12.11.2021, 10:40
Оқылды: 283

Мәңгілік тақырыпқа диалог

«Үзіліс» бетінің бүгінгі қонағы– ұзақ жылғы еңбек жолын ұстаздықтан бастап, мемлекеттік қызметте жалғастырған, мектеп, лицей директоры, ауыл әкімі лауазымдарында зейнетке шыққан соң, ұрпақ тәрбиесі саласында қызмет етіп келе жатқан айтулы азамат, өнерін  өмірімен жалғастыра білген өнегелі жан, ҚР Білім беру саласының үздігі Адам Имашев.

адам имашев

Дариға Ғазезқызы:– Адам Сағынұлы, әңгімені әріден бастасақ, Ақжайық­тың өнер өлкесіндегі фестиваль,  тележобалар, мәдени шаралардың қақ ортасында жүретін сонау  70-80 жылдардан бері таныс екен­біз. Сахнаның әнші жұлдыздарының бірі – сен.  Конферансье – мен. Кейін «дәрежеміз» өсіп,  аудандық үлкен масштабты шаралардың, шерулердің  жүргізушісі болдық екеуіміз.  Басында өзіңді «Қараөзен совхозы, Жас сегізжылдық мектебінің мұғалімі,  әнші Серік Батырхайыров деп хабарлаушы едік қой.

Адам Сағынұлы: – Иә.  Өнер менің өмірімнің өзегі десем де болады.  Анам – Роза Батырхайырова Ақжайықтан өнер оздырып, Бүкілодақтық бірінші  фестивальдың күміс жүлдегері болған керемет  әнші еді. «Ақмақта», «Водовоз» әндері  тыңдармандарының құлағында қалған, мүмкін, архивтерде сақталып та қалған шығар... Ол кісі әнін  балаларымен бірдей әлпештеп, көзі жұмылғанша, ауыл-аймағына нұрын шашып өткен адам.

Сол өнер маған да дарып, бала кезімнен дауысым байқалды ма екен,  Қарасу орта мектебінде бастауышта оқып жүрген кезімде, ұстазым Раиса Шакирова  әншілікке баулыды. Сол кезден бастап сахна менің екінші  класым,  кейін екінші жұмыс  орным сияқты өмірімде  қатар  жүрді.  Азаматтық көзқарасымның, өзіндік ұстаным,  дүниетанымымның қалыптасуында да сол өнердің зор ықпалы болды деп білемін.  Орал  педагогикалық институтының  жаратылыстану-география факультетінде оқып жүрген кезімде,  институт жанынан құрылған «Ақжайық»  ансамблінің құрамына қазақтан  үш жігіт мүше болдық. Концерттерді «Атамекен»  әнімен ашып,  сол әнмен жауып,  рухтана  шырқап жүретінмін.

Дүниеге келгенде азан шақырылып қойылған атым мен тегімді қайтарып,  құжаттарымды түзеп алғаным да сол  рухтың шарапаты болса керек. Ол өз алдына бөлек  және ұзақ әңгіме...

Дариға  Ғазезқызы: – Қызыл паспорттағы аты-жөніңді өзгерттіріп алу деген ол кезде тіпті бол­майтын жағдай еді ғой.  Сол режимнің қарсылығына,  қатарлас қалжыңбастардың әрлім-берлім қағытпаларына қарамастан өз дегеніңе жеткеніңе өз басым сол кезде де құрметпен қарағанмын,  қазір де  реті келген жерлерде  үлгі қылып  айта  жүремін.

Сол табандылығыңның арқасында еңбекте де абыройға бөлендің. Ұрпақ тәрбиесінде сіңірген еңбегің үшін  «ҚР білім саласының үздігі»  атағына ие болдың,  Мемлекеттік қызметте «ҚР Құрмет грамотасымен» марапатталдың.

Адам  Сағынұлы: – Әрине.  Қанша адам болса,  сонша жол,  сонша соқпақ.  Мен өз жолымды да,  абырой мен бақты да ұстаздық еңбек пен өнердің арқасында  таптым дер едім.  Бірінсіз бірі толық болмайтын секілді.

1976 жылы диплом  қолға тиген соң, туған ауылым Жасқа  келіп,  мұғалімдікке кірістім. «Өнерліге өріс кең» – 1981 жылы  аудандық білім бөлімінің жұмсауымен Жұлдыз сегізжылдық мектебіне директор болып,  бес жыл қызмет  еттім.

Содан соң  Фурманов, Талдықұдық, Қараөзен орта мектептерін басқару істері бұйырды.  Ыстығы да,  суығы да жетіп артылатын сала ғой,  елмен бірге көрдік барлығын да. Әсіресе Талдықұдықтағы жылдар қиын кезең еді.  Кеңес тарап,  шаруашылықтың қожырап жатқан тұсы.  Отын жоқ. Мектеп салқын. Сонда халықтың бірлігі мен түсінігінің, төзімділігінің арқасында шықтық қой тұйықтан. Басқа түскенді жұмыла көтеріп, мыңқ етпей шыдады.  Резеңке дөңгелектерді жинап әкеліп, жағып жылытқан күндер болды. Ол кездегі балалар да мықты.  Олар «Тоңдық-ау» демейді,  ата-аналар «Мектеп салқын-ау» деп айқай-шу көтермейді. Сабақ қалдырмайды. Нәтижесінде білім сапасымен республика деңгейінде үлкен жетістіктерге қол жеткізіп,  атағымыз алысқа жетіп жатты. Облыстық олимпиадаға  12 баламен барып, оның 10-ы жеңімпаз жүлдегер атанып, 3 бала  республикалық олимпиададан орын алып келген күндердегі бүкіл ауыл  болып қуанғаны­мыз есімнен кетпейді. Талдықұдық мектебінің тарихында алғаш рет «Алтын белгі»  де шығардық.

Сол жеңістерімізбен елге де дем бердік қой деп ойлаймын. Сөйтіп жүргенде, Облыстық  білім басқармасы Орал қаласының төңірегіндегі бір мектептің директорлығын ұсынды. Тап сол кезде  өзіміздің Жалпақтал  ауданы басшылығы да Қараөзен орта мектебінің базасында  инновациялық лицей ашатын болып,  соған басшылық етуге  қолқа салды.  Ойланып-ойланып, екіншісін таңдадым.  1994 жыл еді.

Ол кездегі өмір өмір емес қой... Қиыншылық шаш-етектен. Лицей дегенге үрке қараушылар да болды.  Аудан көлемінде  қабілетті  14 оқушыны  таңдап алып,  жатақханаға жатқызып, оқыттық.  Қаржы тапшы. Совхоздан 25 қашар алып, бағып, азық-түлік мәселесін шешуді де  өзіміз қолға алдық. Жатақхана бөлмелері қатты салқын болған күндері, он екі қызды үйімізге алып келіп,  қондырушы  едік. Бізге совхоздың бұрынғы асханасын  үй қылып берген, сонда тұрамыз. 63 шаршы метрлік кең зал бар, пештің түбі сол қыздардікі.  Өзіміздің қыздарымыздай болып кетті бара-бара шәкірттеріміз.

Жоғарғы оқу орындарының,  педколледж,  медколледж мұғалімдерімен келісімшарт жасасып,  бірлесе еңбек еттік.  Нәтижесі өте жоғары болды.  Алғашқы түлектеріміз түгелдей студент атанды,  ал ол кезде  ауыл балаларының оқуға түсуі  сирек  болатын.  Сондай-сондай ауыртпалықтарды  сынбай көтердік... Ширатты. Шынықтырды ол жылдар.

Тәуелсіздік – тәй басқан сындарлы  белестерден  аман өткізіп,  өмір мені есейген шақта мемлекеттік қызметке алып келді. Бәйтерек ауданының  Ростоши ауылын­да 2002 жылдан  бастап табандатып тұрып, 15 жыл  сегіз ай  әкім болдым. Ол жұмысқа келген кезде де, басында  көптеген қиындықтар болды. Газ жоқ, су жоқ, балабақша жоқ,  клуб, дәрігерлік пункт жөнделмеген. Қазір Белес – әлеуметтік проблемалары оңтайлы шешілген,  тұру үшін өте қолайлы, болашағы бар ауылға айналды.

Мұнда да сол өнерден алған тәлімім – көпшілдік,  халықпен тіл табысу  ұстанымымнан айныған жоқпын.  2004 жылы Ростоши  аты – Белес  болып, Бакаушин ауылы  – Ақжол болып  өзгерді.  Өнерлі жастарды топтастырып,  ауыл мәдениетін дамыту арқылы елдің рухын көтеру ешқашан назарымнан тыс қалып көрген емес. Мұнда жеті ұлттың  өкілдері тұрады.  Мысалы, біздің көшеде  қазақ, орыс,  поляк, украин  ұлттары,  тату-тәтті өмір сүріп жатыр.  Сосын да осы ауылда тұрақтап қалдық.

Дариға Ғазезқызы: – Сол бір жылдары  Талдықұдық орта мектебінде оқыған тұңғышың Артур үш дүркін  республикалық  олимпиада жеңімпазы болып келіп, елді үш дүркін қуантқаны есімде. Балалар қандай болды қазір? Немерелерге не  ән айтып жүрсіңдер қос педагог ата мен әже – Орынша   екеуің?

Адам Сағынұлы: – Отбасы тәрбиесінде де негізгі тірегім – ұлт қайнары  салт дәстүр мен өнер десем болатын шығар. «Үлгілі жанұя», «Мерейлі жанұя» деген байқауларға, әжелер  байқауларына қатысып,  біраз  бәйгені қанжығамызға байладық. Бастауыш класс мұғалімі болған Орынша бұл күнде  ауылдағы әжелер ансамблінің белді мүшесі,  қазір насихаттап жүрген тақырыбы – бесікке салу. Соның бәрі атақ үшін емес,  ұрпақтың тәрбиесі үшін жасалып жатқан дүниелер. Балаларым да ұлтжанды,  еңбекқор болып өсті.

Екі ұл ғой. Артурым Алматы қаласындағы Ұлттық қауіпсіздік академиясында сабақ береді, подполковник, заң ғылымдарының кандидаты. Келінім де мұғалім. Үлкен немерем – банк қызметкері, екінші немерем Италияның Рим қаласында оқып жатыр.  Екі қызы мектеп жасында.

Екінші ұлым Арман да Оралдағы ауыл шаруашылығы университетін бітірген.  Үш немерем бар Арманнан. Келініміз сол балалардың  тәрбиесімен  жүреді.

Қызық айтайын, зейнетке шыққан соң, өмірге ынтызарлық күшейе түсетін сияқты. 68 жасқа қараған шағымда  Қазақ инновациялық технологиялар  университетін бітіріп, экономика ғылымының  магистрі атандым. Бұл да кейінгілерге ғиб­рат беруге тырысқан педагогикалық бір нұсқам шығар, мүмкін. Еліңе қажет болу,  соны сезіну – бақыт.  Ұрпағыңның,  қоғамыңның   өрге басқанын көру – рахат.Жалпы, дамытушы күш,  сан-саланың  түп-атасы – педагогика.  Соған көзім жетті.

Дариға Ғазезқызы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале