Бүгінгі қонағымыз – педагогика саласында жемісті еңбек етіп, абыройға бөленген ардагер ұстаз, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл», «Алтын менеджер» медалінің иегері, облыстық «Үздік медиатор» байқауының 1-орын иегері, қоғамдық медиатор Апахаева Рая Қайратқызы.
Дариға Ғазезқызы:
– Ең алдымен, танысып алайық. Қай саланың да әріптестері мойындаған, бірегей тұлғалары болады. Жаңақалалық ұстаздардың алдында да, жалпы елдің алдында да абырой-беделіңіздің зор екенін байқадым аудан орталығында өткен жиын барысында. Айтқан сөзіңіздің бір әрпін жерге түсірмей тыңдаған жас ұстаздардың отырысы керемет ұнап кетті маған сол жерде. «Таңертең барып, «Орал өңірі» газетіне жазыламын!» деген сөзіңіз баспасөз туралы әңгіме шықса, «жауыр болған аттай» бастарын алып қашатындарға ұрандай естілді-ау деймін, әйтеуір, бәрінің іштей мақұлдап отырғаны байқалды бір қарағанда. Өмір жолыңыз туралы әңгімелеп беріңізші. Ұстаз – қашанда ұстаз. Ұлы сараптамашы халықтың ортақ мойындауымен ғана тағайындала алатын бұл дәреже бір берілсе, біржола берілетін сияқты. Өле-өлгенше де, тіпті өмірден өткен соң да ұстазымыздың атын құрметпен атап, оның алдында басымызды иіп жүретініміз рас.
Сіздің қызығы мен шыжығы да мол, жемісі мен жеңісі де жетерлік ұстаздық жолыңыздың бастауында да осындай абзал жандардың тәлім, үлгілері жатқан шығар?
Рая Қайратқызы:
– Иә, «Орал өңіріне» сол бойда, яғни ертеңіне поштаға барып жазылдым... Ал өмірбаяныма келер болсам, әкемнің жұмыс ыңғайына қарай біз осы Жаңақала ауданына Жалпақталдан (бұрынғы Фурманов ауданы) көшіп келгенбіз. 1966 жылдың 1 қыркүйегінде Жаңаталап ауылында алғаш мектеп табалдырығын аттап, сол Дина Нұрпейісова атындағы мектептен аман-есен кәмелеттік аттестатымды алып шықтым. Ол кезде біздің мұғалімдерде еркіндік болды ғой. Оқу-тәрбие жұмысының қандай қатал түрін қолданса да, ата-аналар тарапынан да, оқушылар тарапынан да ешқандай қарсылық, реніш деген болмайтын. Кейін ел тізгінін қолына алып, басшылық жасаған адамдардың барлығы да сондай ұстаздардың тәлім-тәрбиесімен «пісіп» шыққан...
Ұстаздардан үлгі алып өстік. Математика пәнінен Нұртай Мырзақұлов деген мұғалім сабақ берді. Мен сол кісіге еліктеп, Орал педагогикалық институтының математика факультетіне оқуға түстім. 1980 жылы институтты бітіріп келген соң өзімнің ұшқан ұям – Дина Нұрпейісова мектебіне оралып, екі жыл мұғалімдік қызмет атқардым. Содан кейін 38 жыл Жаңақала ауданы орталығындағы мектептерде еңбек еттім. Оның ішінде басқа мектептерде 30-40 адам еңбек етсе, 100-ден астам мұғалім, 1000-ға тарта оқушысы бар Жаңақала орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болып, білім саласын басқару ісінің қыр-сырын меңгердім. «100 мұғалімнің әрқайсысын танисыз ба?» деп таңырқай сұраушы еді сонда менің ұжыммен қарым-қатынасыма назар аударған кейбір әріптестер. Содан кейін 2007 жылы аудан орталығында «100 мектеп, 100 аурухана» жобасының аясында Жаңақалада жаңа мектеп салынып, оған бір жас адам директор болып тағайындалды да, мені сол мектепке директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қылып ауыстырды. Заман өзгерген сайын мектепке жүктелетін міндеттер де өзгере береді ғой. Сол тұста ҰБТ деген шықты. ҰБТ көрсеткішінен біздің аудан артта қалып, басшы-тексеруші дегендердің барлығы шүйлігіп тұрған кез еді. Білім сапасын көтеру басты міндет болып тұрды. Не керек, білек сыбана, жұмыла жасаған еңбектің арқасында біздің №3 мектеп облыстағы озық 20 мектептің қатарына кірді. Одан кейін гимназия ашылды 2015 жылы. Енді осы гимназияға завуч қылып жіберді... 2019 жылы осыннан зейнетке шықтым. Басты қағидам – баланың білім сапасына, ең әуелі, өзі жауапты екенін ұстазға ұғындыру!
Дариға Ғазезқызы:
– Бірде жазушы Әбіш Кекілбаевтан француздың журналисі «Сіздің қолыңызда анаңыз бар екен ғой?» деп сұрапты. Сол кезде Әбекең «Жоқ, менің қолымда анам емес, мен анамның қолында тұрамын» деген екен. Ұлы Абайды дүниеге әкелген Ұлжан, Әбішін «адал сүт емген» ұл қылып өсірген Айсәуле аналар туралы «Баласын дәретсіз емізбепті» деген әңгімелерді естігенде, ішімнен «Ниетпен, мейіріммен, ақ тілекпен әзірленіп келіп отырған ғой» деп ойлаймын ылғи. Абстрактылы түрде, үлкен масштабпен салыстыра қарастырсақ, мұғалім де адамзаттың анасы. Санасына нәр құюшы. Ол нәрді ықыласпен, жақсы көңілмен, шабытпен иіп беруі үшін мұғалімнің де көңілі, қазақша айтқанда, «жүрегі орнында тұруы» керек. Әр сағат, әр минут маңызды. Өкінішке қарай, мұғалімдердің жалақысы өскенімен, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік азайып бара жатыр ма деп қорқамын. Оқу-тәрбие жұмысы әміршілдік, орталықшылдық жүйемен басқаруға келмейді. Әр мектептің өзіндік мінезі, қолтаңбасы болуы керек. Жүсіпбек Аймауытов «Өнегелi үйелменнен де бұзақы мiнездi баланың шығуы немесе тәрбиесi нашар отбасында да тәрбиелi, өнегелi баланың өсуi мүмкiн» деп келедi де, бұл айтылғандар өскен ортаның, замандас, жоражолдас, құрбы-құрдастың ықпалынан, соларға елiктеуден болатынын дәлелдейдi. Соның ішінде бала еліктейтін ең бірінші адам – ұстаз. Ұжым ішінде алауыздық, әділетсіздік, таластартыстар болып жатса, мұғалімнің қабағы келіспей тұрса, оның балаға да «салқыны» тимей тұрмайды. Бұл да бір қордаланып тұрған мәселе...
Рая Қайратқызы:
– Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзінің жаны бар. Бірақ сол тәрбие беруде үнемі кеш қалатынымыз ойландырады. Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселе – жастар арасындағы тәртіп мәселесі.
Ата-бабамыз баланың тәрбиесі бе-сіктен бастау алатынын айтудай-ақ айтқан. Тал бесіктен басталған тәрбие мектепте, одан әрі жоғары оқу орнында жалғасын тапса ғана нәтижелі болады.
Қазіргі жастарды «білімсіз, ештеңе көрмеген» деп айта алмаймыз. Ал, бірақ олардың бойында ата-бабамыздан қалыптасқан ұлттық тәрбие өзегі бар ма?
«Мектепте, әскерде боз балалардың топтасып, қаршадай баланы зорлауы сияқты өрескел қылмыстардың болып тұруы, «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» көрсетілмейтіні, нәзіктіктен жұрдай жап-жас қыздардың бірін-бірі шаштан сүйреп, тепсе, темір үзетін жігіттердің ұрлыққа түсуі ненің салдары?» деген ойлар жиі мазалайды мені. Барлық жерде бірыңғай ата-баба тәрбиесі керек. Ата-әже тәрбиесі жетіспейді. Қалаға көшіп кеткен жастар өздері ауылдан шықса да, балаларын әжелеріне бермейді. «Қарттар не тәрбие берер дейсің?» деп қомсынады. Мен медиатор ретінде жастардың неке бұзуының салдарынан ата-әжесінің махаббатын көрмей, мейірімділіктің не екенін білмей өсіп келе жатқан ұрпақты байқап жүрмін. Тәртіпсіздік, қатыгездік осыдан шығады деп ойлаймын. «Бір жылын ойлаған күріш егеді, он жылын ойлаған ағаш егеді, ал жүз жылын ойлаған бала тәрбиелейді» деп айтылғандай, әуелден дұрыс тәрбие беруіміз керек екенін ұмытпағанымыз абзал.
Дариға Ғазезқызы:
– «Әке – балаға сыншы» деген бар. Тек әке ғана емес, үлкеннің кішіге сынай қарауы керектігін, қажетіне қарай тезге салып та отыруын нұсқағаннан шыққан сөз шығар. Білім саласының бүгінін саралап, барын – бар, жоғын – жоқ деп айта алатын өзіңіздей қадау-қадау тұлғаларды ел ішінен іздей жүріп, әңгімеге тартатыным да сол. Қазіргі мектеп тынысында, қоғам тірлігінде не ұнап, не ұнамайды?
Рая Қайратқызы:
– Жасыратыны жоқ, мұғалімдер арасында менменшілдік, тек қана қалтаның қамын ойлау, көреалмаушылық көбейіп кетті. Ашыққа көшті және... Мектептердегі алауыздық, жікке бөліну, бірбірін қудалау көріністері осыдан басталады. Қит етсе, отбасы – ошақ қасындағы әңгімелерді дабыралап әлеуметтік желіге салу әдетке айналды. Сондайды көргенде, қарап отырып қысыласың. Өзің өмір сүріп жатқан ауыл-елдің беделін, абыройын ойламауға бола ма?
Ұстаздың ең басты міндеті – балаға білім-тәрбие беру екенін естен шығарып алып жүргендер де бар... Осы тұста беделі салмақты үлкендер жағы атқа қонып, ауыл-елдерге, ұжымдарға кездесу
жиындарын өткізуге шығулары керек сияқты. Кәдімгі аттаныс жасап. Өзім де сондай шешім қабылдап, қал-қадірімше қоғамдық пікірдің оңалуына, бүгінгі ұстаздар қауымы мен бұрынғы ұстаздар қауымы өкілдерінің ақылдасып, кеңесіп, бірлесуіне атсалысуды ұйғарып отырмын.
Дариға Ғазезқызы:
– Столды соғып, екі иығын жұлып-жеп келген талай адуынды жанды сабырмен ақылға келтіріп, сабасына түсіретін шебер басшы болғаныңызды естіп, біліп отырмын. Қазіргі басшыларға, мүмкін, кейде сондай дипломатия, мінез, деңгей жетіспей қалып жататын шығар. Қалай болғанда да, мектеп – дауласудың да, жауласудың да орны емес... Оған жол беруге болмайды. «Бір күнгі ұрыстың – қырық күндік кесірі бар» деген тәмсілге салсақ, ұрыскерістен көз ашпай, ақыры, сотқа, тіпті кісі өліміне дейін апаратын мектептердегі балаларды аяйсың... «Бұл да бір заңмен реттеуді күтіп тұрған мәселе ме?» деген ой келеді кейде... Мектептің ғимарат орнын, материалдық жағын мемлекет шешкенімен, ішкі мазмұны мен мәнін жасайтын – мұғалім!
Сол мұғалімнің деңгей, парасатын екшеуге бетбұрыс жасаған ашық әңгімеңіз үшін рақмет. Оқығанның жүрегіне жеткей...
Дариға Мұштанова,
«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы, «Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Ы. Алтынсарин» белгісінің иегері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР Мәдениет саласының үздігі