты «өсімдіктер әлемінің түйесі» атанған құмайдың (сорго) алар орны ерекше екенін өмір өзі дәлелдеуде. Мамандардың айтуынша, құмай мал азығы ретінде ғана емес, азық-түлік мақсатында да пайдалануға болатын құнды дақыл. Былтыр ол облыста 5 мың гектардан астам алқапқа егілген көрінеді.

Міне, соңғы тәуліктерде Жер-ана төсі бусанып, көгілдір көктемнің шынайы көрінісі біліне бастады. Дала тынысын тамыршыдай сезетін диқан қауымы болса, атқа қонуға  әзір отыр. Мақсат – ылғал жерге сіңбей тұрып, іске кірісіп кету. Шынында, қай-қай шаруа да уақтылы һәм мерзімінде атқарылса ғана нәтижелі болатыны белгілі ғой.

Бәйтеректіктердің іс-қимылы  ширақ

Бәйтерек ауданы бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының  биылғы  егістік көлемінің болжамы 236,07  мың  гектарды  құраса, оның  ішінде күздік дақылдар – 36,640  га, жаздық  дәнді  дақылдар – 73,064  га,  майлы  дақылдар – 90,653  га,  мал  азықтық  дақылдар – 32,463  га,  кар­топ – 1,600 га, көкө­ніс – 1,300 га, бақша – 0,350  га. Ал енді  келер жылға күздік дақылдар егісі үшін 55  мың  га қалдырылыпты.

посев1501654065

Бәйтеріктік шаруалар ертеңгі мол ырыстың басы – тұқым  дайындау ісіне де ерте қамданыс жасағандары аңғарылады. Нақ­тырақ айтсақ, мұнда көктемгі егіске қажет  дәнді һәм майлы дақылдар мен мал азықтық тұқым қорынан еш қорқыныш жоқ. Бәрі де жеткілікті мөлшерде қоймаларда сақтаулы тұр. Картоп салу ісіне де сақадай сай екендіктерін жеткізді.

– Көктемгі  егіс жұмыстарына 1913 трактор (450-і шынжыр табанды), 978 түр­лі маркілі тұқым сепкіш, 297 қопсытқыш, 10 тұқым улағыш, 7759 тырма және 615 трактор тіркемесі қатысады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар 34 бірлік «Джон Дир», «Кейс», «Нью-Холланд» сияқты егіс кешені мен 20 «Дегельман» маркілі тырма бар. Ал енді жанар-жағармаймен қамтылу жайына келсек, 5100 тонна арзандатылған дизель отыны   бөлінді. Оны тасымалдаушы оператор – «АРХАР БИЗНЕС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, – дейді  аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Лауаз Уалиев.

Іске сәт, берекелі жыл болсын дейміз біз  бәйтеректік  ағайынға.

Мырзабайдың алпысыншы көктемі

Құдіреті күшті Жаратушы иеміз әркімге әр қилы тағдыр сыйлап, мынау жарық дүниеде өз несібесінен құр қалдырмайтыны әмбеге аян. Сол жазусыз қағида бөкейордалық Мырзабай Нұрлыбайұлына (суретте оң жақта) сый-құрметі қарапайым еңбектен табуды бұйыртыпты. Сонау бір жылдары бала жанының бағбаны болған кейіпкеріміз бүгінде аудан асып, облыс жұртшылығына шаруақор азамат ретінде танылып отыр. Атам қазақта: «Құдай атасына бермегенді ботасына бермейді» деген тәмсіл бар ғой. Оның өскен ұясы – Боранбаевтар әулеті еңбекқорлықтары арқасында өз аттарын Бөкей ордасының тарихына алтын әріптермен жазып  қалдырған  жандарды.

2b6387cd-408c-4c10-95a4-d525aa2ede00 (1)

Міне, сондай ортадан түлеп ұшқан Мырзабай Орал педагогикалық институтын бітіргеннен кейін бірқыдыру уақыт Бөрлі ауылындағы М. Бегалиева атындағы орта мектепте ұстаздық қызмет атқарды. Ғасыр алмасар сәтте, яғни сонау бір алмағайып кезде «М. Боранбаев» шаруа қожалығын құрып, еңбек майданына аттанды. Шүкір, әп дегеннен шаруасы өрге домалап, атақонысы жалынды жігіттің жанына ерекше бір күш-жігер сыйлады. Ол «Ақкөлмек» аталатын қыстақ маңын төрт түлік малға толтырып, кейінгі жылдары желмен жарысқан қылқұйрықтарын асылдандыруға, сонымен қатар қымыз өндіру ісіне ерекше ден қойды. Мұны кеңірек толғау – алдағы күннің еншісіндегі міндет. Біз бұл жорықта жаңалыққа жаны құмар азаматтың тек көктемгі далалық жұмыстарға қатысты әңгімесін  алға  тартпақпыз.

– Біздің өңірде егіншілік мәселесі ұмытылғалы қай заман?! Соны қайта тірілту мақсатында былтыр өзіміздің қыстақ маңынан 500 гектар жерді барынша өңдеп, бір жартысына еркек шөп (житняк), келесі бөлігіне бір жылдық судан шөбін егіп көрген едік. Еңбек еш кетпей, екі орғанда әр гектардан 40 центнерден өнім жинадық. Биыл да 250 гектар алқапқа судан шөбін егуді жоспарлап қойдық. Қолда бар техникамыз науқанға әзір, тұқым қоры жеткілікті. Тек бір айта кетер жағдай, осынау 500 гектарымыз электрбақташымен қоршалса да, көктеп келе жатқан егісімізге киіктер жиі «шабуылдауда». Оларға әзір «әй дер әже, қой дер қожа» табылмай тұр.  Бұдан бөлек Теректі ауданының Шаған ауылдық округі жерінде 100 гектар ақбидай, 250 гектар арпа, 400 гектар сафлор және 60 гектар судан шөбін егуге әзірленіп жатқанымызды да айта кетейін. Бәрі де ынта-ниетке, табиғат-ананың мырзалығына байланысты нәрсе ғой. Бұйырған несібе ешқайда қашпасы анық, – дейді қазіргі күні осы шаруаның басы-қасында жүрген азамат.

Иә, ырымшыл қазағым ұрпағына ат қояр кезде жүз ойланып, мың толғанатыны тегін болмаса керек. Мен осы Мырзабайды ылғи да атына заты сай азаматтардың сапынан көремін. Шындығы солай! Оған Алла Тағала мырзалықты да, бір басына жетіп, артылар бақ-дәулетті де молынан берген. Айтпақшы, бүгін Мырзекең алпыстың қазығына ат байлады. Қыр баласы алты қырдың белесіне аптықпай, атан түйеге жүк боларлық абырой-бедел арқалап шығып отыр. Келер күндерде де айың оңынан туып, Нарынның нар ұлдарының қатарынан табыла бер!

 

Бауыржан Бисенов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале