19.05.2022, 9:00
Оқылды: 16

Мәңгілік тақырыпқа диалог

«Үзілістің» бүгінгі қонағы — педагогика саласының ардагері, «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері, Казталов ауданының Қараоба ауылындағы «Әжелер шуағы» ансамблінің жетекшісі Ырысты Жүнісқызы Қайсағалиева.

IMG-20220519-WA0000

Дариға Ғазезқызы:

– Ырысты, қарап отырсам, біз екеумізді табыстырған – ұстаздықтың қасиетті жолы екен. 2005 жыл ма еді, Алматыға мұғалімдер сиезіне делегат болып қатысып қайтатынымыз?

Бүкіл саналы ғұмырыңда табан аудармастан  білім елінде, соның ішінде бір ғана мектепте  еңбек етіп, құрыштай шынығып, осынау күрделі де нәзік жұмыстың қызығын да, шыжығын да толық  бастан өткеріп шығып, абыройлы зейнеткер-ардагер болып отырсың, міне.

Бүгін – өткенге сыншы, өткен күндер де кейінгіге кінәмшіл көзбен қарайды... Шола  қарасаң, не есіңе түседі?

Неге қуанып, неге мұңайып қаласың? Өз басым, зейнетке шыққаныма біраз болса да, әлі күнге сол кездердегі түрлі жағдайды қайта ой елегінен өткізіп, уақыт таразысына салып отырамын. Мұғалімдік қадағалағыш мінез қалмайды екен ғой.

Ырысты Жүнісқызы: 

– Әрине, қалмайды. Сұрақтар мен жауаптардан тұратын, риясыз көңілмен атқаруды қажет ететін мамандық қой, мұғалімдік деген. Қиындықтар есіме түссе, сол кездерден қалай да  сүрінбей, абыроймен өткенімізге шүкіршілік қылам.

Негізі, мұғалім болу үшін не мейіріммен, не қатал (қатыгез емес!) талапшылдықпен жұмыс істей білу керек. Бала мұғалімді жақсы көруі, болмаса, қорқуы керек. Екінің бірі. Түйіп шыққаным - осы. Тәртіп болмаса, азады.

Қуанатыным — мен балаларды мейіріммен тәрбиелеп, оқытқан екем. Қарғадай күнімде сонау Қызылорданың Жалағаш ауданында туып-өскен мен осы Қараобаға келін болып түстім. Жолдасым екеуміздің мамандығымыз бір – филология факультетінің музыка және өнер бөлімі болғасын, сағат жетпей, мен қазақ тілін оқытатын болдым. Оған қоса, класс жетекшілігім бар. Класым тентектеу, асаулау болды. Жылдар өтті. Шәкірттер есейді. Қатар жүреді ауылда...

Бір күні, осы 4-5 жыл бұрын Жарас деген оқушымнан сұраймын ғой: «Сендер осы мұғалімдерге «күн көрсетпейтін» «жынды» класс болдыңдар, сонда жап-жас маған не қып қарсыласпадыңдар, неге шуламадыңдар?» деп. Сөйтсем, «қарт» шәкіртімнің: «Апай, біз сонда сізді ренжітіп алмайық деп қорқып отыратынбыз» деп  жауап бергені. Жүрегім жып-жылы болып кетті... Тағы бірде ауылдың ішінде үйге қайтып келе жатсам, ойланып кеткенмін ғой, байқамаппын, соңымнан қалмай бір трактор еріп келеді. Озбайды да, қалмайды.  Мен түсінбеймін. Сөйтсем, тракторшы – шәкіртім екен, қатарласа бере кабинадан басын шығарып: «Апай,  тезірек жел жағына қарай өтіп кетіңізші, сіз шаңға қалады деп жүре алмай келемін» деп айғайлайды.

Бір мұңайып қалатыным, сабақты «4» пен «5»-ке оқыған түлектердің ішінде қарсы кездессе, сәлем бермей өте шығатындар болып қалуы мүмкін,  ал бар ғой, мына «3»-пен оқып шыққан шәкірттер жолыңды қия кесіп өтпейді, адамгершіліктері зор болады. Түсінбеймін соған, өте жақсы оқитындар о бастан өзімшілдеу бола ма екен, әлде, өзіміз құлдық ұрып, төбемізге шығарып аламыз ба екен, психологиялық зерттеу жасауға тұрарлық бір нәрсе бар...

Дариға Ғазезқызы: 

– Иә, бала психологиясын баладай кісі, яғни, балалығын ұмытпаған кісі ғана түсінетін шығар.«3»-пен оқыған бала өз мүмкіндігіне қарай әлі жеткен шамасымен күшенбей оқып, еркін ойнап өскендіктен, қарапайым һәм шынайы мінез қалыптасқан болар, мүмкін. Ал озат болу, «Алтын белгіні» қорғау, ҰБТ-да аз балл жинап қалмау, т. б. толып жатқан күйзелістен талып шыққан шәкірт мұғалім, мектеп атаулыдан безіп кететін болар, көріп қалғанда сол кездер естеріне түсіп. Көңіл дегенде иірім көп, кім білген, көкіректіктен, тектен болуы да мүмкін. Ойландырып тастадың.

Ырысты Жүнісқызы: 

– ҰБТ-ны қос-қолдап жақтаушылардың бірі мен болдым басында. Себебі не? Себебі таза білімі бар балалардың кедей-бай деп жікке бөлінбей, жоғары оқу орнына түсуіне мүмкіндік ашылды. Әттең... «Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы, Боқтан сасық боласың өлсең тағы. «Менімен сен тең бе?!» деп мақтанасың, Білімсіздік белгісі – ол баяғы» деп Абай бабамыз айтқандай, алуан айла-шарғы араласып, бүлдіріп жіберді ғой бертін келе. Сүйеніші, ақшасы жоқ, бірақ жақсы оқыған балалардан қабілеті жоқ,  ақшасы көптер озып шығып жатты. Сонда ғой, «Бір нашар оқушы 100 балл жинады»  дегенде, «200 ұпай алмағанына шүкір» деп еріксіз мысқылдап жіберетінім. Енді қайтейін, сабақ білмейтін баланы білетін баладан  өп-өтірік оздырғанына пұшайман болғаным ғой. Күйіп кетесің көзің көріп тұрғасын,  балалардан ұяласың, жаның ашиды. Қайта, осы бір-екі жылдан бері ҰБТ-ның  әділ өтуіне көңіл бөлініп,  дұрыстала бастады. Әйтпесе  сауатсыз мамандардың сала-саланы осы жайлағаны – жайлаған болып қала беретін еді. Біз – қадағалаушылармыз ғой, өзіңіз айтқан. Әр істің төсегін танып,  әдібін біліп отырамыз. Бізден кім сұрар дейсіз бірақ...

Дариға Ғазезқызы: 

– «Әр заманның өз сұрқылтайы бар» дегендей, оқыту үрдісі де уақыт ағымына, өмір лебіне қарай ма, әлде басқаша да бір ырғақтар екпінімен бе, әйтеуір, көз ілеспес шапшаңдықпен өзгерістерге ұшырап жатқан сияқты. Әр оқу жылы сайын басында бір жаңалық, аяғында бір жаңалық шығады. Қазір тіпті, әлмисақтан бері қарай келе жатқан – түсіндіру, талдау, тапсырма беру, күнделікті бағалау тәсілінің өзін лақтырып тастадық. «Баланың өз-өзінен тұлғалық дамуы» дегендей, балдыр-батпақ бір нәрселер...

«Бала, баланың ісі шала» дегенде,  «қадағала»,  «шегелені»  нұсқаған емес пе халық нақылы? Мектеп бітіргенше эксперименттен-эксперимент қалдырмай келе жатқан жас өркеннің түбі кім болып шығатынын елестете алмаймын.

Ішінде өзімнің немерем де бар. Білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылаудан, аралық және қорытынды мемлекеттік  аттестаттаудан өткізудің ережесін оқып қарасаң, миың ашып кетеді.

«...1-4 сыныптардағы үлгерімді ағымдағы бақылаудың негізгі міндеті – «білу үшін оқу керек» деген оң уәждемені қалыптастыру. Бастауыш сынып оқушыларын iс-әрекетiнде ойын басты әдiс болып табылады»:

«... 1-4 сынып оқушыларын сапалы дайындау үшiн тұлғалық қабiлеттерiн барынша есепке алуға, әрбiр оқушының даму мүмкiндiгінiң жылдамдығын дамытуға мiндеттейдi, бағдарламаларды бағыттайды, даму ерекшелiктерiн есепке ала отырып, оқушылардың дайындық сатысында бiлiм беру жүйесiнiң мониторингiн ұйымдастыруды құру мен оқу тәрбие үрдiсiндегi басты мiндеттердiң орындалу ретiн бақылайтын бақылау-талдаудың айқын жүйесiн қарастыра отырып:

– бақылау бағдарламасының барабарлығы;

– диагностикалы аспаптарды таңдаудың нақтылығы;

– бақылау ырғақтылығы хронометражы;

– әрбiр оқушының қарқынын бiрiздiлiкпен бақылау.

Мониторинг жүйесi оқушының жеке тұлғалық сапасын барынша есепке алуға жәрдемдеседi және оқудың әрбiр сатысында бiлiмдi және iскерлiк дағдыны түзетуге бағытталған» деп кете береді.

«Мен өлең түсінуден қалған екем»  деп күліп еді баяғыда бір журналист ағам  татымсыз жыр кешінде тартымсыз шумақтарға дүркірете қол соғып, өтірік қолпаштаған даңғазадан тынысы тарылып... Сол айтқан,  менің де білім беру процесіндегі қазіргі үрдіске түсінбей, дүдамалдықпен қарайтыным бар. Көп ата-әжелер (немерелердің сабағын қарайтын солар ғой көбіне) балалардың күнделікті оқуға ықылас-ынтасы жоқ екенін, «зачет» тапсырарда кітаптың бетін бір-ақ ашатын студент сияқты, бақылау кезінде  ғана сүлесоқ дайындыққа отыратындарын айтады... Оның үстіне, оқулықтардың сапасыздығы да «Ірімшікке май қондырғандай» болды.

Ырысты Жүнісқызы: 

– Өмір бойы бас алмай, ұстаздықпен айналысқан адам болғасын, мен де мектептің бүгініне бейжай қарай алмаймын. Сабақтың дәнегі мұғалімнің сол сабақты түсіндіруінде ғой. Жанды процесс. Балалардың көзіне қарап тұрып түсіндіретін-тұғынмын жаңа сабақты. Кімнің тыңдап, кімнің тыңдамай отырғанын да сондықтан біліп қоятын-тұғым. Оқушы көзіме қарап отырмаса, түсіндіргім келмей қалатын. Сол  тіке байланыс  үзіліп қалды деуге болады бүгінде,  үзілмесе, соған жақын. Қашықтан оқу деген де – оқу емес, амал қанша?!

Дәстүрлі күнделікті сабақты тексеріп, бақылап, бағалап отырмайынша болмайды ғой. Баланың аты – бала. Немерені үйден өзім қосымша оқытып отырған әжелердің бірімін мен де. Басқа амалым бар ма? Бір танысым айтады: «Мектепке шығып бара жатқан немереме «Балам-ау,  кеше келгеннен сөмкені қолыңа алып, сабаққа әзірлік жасағаныңды көрген жоқпын. «2» алып қалсаң қайтесің?» десем,  «Ой, әже, саспа,  сабақ сұрамайды ғой осы күні  бізден ешкім» деп күледі», – деп. Міне, бағыт осы.

Өз басым, амалсыздан үлкен немеремді ақы төлеп, ZOOM-мен қосымша оқыттырып отырмын. Өзіміз үшін. Қазіргі оқу үрдісі – «Кімге білім керек болса, сол өз бетінше оқып алсын, қажет деп санаған  ата-ана ақысын төлеп оқытсын» дегенге саятын  сияқты.

Оқулықтарда «Интернеттен  қарап, тауып оқы» деген тапсырмалар беріледі, ал... «Қазақстанда әлі күнге интернеті жоқ ауылдардың бар екенін және аз емес   екенін білмейтін, тіпті мектептен де алыс  адамдар жазады емес пе екен?» деп ойлайсың сондайда. Осындай олқылықтармен, ала-құла жағдайлармен, мектептегі жылдар бойы «жаңартылған оқу бағдарламасы» деп аталатын «зачеттік» тәртіппен үстірт оқып шыққан шәкірт тәмам 11-сыныпқа келгенде шырт оянып,  ҰБТ-ға әзірлікке тұра ұмтылады. Оқу орталықтары, репетиторлар... Бастауыштан бастап, жылдан-жылға  мықты негіз қаланбағасын, қасықтап қабылдап, сіңіріп оқымағасын, бір жылда бәрін түгелдеп алу мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес.

Осы бір кезекті эксперименттері аяқтала келе қайтадан ақылға қонымды оқу үрдісіне оралар деп ойлаймын,  бірақ  мына бұлыңғыр кезеңдегі оқушылардың тағдырына кім жауап береді? Осының бәрі неге? Не үшін? Әлде, менікі консерваторлық көзқарас па?

Дариға Ғазезқызы: 

– Мәңгілік тақырып қой бұл... Өмір қалай құбылса,  солай құбылып отыратын шығар, бірақ «Оқусыз – білім жоқ,  білімсіз күнің жоқ» екені хақ. Музыка пәнінің мұғалімі мамандығын алып, әуелі қазақ тілі мен әдебиетінен, одан тарих пәнінен дәріс бере жүріп, адал еңбегіңмен абырой биігіне шыққан даңқты мұғалімсің.  «Мейіріммен тәрбиелеген ұстазбын»  дедің бір сөзіңде. Сол мейірім үш енең, «Аңыз болған абысындар»  повесінің кейіпкерлері – Сақыпжамал, Сақып, Ділдә аналары­мыздан алған тәлімнің де септігі болған шығар? Осы кітаптың жазылуына мұрындық болған өзің едің. Ащысы мен тұщысы қатар жүретін өмірде сен де біраз жүкті қайыспай көтеріп алған аналардың бірісің. Сол кітаптың таныстырылымына қасиетті Қараоба ауылына бар­ғандағы бір сәт есімнен кетпейді. Ұлыңның қазасынан соң аза тұтып, сахнаға шықпай қойыпсың. Жарқ етіп күлмейсің. Үніңде – мұң, жанарыңда – қайғы. Бірақ өз-өзіңді жеңіп, ел үшін, енелеріңнің аруағы үшін мектептегі де, ауыл клубындағы да шараға қатыстың, естелігіңді, алғысыңды айттың. Сол кезде шәкірттеріңнің бірі «Апай, ән айтыңызшы» деп өтініш жасады қиыла. Зал қобалжып,  күтіп қалған. Сен сәл кідіріп, төмен қарап ойланып кеткендей болдың да, «Жарайды. Балаларым үшін...» деп жігерлене бойыңды тіктедің. Дауысың керемет қой, әрине. Өйтпесе, әйгілі джаз-әнші Батырхан Шүкеновтың туған жиені боласың ба!

Ертеңіне клубтағы кездесуде де ауылдастардың, ағайындардың өтінішімен ән салдың.«Енелерің басыңдағы аза жамылғысын сыпырып тастады бүгін, Ырысжан.

Сен бүгіліп кете ме деп қорқып едік, жылдан асса да, үн қатпай қойғасын» деп жылап тұрып сөйледі сонда бір қарт ана.

«Иә, асыл енелерім тағы да қайрат беріп, өмірге оралтты» дедің сен де толқи күрсініп. Ал мен сол жерде Қараобаның сөзбен айтып жеткізе алмайтын бір нәзік қасиетін танып тұрдым. Көзбен көріп, ішпен білетін ғана қасиет.

Ырысты Жүнісқызы:

– Енелерім рухты адамдар еді шынымен. Елге де рух берді деп ойлаймын,  өмірден өткендеріне 25 жыл болғанда осы кітап арқылы. Полигонның қасіретін қаншама кешкен, неғып өліп қалмаған десеңізші?! Сол аппақ ниеттері қорғап қалған шығар. Сынақ боларда елді басқа жаққа көшіріп тастайтын көрінеді. Біраздан соң қайта оралуға рұқсат береді. Сондай алашапқынның бірінде мамамдар үйлеріне кіре бере естерінен танып құлаған ғой.

Сүйреп шығарады ауыл адамдары. Қайта кірсе, қайта құлайды. Содан әскери адамдар келіп, үйді тексерген. Ортада еденге  көмілген әлдебір затты құралмен тауып, қазып алып кеткен. Содан кейін ғана талып құлау тоқтапты. Сөйтіп жүріп те  өмірге құштарлықтарын өшірмеген, күресін тоқтатпаған сүйегі асыл жандар ғой үлкендер. Біздерге олардай болу қайда-а! Заман тыныш болсыншы тек... Не бір зобалаңды бастан кешіп, «аузы күйген» елміз ғой...  Менің  қыз күнімдегі фамилиям – Қарақұлова болатын. Сол Қарақұл атам қазығына құт дарыған дәулетті адам болған екен. 28-дің кәмпескесіне ілігетін болып, қуғындалып, бастарына қатер төнген соң, ағайындарын, бала-шағасын алып, Өзбекстанға босқан. Бала-шағасы дегенде, ол кісінің төрт әйелі болыпты, сол төрт жолдасының бірін екі баласымен елге қалдырып кеткен, бәлкім, аман қалар деген болар. Айтқандай, сол елде қалған екеудің біреуі – Жүністен біз туыппыз. Алты бала едік. Ел көрген қорлықтың бәрін бірге көріп, «Байдың баласы» деп көзге шұқудың талайын бастан кешіп өскен әкем марқұм «Көресіні өз жақындарымыздан көрдік» деп күрсінетін ауыр жылдарды жабыға  еске алғанда.

Әлі есімде, 6-класта оқып жүрген кезім, тарих сабағы. Мұғалім Бұқар жырау тақырыбын бастады. Баламын ғой, «Ол менің атам! Батыр болған, ол Кенесары ханның досы болған!» деп отырған орнымнан тақ еттім, қолымды көтерер-көтерместен. Үйдегілерден, жасы үлкен тумалардың отырысынан естіп жүрген әңгімелерім шығар. Ағай сол жерде «Тек! Сенің атаң Бұқар жырау емес,  Бұқарбай! Сен Бұқарбайдың ұрпағы Қарақұл байдың тұқымысың...» деп тыйып тастады. Үйге жылап келдім. «Мен Қарақұлова болмаймын, ол бай болған екен, жау болған екен» деп тулап. Сонда әкем басымнан сипап, жұбатып отырып, «Уақыт келеді әлі, қызым. Кімнің жау,  кімнің дос екені сонда анықталар. Қарақұл атаңның бұл елге жасаған жақсылықтары көп. Бай деп ағайынның түртпегімен ілініп кеткен, негізі, жалшы ұстамаған, өз шаруасын өзі баққан  әулет болған...» деп бастап, өткеннен біраз әңгіме айтып беріп еді.

Арада жылдар өтті. Бірінде туған ауылым Жалағашқа барсам, аудан орталығының қақ ортасында Бұқарбай батырдың ат үстінде отырған дулығалы, сауытты, керемет айбынды ескерткіші тұр! Ұшып отырып үйге келдім де: «Мен қазірдің қазірінде тарихшы ағайға барам, баяғыда бетіме басып, жылатып қойған Бұқарбай бабамның кім екенін енді айтсын!» дедім жеңгеме. «Ә-әй, ол ағайың о дүниеге кетіп қалған,  аталарыңнан сол жақта кешірім сұрап жүрген шығар» деп екпінімді басты сонда жеңгем. Сол Қарақұл атамның өзбек жеріне босқан балаларынан кім өліп, кім қалғанын да білмейміз.  Бір-екі ұл аман өсіпті деген көмескі сыбыс бар... Әжем қолымызда болды. Ол да Өзбекстанға барып, көрместі көріп, ақыры, «Елге барып өлейін» деп, поезға отырып, кері қашқан ғой жалғыз. Елдің адамдары танып, «Ой, Алла, мынау біздің Байекеңнің кемпірі ғой»  деп түсіріп алыпты. Сол өзім бауырында өскен әжемнің де Қарақұл атамның емес, оның інісі Андағұлдың әйелі екенін әбден ол кісінің көзі жұмылған соң,  өзіміз де есейген кезде бір-ақ білдік... Бауыр деп осыны айт! Сондай қысылшаң кезеңде де сызат бермеген бауырмалдық-туыстық  қатынас осынау бейбіт заманда неге  сетіней жаз­дап тұрғанын түсінбеймін.

...О баста оқыған  өнер мамандығым да, кейін Махамбет Өтемісов атындағы гуманитарлық  университеттен алып шыққан тарих пәнінің мұғалімі деген мамандығым да өмірлік азығым болды.

Қызығып, сүйіп атқардым қызметімді. Қоғамдық жұмыстан да қашпадық. Жолдасым (марқұм) Бектемірмен қолұстасып жүріп, елден өнерімізді аямадық. Зейнетке шыққан соң мектеп музейінің жұмысын қолға алып,  біраз жыл ауылдың өткенкеткен тарихын түгелдесуге (шаршағанша) атсалыстым. «Әжелер шуағы» ансамбліміз де ауылдың ажарына ажар қосып, өзіміздің көңілімізге де шуағын түсіріп тұрады. Қарап отырсам, зейнетке шыққаннан кейінгі жұмыстарым да сол баяғы  ұстаздығымның  заңды жалғасы сияқты. Дәрігердің қашанда дәрігер болып қала беретіндей, ұстаз да өмір бойы ұстаздықты қоя алмайды екен.

Дариға Ғазезқызы:

– Солай, иә... Топ адамның ішінен «Мұғалім»  атты мамандықтың иелерін адамдар қалай танып  қойса, мұғалімнің де қоғамның қалтарыс-бұлтарысын кәнігі көз, жүйрік көңілмен саралап,  шамалай жүретіні рас. Мен үшін әр адам – оқылмаған бір-бір кітап. Тірі кітап. Тетігін тауып сөйлете біл де, тыңдай біл. Бауырмалдықтан да, бас­қасынан да арыла жаздап тұрғанымыз – сол тыңдау қабілетімізді де қойып бара жатқанымызда ғой. Ұйып тыңдайтын орта болса, тіл шешіледі... Мәселе сонда.

19 жасыңда Қараобаға келін болып түсіп, осы елге «тастай батып,  судай сіңген» ғибратты ғұмырыңның ар жағында қандай тектілік жатқанын енді ғана біліп отырмын.

... Тарқата берсең, тарқатыла беретін түрі бар мына әң­гіме арқауының. Әзірге осы жерден тоқталық. Құймақұлақ тыңдарман, ойлы оқырман аман болсын да көп болсын!

Дариға Мұштанова,  

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,

Ы.Алтынсарин белгісінің иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале