«Үзілістің» бүгінгі қонағы тарих ғылымдарының докторы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры Баян Шынтемірова.
Дариға Ғазезқызы:
– Баян Ғаббасқызы, оқу-ағарту ісінің қыры да көп, сыры да көп. Сол сындарлы істің көш басында жастардың жоғары білім алып шығу жолына жалықпай жарық түсірумен, армандарына жеткізумен келесіз. «Әке балаға сыншы» деген мәтел тұрғысынан қарастырсақ, аға буынның өзінен кейінгілерге сын көзімен қарауы заңдылық та шығар. Дегенмен, жалпы қоғамды алаңдатыңқырап тұрған мәселелердің аз емес екені де анық қой. Соның ішінде, бар ғұмырын педагогика саласына арнап келе жатқан Сізді не толғандыратыны, не қуантып, не күйіндіретінін білу мен үшін ерекше тақырып. «Үзілістің» қалың оқырманы, өзіңізден дәріс алған әр жылдардағы шәкірттеріңіз де ой-толғауларыңызды қызыға оқиды деп шамалаймын.
Баян Ғаббасқызы:
– Ойға түсіріп, педагог маман ретіндегі өткен еңбек жолымды саралап отырсам, тура 51 жыл өмірімді осынау салаға арнаған екенмін. Осыншама жылдарда талай буын өкілдерін оқыттым, барымша, жинақтаған білімім, тәжірибем, күш-қуатым жеткенше алдымдағы шәкірттеріме мамандық бойынша білімдеріне қоса, мәдениетке, ізгілікке тәрбиелеуге тырыстым. Осы жылдарда «Елу жылда – ел жаңа» демекші, заман ағымы, тұтас қоғамдық формация терең өзгерістерге ұшырады. Әрине, сол қазақ, сол жер, сол ел дегенмен, өмірдің бағыты, өмір сүру әдіс-тәсілінің өзгеруімен, қоғамның трансформациясымен әлеуметтік ортаның да бойында терең өзгерістер жүреді. Біздің ұрпақ социализм кезінде мектеп есігін аштық, пионер, комсомол болдық, коммунистік идеологияның «Адам – адамға дос, жолдас, бауыр», «Біріміз үшін – бәріміз, бәріміз үшін – біріміз» т.т. осы бағыттағы коммунистік қоғам идеалдарынан туындайтын өмірлік ұстанымдар мен ар-ождан нормалары негізінде тәрбиелендік.
Менің алғашқы буын, яғни 70-90-жылдардағы шәкірттерім де осы бағытта білім алып тәрбиеленді. Бұл буынның білім деңгейлері, көзқарастары, жалпы өмір салттары, ортамен қарым-қатынастары т. т. бізге, оқытқан ұстаздарына ұқсас болды. Себебі «Жасы бір құрдас емес, заманы бір құрдас», жас алшақтығы болғанымен, біздің заманымыз бір еді.
1990 жылдар жер шарының біраз бөлігіне «дүниені дүр сілкіндірген» демократиялық қайта құрулар, эволюциялық төңкерістер алып келді. Кеңестер одағы деп аталатын социалистік алып империя құлады. Оның құлауымен коммунистік идеология, бұрынғы әлеуметтік-экономикалық шаруашылық қатынастар, социалистік жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға көшті. Бұрынғы «үкімет өлтірмейді» деп бейқам өмір сүрген халықтың мойнына тұрмыс тауқыметінің көпшілік бөлігін өзі шешуге міндетті болды. Нарық заңы тереңдеп енген сайын қоғамның әлеуметтік аражігі ашыла түсті.
Бизнес өкілдері деген жаңа әлеуметтік қабат шықты. Бұрынғыдай тапқа бөліну емес, ірі, орта, кедей топ деген ұғым шықты. Қоғам бай мен кедей болып бөліне бастады... Осыны көру, соның ішінде уыздай жас буынның талайына осындай заман түскеніне куә болу бізге, ұстаздарға да оңай болған жоқ. Бірақ жолымызға берік, ұстанымымызға адал болып, адамгершіліктің, зиялылықтың синониміндей естілетін, естілуге тиіс ұстаз мамандарын даярлай бердік. Сынып кеткендер де, мамандықтарын өзгертіп күнелтіс көздеп кеткен мұғалімдер де болды. Өмір ғой. Бірақ қай қоғамға да ауадай қажет педагогика саласы өзінің ағысын тоқтатқан жоқ.
Дариға Ғазезқызы:
– Біз, орта білім беретін оқу орындарының мұғалімдері, мектеп жасындағы балалардың бағбаны болдық. «Таза бұлақпен» жұмыс істедік. Ал сіздің алдыңызға бозбала, бойжеткендер келеді.
Әр онжылдық, тіпті бесжылдықтың өзіндік бейнесі, талап, талғамы бар шығар? Айырмашылықтарын, жақсысы мен жаманын саралай жүру де аға буын мен педагог мамандардың міндеті. Ана, апа, азамат пайымымен қалай бағалар едіңіз?
Баян Ғаббасқызы:
– Жоғарыда айтып кеттім, жаңа, мүлдем басқаша қоғамдық қарым-қатынас, саналық көзқарас, адами құндылықтар күрт өзгерістерге ұшырап жатты. Осындай өліара шақтың жас буыны қандай еді? Демократиялық қайта құрулармен бізге еркіндік, бостандық, шын мәніндегі сөз, баспасөз, ар-ождан бостандығы келді.
1990-2010 жылдар аралығы жалпы ұлтпен қоса, әсіресе оның жас буынына өте қиын болды. Ата-ананың, көбіне ауылдық жерде тұратындар жұмыссыз қалды. Қораның есігі айқара ашық, іші бос. Бір қап ұнмен, бір қап қантқа айырбастай-айырбастай мал да бітті. Оқып жатқан студент сол мардымсыз шәкіртақысын да мезгілінде ала алмайды, елден көмек жоқ. Ол буынның жастарының көпшілігі мекемелерде түнгі күзетте, кафелерде даяшы, базарларда жалданып сатушы, аула, көше сыпырушы болып жұмыс жасайтын. Біразы сауда-саттықпен айналысты. Ашқұрсақ, жыртық бәтіңкемен отырған студентке бұрынғыдай «коллективизм, жоғары адамгершілік қатынас, бір-біріне қамқорлық» деген коммунизм құрылысшыларының моральдық кодексі бағытындағы тәрбие жұмысын жүргізе алмадық. Ол буынды музейге, көркемөнер галереяларына, театрға, мәдениет ошақтарына апара алмадық. Бұрынғының жақсысынан да, жаманынан да, жаңасын құрып үлгірмей тұрып, ескісінен де бас тарттық. Осылайша тәрбие жұмысында ұрпақтар сабақтастығы әлсіреп, жастармен идеологиялық тәрбиеде бос кеңістік қалып қойды. Сол бос кеңістік немен толды? Оны әр түрлі бағыттағы діни ағымдар иеленді.
Дәріс оқып тұрған оқытушының да материалдық жағдайы мәз еместін. 2-3 айда әрең деп еңбекақысының бір бөлігіне қол жеткізетін. Білімнен сапа, тәрбиеден мәніс кеткен, қиыншылық заманға жастық көктемі сәйкес келген жастарға кінә артуға да аузым бармайды. Дегенмен ата-анасының кедейшіліктен қиналғанын көріп өскен буында, «өскесін бәлем, қалай да бай болам, мынадай жоқтықта өмір сүрмеймін» деген ой басым болатыны сөзсіз. Осылайша ізгі ниет, адамгершілік өлшемдері артқа ысырыла береді. Студенттер арасында түрлі құқықбұзушылықтар, «дедовщина» деген әлімжеттілік, бопсалау әрекеттері осы кезеңде жалғасын тапты. Бірақ білім алған саласының мықты-мықты мамандары да, бизнес өкілдері де қиыншылықпен, еңбекпен, жаңа заманның легіне ілесуге, бейімделуге деген талпыныспен өскен осы буын жастарының арасынан шықты.
2010 жылдардан кейін өмір жаппай ақпараттық технология кезеңіне өтті. Бұл кезеңде бойына нарық заманының адамына қажетті қасиеттер дарыған жастардың алып легі қалыптасты. Жаңа мінез-құлықтың жақсы жағы да бар, менің санам қабылдағысы келмейтін жағы да бар. Бірақ бізге ұнасын-ұнамасын жаңа заманның өзіне лайықты буыны қалыптасуда. Қазіргі буын еркін, мақсат қоя біледі және табанды, талапшыл. Өз ойларын ірікпей, батыл айта алады. Білімді. Заманға лайықты, өзінің болашағымен байланыстыратын мамандықты, көп тілді игеруге талпынады. Бірақ әттеген-ай дейтін, тәрбиеде жіберілген қателіктеріміз де көп. Жастар қазір өзімшіл, өзіне тиімді, пайда түсетін нәрсені ғана қабылдайды. Әлеуметтік, ұлттық ортадан оқшаулану күшейіп барады. Әрқайсысының ақпараттық кеңістіктерде тауып алған виртуалды әлемі бар, соның шеңберінен шыға алмайды. Мұндай адамға дос та, тума-туыс та ешкімнің қажеті жоқ, айналасындағы болып жатқан жағдайлар да толғандырмайды. Еркіндік деген осы екен деп, қоғамдық орындарда, әлеуметтік желілерде өздерін мәдениетті ұстауға, мәдениетті сөйлеу дегенге мән бермейді. Боқтау, балағаттау, сауатсыз жазбалар, айналасына түкіру...
Ең қорқыныштысы – ой-өріс тарлығын байқаймын. Әр түрлі буын жастарының бойындағы жоғарыда айтқандарды саралап шығар болсақ, әр заманның өз адамы қалыптасады екен.
Абай философиясына сүйенсек те осы тұжырымға келеміз:
Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек... Дәл емес пе?!
Дариға Ғазезқызы:
– «Қыздың жолы жіңішке» дегенде, әйел бағының ашылып кету жолы бұралаң да нәзік екенін тұспалдап аңғартып кеткендей емес пе бабалар? Талай тағдырлар көз алдымыздан өтіп жатады.
Жақында бір топ қыз-келіншектердің шақыруын қабыл алып, кездесу жасадық. Әңгімелесіп, шай іштік. Тыңдап отырсам, көкірегі қаптаған мұң мен күрделі проблемаларға толы шерлі ғалам пайда болғандай да екен қоғамымызда. «Көңіл кірі – айтса кетеді» деп, психологиялық орта мұң шағатын адам, сұрақтарына жауап беретін маман, ең құрығанда алдына келіп жылап алатын түсінігі бар жан іздеп жүрген жаралы жүрек көп... Естір құлақ жоқ, жоқ дейміз-ау, естігенде қайтеді, жаппай дімкәстік етек алса... Жоқтық, боқтық, маскүнемдік, ол аз болса, әсіре дін жолына түсіп, адасу т. б. мәселелер сықасып, сыңсып жатыр.
Тығырықтан шығар жол қайсы?!
Баян Ғаббасқызы:
– Қазақ ұлтының болмысында «Қыздың жолы жіңішке» екені хақ. Ол сонау көшіп-қонып жүрген ерте кезеңнен бастап, Кеңестік дәуірге дейін осылай болды.
Қазір қыздың өсіп-өркендеуіне, білім алып, рухани жетілуіне жол ашық болғанымен, қазақ қоғамындағы тәрбиелі қыздан күтер «дүниелер жиынтығы» өзгерген жоқ.
Бірақ соларды қыздарымыздың бойына дарыту мәселесі қиындап барады. Еуропа мен Америка елдерінің халықтарының діліндегі ерекшеліктеріне байланысты оларда қызға көп еркіндік берілетіні рас. Ал қазақ қызды «Қыз өссе, елдің көркі» деп мәпелеп, «қыз – қонақ» деп күткенімен, қыз баласына үлкен талап та қоя білген.
Себебі бабалар, бүгінгі қыздың ертеңгі күні бір әулеттің отбасының ұйытқысы, шамшырағы, тағдырын шешетін, ұрпағын өсіретін ана екендігін естен шығармаған. Оң жақта отырған қыз деп еркелеткенмен, бетімен қоя бермеген. Бір ауылдың қызының әбес қылығы тек отбасының ғана ұяты емес, бүкіл сол рулы елдің, ауылдың бетіне шіркеу болған. Сол себепті де, «Қызға қырық үйден тыйым» деп, ел болып қыздың тәрбиесіне араласқан. Қызды арым, ұятым, намысым деп таныған. Бұл дегеніміз, қыз тәрбиелеу арқылы – ұлт тәрбиелейміз деген сөз. Сөйткен қазақы ұстанымға Кеңестік кезең әйел теңдігі мәселесін алып келсе, қазіргі жаһандану кезеңінде ол гендерлік саясатқа, түрлі феминистік қозғалыстарға жалғасты.
Бүгінгі күні қыз тәрбиесі хақында ойланар болсақ, көңіл құлазытар тұстар аз емес.
«Арсыз болса – қыз қорлық,
Ақылсыз болса – ұл қорлық» дейтін атам қазақ, қыздың теріс жолға түсуін ұлттың келешегіне жасалған қастандықпен тең көрген. Егеменді еліміздің 30 жылында, Аллаға шүкір, заманауи біліммен қаруланған, саналы, парасат-пайымы жоғары ұл-қыздарымыз өсіп жетілуде. Тәуелсіздік құрдастары да атаана болып, бала тәрбиелеп отыр. Өкінішке орай, біздің қазақтың кейбір қыздары осындай бейбіт заманда, мемлекеттік мектепте 11-12 жыл білім алса да, көнбіс, ынжық, алға ұмтылмайтын, мақсатсыз болатынына қынжыламын. Әлеуметтік желіні оқып отырсаң небір былапыт сөздер жазатын қазақ қыздарының жазбасына кезігесің. Қоғамдық орындарда қолда темекі, ішіп алған қыздарды көргенде таңғалмайтын болдық. Бай-манап шалдардың қолжаулығына айналған қыздардың көбейіп бара жатқандығы өтірік пе? Некесіз бала тауып, оны күл-қоқысқа лақтырып жатқандар қанша?! Бет жүзін тұмшалап, қара көйлегі сүметіліп, басқа діни ағымның соңында кеткендер жүр.
Біразы адасып Сириядан бір шықты. Осы қыздардың ата-анасы қайда, өмірге әкелгеннен басқа баласының алдындағы міндетін, тәрбие беруді неге ойламаған?!
Адам жақсылыққа тоймайды, жақсы нәрсе көп болған сайын бола берсе дейміз. Әр нәрсенің де сұрауы бар ғой. Жұмыс жоқ деген көп жағдайда сылтау ғана. Қыбырлаған адамның бәрі де нәпақасын тауып жатыр. Жоқ, олар бірден үлкен еңбекақыға тұру керек, ал өзінде әлі тәжірибенің жоқтығы, білім деңгейінің сәйкессіздігі, жұмыстың қыр-сырына үйрену қажеттігі қаперіне кірмейді.
Үкімет қыз-ұл деп бөліп жатқан жоқ, жылма-жыл колледждер мен университетке грант саны өсуде. Талпынған, миында сәулесі бар жастардың тегін білім алуға толық мүмкіндігі бар. Сөйте тұра, қыздардың мектеп бітіре сала тұрмысқа шығатынын қалай түсінуге болады? Алда өмірінің қалай қалыптасатынына көзі жетіп тұр ма? Әсіресе анау қаба сақал, қысқа шалбар «діншілдер», оң-солын әлі танып білмеген, 16-17 жастағы, мектепті жаңа бітірген қыздарға үйленеді. Себебі олардың миын улау, сендіру, айтқанына көндіру оңай ғой. Үйленді деу аты ғана, «талақ-талақ» деп үш рет айтып, қасындағы сондайдың біріне әйелін бере салады екен. Қыз байғұс жыл аралатып бала табады, кейбірі баласының әкесі қайсысы екенін де білмейді.
Бұл деген сұмдық жағдай. Осы салада зайырлы мемлекетте неге әлі күнге дейін қатаң заң жоқ, мен соған таңғаламын. Құқық қорғау саласы қызметкерлеріне де осы сұрақты қойғанымда, «Кәмелет жасына толған қыз, өзі арыз бермегеннен кейін ештеңе істей алмаймыз», – деді.
Қыздар неге әуелі мамандық алып, жағдай туындай қалғанда өзін-өзі қамтамасыз ететіндей болмасқа? Қаламызда неше түрлі мамандықтарға даярлайтын, грантқа оқытатын кәсіптік-техникалық колледждер бар. Орта кәсіптік білім алса да жерде қалмайды ғой. Соңғы жылдары үкімет жеке мектептер ашуға көп назар аударып жатыр. Көптеген елдің тәжірибесіне сүйеніп, бізде де қыз бен ұлды бөліп оқытатын мектептер ашса. Қызды қызша, ұлды ұлша тәрбиелеп көрсек, қалай болар екен деп ойлаймын.
Тағы бір проблема – біздің білім беру мекемелеріндегі психологтар рөлі. Көбінесе бір мектепте бір психолог, оның өзі 0,5 бірлікте. Немесе әлеуметтік психолог, оған мектептегі денсаулығында кінәраты бар 1-2 баланы беріп қояды, басқасымен шаруасы жоқ. Ол не болады? Бір мектепте 200-300 оқушы болған күнде де бір психолог қалай жұмыс жасайды? Әр 50 балаға бір психолог болу керек. Бұрын сынып жетекшісімен қоса пән мұғалімдері де әр баланың жүріс-тұрысына, мінез-құлқындағы өзгерістерге, жолдастарымен қарым-қатынасына, көңіл күйіне көңіл бөлетін. Бірден ата-анасымен байланысатын, ең жақын жүретін достарымен әңгімелесіп, мән-жайды анықтауға тырысатын. Қазір мұғалімдер, «Мектеп білім ғана береді, тәрбиені ата-ана берсін» деген сылтау тауып алыпты. Сонда әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы» деген өсиеті қайда қалды. Дүниежүзілік педагогика тәжірибесінде, көптеген елде, мысалы, сол Жапонияңызда бастауышта әуелі мәдениетке оқытады екен. Тек қана жапон тілі, арифметика, музыка, гимнастика, сурет, бекзат адам этикасы. Ал біз бірден «данышпан» жасаймыз деп, балалардың жүйкесі көтермейтін ауыр бағдарламамен, бастауыштан үш тіл, күрделі математика, дене шынықтыру т.т. оқытамыз. Бір ойды бір ой қуалап кетті. Бұл жерде менің айтайын дегенім – мектеп бағдарламасын баланың жас ерекшеліктерін сақтай отырып, қайта қарау керек. Ата-ана мен мектеп, қоғам тәрбиеге көп көңіл бөлу керек. Өздеріңіз көріп отырсыздар қазір балаларды интернет «тәрбиелеп» жатыр.
Қыздар жасөспірім шағынан интернет арқылы жасы үлкен адамдармен танысып, құрығына қалай түсіп қалғанын байқамай да қалады.
«Қыздың өзі үйде, қылығы – түзде» деген бар. Анасы мен қызының арасында сенімді қарым-қатынас болмаса, үйде әкенің айбары мен беделіне қоса отбасына деген махаббаты болмаса, ондай отбасында өскен қыздың жәйі белгілі емес пе? Қыз баланың жасөспірім шағында өзін мазалап жүрген ойларын, алып-ұшқан алғашқы періште сезімі-сәби махаббатын, онымен бірге келген қуанышын, қиналыстарын бөлісетін ең жақын адамы – анасы болу керек. Тоғыз ай жүрегінің астында көтеріп, кіндігімен байланысқан анасынан артық қыздың жанын кім түсінеді? Байқаймын, көп қазақ отбасында анасы мен қызы сырлас емес. Осындай отбасыларда қыздар тұйықталып, өзімен өзі болып, қиындықтан шығар жол таба алмай, ақырында қате қадамдарға барып жатады. Кейде өмірін қиятындай да шешімге барады. Бәрі біткесін мектеп пен отбасы, әкесі мен шешесі, бір-бірін айыптауға кіріседі. Кім кінәлі? Осы сұрақты Мұхтар Әуезов бір ғасыр бұрын қойса да, әлі мән бермей келеміз. Кім кінәлі, меніңше бәріміз кінәліміз.
Бүкіл қоғам болып, ата-ана, мектеп, орта және жоғары оқу орындары, дос-жолдас, туыс, көрші-көлем «Қызға қырық үйден тыйым» жасасақ, мүмкін, қыз басына түскен ауыр жағдайларды азайтармыз.
Дариға Ғазезқызы:
– Педагог – маңызды һәм жоғары жауапкершілікті мамандық. Оған таңдаулылардың таңдаулылары ғана бара алатындай тетік реттелсе ғой деп ойлайсың баз бір кездерде... Бірақ ойлағанның бәрі орындала бере ме...
Баян Ғаббасқызы:
– Дұрыс айтасыз. Педагог мамандығы маңыздылығымен қоса, киелі мамандық дер едім. Бұл мамандық иелерін «Өзгенің бақытын аялаған, өзінің уақытын аямаған» жандар деп бекер айтпаса керек. Дәріге адам тәнін емдесе, педагог – оның жанын емдейді дегенімізбен, сол адам жанын емдеудің тәнін емдеуден анағұрлым қиын екенін кез келген адам түсіне де бермейді. Оның қиындығы тек өз уақытын аямаудан, шаршап-шалдығудан, соңғы кезде жиілеп кеткен тәртіпсіз балалармен, олардың ата-аналарымен арадағы түсінбестік сияқты жүйкеге тиер жұмыстар ғана емес, оның ең басты қиындығы – жауапкершілікте. Мұғалім, қолына қабылдап алған баланың әрқайсысының болашағына жол салушы.
Мұғалім, оқытушы біткеннің бәрі – ұстаз емес. Ұстаз атану – мұғалімдіктің шыңына жету, халықтың құрметі, оған берген жоғары баға. Ұстаз өз пәнін терең меңгерумен қатар, ол – психолог та, баланың сенімді досы да бола біледі. Сыныбындағы 30-40 баланың қас-қабағынан, көңіл күйінен, барлық іс-әрекетінен кім болып жетіліп келе жатқандығын үнемі назарда ұстау оңай емес. Сондықтан педагогикалық мамандыққа жаныңның қалауымен ғана бару керек. Мейлі балабақша, мектеп не жоғары оқу орны болсын, ең алдымен сен баланы жақсы көруің керек. Балаға деген махаббаты бар адам ғана өзін, бар өмірін осы мамандыққа арнайды.
Қоғамдағы ең реформадан көз ашпайтын сала – білім беру саласы. Сәттісі-сәтсізі бар, тиімді-тиімсізі, алға басуға, білім сапасын көтеруге тигізген пайдалысы, құр уақыт алумен, жүйкені құртудан басқа әсері болмаған пайдасызы да бар, әйтеуір тынымсыз қозғалыс, ізденіс үстінде. Соның ішіндегі оң өзгерістердің бірі – мұғалімдердің жалақысы өсті, педагог мәртебесі туралы заң қабылданып, осы заң аясында педагогтің еңбегі, жеке құқығы қорғалатын болды, Үкімет тарапынан бұл мамандыққа жылма-жыл гранттар саны өсуде.
Бұл қадамдар, әрине, жастардың педагог мамандығына деген қызығушылығын, мамандықтың тартымдылығын күшейтті. Сонымен қоса, «Алмақтың да салмағы бар», бірте-бірте бұл таңдаулылардың, «тісі батқандардың» ғана баратын элиталық мамандыққа айналуда. Сосын да Үкімет педагогикалық мамандыққа оқытатын жоғары оқу орындарына түсу талаптарын күшейтті. Жоғары оқу орнына педагогикалық мамандыққа бакалавриатқа түсу үшін шекті балл 80 деп белгіленіп отыр. Оның өзі тек қана ақылы бөлімге түсуге құқ береді. Грантқа түсу 110-нан асып түсетіні сөзсіз. Бұған қоса педагогикалық мамандық бойынша университет түлектері жұмысқа тұру үшін педагог-модератор біліктілігін алу керек. Ол үшін Ұлттық біліктілік тестілеу орталығынан кәсіби шеберлік бойынша сертификаттаудан өтуге міндетті. Қолында біліктілігі туралы сертификаты болмаса, жұмыс беруші дипломы болса да жұмысқа алмауға құқылы.
Қаншама күрделілік пен қиыншылыққа толы болса да, педагог – ең бақытты мамандық иесі дер едім. Оның дәлелі жыл сайын, оқу жылының аяғында өз еңбегіңнің нәтижесін көресің. Көздері шоқтай жанған, қуаныштан бал-бұл жайнап, бір шоқ гүлімен келіп, берген білімің үшін алғысын білдірген әрбір түлек – сенің бақытың, ұлттың болашағына қосқан үлесің. Егер маған өмір жолымды қайта бастау, тағы да мамандық таңдау мүмкіндігі туса, мен қайтадан педагог мамандығын таңдар едім. Қайтадан дәл осы өмір жолымды таңдар едім. Себебі мен мамандық таңдауда қателеспедім, ол жөнінде еш өкінішім жоқ.
Дариға Ғазезқызы:
– Ой орамдарыңыздан «Үзілістің» оқырмандарына сүбелі сыбаға тартқаныңызға рақмет. Сізбен дидарласу, пікір бөлісудің бір ғана «Диалогқа» сыймайтынын көріп отырмын... Алдағы уақытта тағы да бір оралып, әңгімеміз жалғасын табар...
Ұлағатты ұстаз үлгісі болып, ортамызды толтырып аман-есен жүріңіз.
Дариға Мұштанова,
«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,
Ы. Алтынсарин белгісінің иегері,
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,
ҚР Мәдениет саласының үздігі