1.09.2023, 20:30
Оқылды: 81

Маңызды міндет – сапалы білім беру

Бүгін Парламент сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын тыңдадық.  

IMG-20230901-WA0089

Президентіміздің тапсырмасы аясында халықтың тұрмыс сапасын арттыруда бұған дейін бірқатар жұмыстар жүзеге асырылды. Соның бірі мұғалімдер жалақысының екі есеге артуы, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мектептер құрылысының басталуы. Орал қаласында апат алдындағы, тығыздылығы басым мектептердің мәселесін шешу мақсатында алдағы екі жылға жоспарланған 9 білім ошағының үшеуінің құрылысы басталды.

Қасым Жомарт Кемелұлы жаңа Жолдауда жаңа міндеттердің басымдығына тоқталып, міндеттердің үш жылдың ішінде орындалуы тиістігін атап өтті. Бұл міндеттер еліміздің экономикасын, халықтың тұрмысын арттыруда маңыздылығы жоғары екенін ел азаматы ретінде қуаттаймын. Оның ішінде экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету үшін маңызды жобалар дайындау, қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайту, агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс берер бастамаларды жүзеге асыру, тауарлы газдың ресурстық базасын кеңейту және басқа да басым міндеттердің іске асуы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталмақ. Осы ретте әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналатын болады.

Білім саласының өкілі ретінде Жолдаудағы білім беру, балалардың адал азамат, тұғырлы тұлға ретінде қалыптастырудағы тапсырмаға ерекше көңіл бөлдім. Бізге жүктелген міндет – балаларымыздың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз ету. Осы ретте білім мекемелерінде оқушыларға жайлы орта қалыптастырудағы жұмысымызды одан әрі жалғастырып, жас буынның қауіпсіздігін, психологиялық саулығын қадағалауды назарда ұстайтын боламыз.

Маңызды міндет – сапалы білім беруде мектептердің материалдық техникалық базасын нығайтуға, мұғалімдердің біліктілік санаттарын көтеруге басымдық берілетін болады. Биыл қала мектептерінің материалдық техникалық базасын нығайту мақсатындағы қаржыландыру 13 пайызға өсті. 2000-ға жуық ұстаз пәндік құзыреттілік, мәселелі тақырыптарды ашу және инклюзивті білім беру бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, 556 педагог біліктілік санаттарын көтерді.

Біздің алдымыздағы тағы бір маңызды тапсырма – бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстарының қолжетімділігін қамтамасыз ету, бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу, мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылу.

Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін жастарға отаншылдық, білімпаздық, еңбекқорлық, тәртіп пен адалдық, әділдік, үнемшілдік және жанашырлық қасиеттерді сіңіруіне ықпал ету. Бұл біздің үздіксіз жүргізілетін тәрбие жұмысымыз арқылы нәтижелі болмақ.

Жолдауда жүктелген осы және еліміздің дамуы жолындағы мақсатқа жетудегі маңызды міндеттерді орындауда оралдық педагогтар өз үлестерін қосады деп сенемін. Білім саласының өкілдері жас ұрпақты ортақ отанымыз – Қазақстанды өркендету, ұлан-ғайыр жерін қорғауға, бабалар аманатына адал болуға тәрбиелеуде бір кісідей жұмылып еңбек етері хақ.

Индира Амертаева,

Орал қаласы білім беру бөлімі

әдістемелік кабинетінің

меңгерушісі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале