13.10.2022, 10:03
Оқылды: 49

Маңызды науқанға дайындық мығым

Биыл 20 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өтеді. Ел ішінде сайлау науқанына дайындық басталды. Саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер жоба-жоспарын пысықтап, үміткерлерін ұсынды. Орталық сайлау комиссиясы Президент сайлауын өткізуге қызу дайындалуда. Кеше Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов  саяси науқанға дайындық барысы туралы айтты.

капаков гайса_2020

Ғайса Хамидоллаұлының мәліметінше, өңірде 505 сайлау  учаскесі бар. Сайлау комиссиясында 3259 мүше болса, оның 98-і аумақтық, 3161-і учаскелік комиссияның мүшесі. 29 қыркүйек – 4 қазан аралығында облыстағы сайлау учаскелерінің қайда орналасқаны туралы төлқұжат дайындалып, ол қалалық және аудандық газеттерге жарияланған. Бүгінде сайлау комиссиясының мүшелері кәсіби деңгейін арттыру бағытында  білім жетілдіру курсынан өтуде. 10 қазанда басталған курс  6 қарашада аяқталмақ. Содан соң олар арнайы тест тапсырып, кәсіби деңгейін дәлелдейді. Тесттен өтпегендер сайлау комиссиясы мүшелігінен  шығарылады.

– Тізім бойынша облыста 447 251 тұрғын Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысуы керек. Біз тізімді нақтылап, әр сайлаушыға шақыру қағаздарын дайындаудамыз. Егер тұрғындар белгілі бір себептермен сайлау учаскесін ауыстырғысы келсе, 20 қазанға дейін жергілікті атқарушы құрылымға барып, өтініш жазуы керек. Сондай-ақ Бөрлі ауданының Ақсай қаласында сайлау учаскесін таңғы сағат 06:00-де ашуды жоспарлаудамыз. Өйткені Ақсай қаласында вахтада еңбек ететін азаматтардың дені жұмысқа таңертең ерте кетеді.  Соларға мүмкіндік жасауымыз керек. Көшеге Президент сайлауы туралы билбордтар ілінуде. Көп қабатты үйлердің қабырғаларына сайлау учаскесі туралы ақпараттар да жапсырылуда. Үгіт-насихат іс-шаралары өткізілетін орындар дайындаудамыз. Сайлауға қатысу – әр тұрғынның азаматтық борышы. Президент сайлауы арқылы еліміздің тағдыры шешілетіндіктен, саяси науқанға немқұрайлы қарауға болмайды, –  деді  Ғайса Хамидоллаұлы.

Президенттікке үміткерге бірқатар талап қойылады. Нақтырақ айтсақ, оның ҚР азаматы болуы, Қазақстан аумағында соңғы 15 жыл бойы тұруы, жоғары білімді, жасы 40-қа толған және белсенді сайлау құқығының болуы, мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы маңызды. Мемлекеттік тілде еркін сөйлеуі қажет. Сондай-ақ Президенттікке  үміткерлер үгіт-насихат жұмысын 21 қазанда бастайды және ол 28 күнге созылады. Үгіт жүргізу 18 қараша күні сағат 18.00-де тоқтатылады. 19 қараша – сайлау алдындағы тыныштық күні.

Гүлсезім Ерболатқызы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале