Қоғамда мейірім мен аялы алақанға мұқтаж жандар көп. Әсіресе тағдыр жазуымен егде жаста жалғыз өмір сүруге мәжбүр қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандар жетіп артылады. Соларға жағдай жасау – қоғам алдында тұрған маңызды міндет. Бүгін біз өз мамандығын ерекше жақсы көріп, қызмет алушылардың алғысына бөленіп жүрген жан туралы сыр шертпекпіз. Аты-жөні – Биязгүл Мұқатова.
Ол – Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету орталығының әлеуметтік қызметкері. Бұл саладағы еңбек өтілі - 10 жыл. Жалпы әлеуметтік қызметкерлер мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарияларға бес бағыт бойынша: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-медициналық және әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсетеді. Әрі көмекке мұқтаж жандарды дәрігерге апарады, үйлерін жуып-тазалайды. Психологиялық қолдау көрсетіп, құжаттарын рәсімдеуге жәрдемдеседі.
– Мен сегіз зейнеткерге әлеуметтік көмек көрсетемін. Олардың арасында мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Әр зейнеткерге аптасына екі рет барып, екі сағат уақытымды бөлемін. Қызмет алушылардың үйіне барғанда, алдымен, амандық-саулығын сұрап, көңіл күйлерін байқаймын. Сосын «Бүгінгі күнге қандай жоспарыңыз бар?» деген сауал қоямын. Көненің көзін көрген қариялар ғой, атқаратын жұмыстарын жоспарлап қояды. Бірі «Халық» банкіге барып, зейнетақымды алып келейік» десе, енді бірі халыққа қызмет көрсету орталығына барып, құжаттарын алып келуін өтінеді. Не болмаса азық-түліктің тізімін беріп, орталық базардан сатып әкелуімді сұрайды. Дәрігерге жазылып қойса, бірге емханаға барамыз. Қан қысымы көтеріліп тұрса, тонометрмен өлшеп, дәрілерін әкеліп беремін немесе «Жедел жәрдем» шақыртамын. Аптасына бір рет міндетті түрде үйлерінің еденін жуып, шаңтозаңын тазалап тұрамын. Қызмет алушыларым маған үйренді, мен де оларға бауыр басып кеттім. Әрқайсысының тағдыры әрқилы. Бірі бұл өмірде ұрпақ сүймей, жалғыз қалса, енді бірінің балалары шетелде тұрады. Кейде олар телефон соқпай, мұңайып отырса, «Әже, уайымдамаңыз, үлгермей қалған шығар, ертең хабарласады» деймін. Сол кезде жандары жадырап, «Иә, солай шығар. Әйтпесе, анасын ұмытпайды ғой...» деп күрсінеді. Ертеңіне хабарласса, мәз болып, «Балам хабарласты!» деп маған звондайды. Бір жыл алты ай бір орыс әжеге әлеуметтік көмек көрсеттім. Жасы – 81-де. Жалғыз баласы Канадада тұрады. Биыл шілде айында сол әже тепе-теңдігін сақтай алмайтын дертке шалдықты. Содан 15 жыл дегенде ұлы Орал қаласына келіп, анасын ақылы қызмет көрсететін әлеуметтік орталыққа жатқызып, кері кетті. Негізі 15 жыл бұрын келгенде әжені Канадаға алып кеткісі келіпті. Бірақ әже бармаған екен. Қазір сол сапардан бас тартқанына өкінеді. «Егер сағаттың тілін артқа шегеріп, өмірімді өзгертуге мүмкіндігім болса, 66 жасымда жалғыз ұлымның артынан мұхит асып кетер едім. Ол кезде денсаулығым да жақсы болатын. Қазіргідей тағдырдың талқысында жалғыз өзім қалмас едім...» деп мұңаяды. Сондай кезде мәпелеп өсірген, білім алуына жағдай жасаған аналарын қартайғанда балалары тастап кетпесе екен деп іштей тілеймін. Ол әжейде және оған қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерде менің телефон нөмірім сақталған. Бауыр басып кеткендіктен, кейде сол орталыққа хал-жағдайын білу үшін хабарласамын, барып тұрамын. Сонда Оралдағы үйін сағынғанын айтады. «Туған үйімнің қабырғалары да ем болар еді» (В родном доме и стены помогают) деп. Қызмет алушыларымның дені 80-90 жаста. Олардан ұқыптылықты, тиянақтылықты, тамақты ысыраптамауды, халықтық ем-домды үйрендім. Өйткені олар денсаулықты нығайтуға қатысты газет-журналдарды көп оқиды. Ақыл-кеңесін маған айтады. Қала берді, гүл баптап, солармен сөйлеседі. Гүлдері бүршік жарса, қуанады. Соларға қарап, гүл баптауды да үйрендім, – дейді Биязгүл Сайлауқызы.
Кейіпкеріміз Сырым ауданының Жетікөл елді мекенінде көпбалалы отбасында 1967 жылы өмірге келген. Қалиевтер әулетіндегі он бір перзенттің екіншісі болып жарық дүниеге көрініпті. Өсіп-өнген әулетте тәрбиеленген соң, ол кішкентай кезінен бауырларына жанашыр, қамқор болып өскен. Бірде бес жасар сіңлісінің қос өкпесі пневмонияға шалдығып, Сырым аудандық ауруханаға апару қажет болады. Дәрігерлер дерттің асқынғанын байқап, бүлдіршіннің өміріне қауіп төніп тұрғанын айтады. Әкесі жұмыста, анасы сегіз айлық сәбимен үйде отырған соң, бүлдіршін Биязгүл дәрігерге «Құндақтағы бауырымнан анамды ажыратпаңызшы. Бауырым да ауырып қалар. Сіңлімнің қасына мен барамын. Емдеп жазып, үйге аман-сау алып келемін» деп ауруханаға сұранып барады. Ол кезде кейіпкеріміз 12 жаста екен. Ауруханаға келген соң науқасты дәрігерлер дәрі-дәрмекпен емдесе, Биязгүл бауырының сауығуы үшін әлсін-әлсін тамағын беріп, жаттығу жасатып, кеште ертегі оқып беретін көрінеді. Сіңлісі ине ұстап келе жатқан мейірбикеден қорқып, жыласа, оны аяп, Биязгүлдің де қосылып жылаған сәттері аз болмапты. Содан емдеу курсын толық аяқтап, апалы-сіңлі бауырлар үйге аман-есен оралған.
Кейіпкеріміз мектепті бітірген соң 1988-1993 жылдары Атырау қаласындағы педагогикалық институтта оқыған. Мамандығы – тәрбиеші-психолог. Білім ордасын тәмамдаған соң Орал қаласындағы «Жас дәурен» балалар үйіне тәрбиеші болып қызметке орналасады. Бүлдіршіндер жыласа, жұбатып, қуанса, марқайып, аналық мейірімін төгіп, сол балалар үйінде 10 жылға жуық қызмет еткен. «Алақай, мама келді!» деп қарсылап, қоштасқанда «Үйге аман-сау жетіп алыңыз!» деген сөздер марапаттың төресі ғой» деп еске алады. 2013 жылы Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету орталығына қызметке орналасады. Бүгінде ол – үлкен-кішінің алғысына бөленіп жүрген абыройлы маман. Қолы қалт етсе, бауырларын іздеп, хабар-ошарын біліп отыратын кейіпкерімізді ауылдағы ағайын-туыстарының балалары «Үлкен мама» деп атайтын көрінеді. Өйткені бауырларының, жиендерінің балалары Орал қаласындағы университет, колледжге оқуға түссе, Биязгүл Сайлауқызы мен жұбайы Елтайдың үйінде жатып, тәрбиесін көру бұл әулетте дәстүрге айналған.
Жүрегінің кеңдігі жүзіндегі мейірімнен байқалып тұратын кейіпкеріміз - бақытты жар, ана. Жұбайы Елтай екеуі үш перзентті болып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-жиен сүйіп отыр.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz