Сүйіндік ағайды біз қарттардың ауылына дендей еніп, 80-ге келген ақсақал болады деп ойлаған жоқпыз сонау бала, оқушы кезімізде. Ол біздің ағамызға қарттықты, 80 жасты қимағанымыз емес, қайта ағамызды қарттыққа қимағанымыз болатын. Біз оқып жатқан Тайпақ орта мектебіне ол сонау 1969 жылы институтты бітірген бойы келді. Жілік майы толмаған, қылшылдап тұрған жас жігіт кезі екен.
Бұл біздің ағайымызды алғаш көргеніміз және ғұмырда солай тұра береді деп іштей ойлап, балалық көңілмен сенгенімізден шығар. Алайда жылдар жылжып, өз дегенін істейді екен. Ұстазымыз сеңгірлі сексенге иек артты. Қайырлы жасыңыз болсын дей отырып, ағайдың ғұмырнамасына құлақ түрсек.
Сүйіндік Елекешұлы Еркашев 1944 жылы 20 наурызда Тайпақ ауданының (қазір Ақжайық) Қырыққұдық ауылында дүние есігін ашыпты. Балалық шағы соғыстан кейінгі жоқшылық, ауыр кезеңге тура келген. Ол кезеңді, мектепке алғаш барған жылын Сүйіндік ағай былай тарқатар еді:
– Анамыз түнімен отырып шамның жарығымен кенептен дорба-сөмке тігеді. Әлгінің ішіне әліппені, сосын дәптер жоқ, шәйдің жапырақ-жапырақ ақ қағаздарын салып береді. Жазуды соған жазамыз. Аяғыма ағамнан қалған кенеп бәтеңкені кигізеді. Оны мектепке келгесін шешіп қоямын. Балалар да солай істейді. Өйткені аяқ киімдеріміз ойынға, жүгіріске көп шыдамайды, жыртылып қалады. Жазда аяқ киімнің не екенін білмейміз, күзгі суық түскенше жалаңаяқ жүреміз. Қыста керзі етікпен, фуфайкамен жүреміз. Соңынан интернатқа жаттық, оның қара нанымен, сылдыр көжесімен орта мектепті аяқтадық қой...
Сүйақаң әріп таныған кезінен кітапқұмар болған екен. Қолына тиын-тебен түссе, басқа балалар құсап кәмпет-прәндік алмай тек қана кітапқа жұмсайды. Оларын жинап, жоғалтпай, өзінше жеке кітапханасын жасақтайды екен. Ауылдың жетіжылдық мектебін бітіргенше сол ауылдағы кітапхананың барлық әдеби кітабын оқып тауысыпты. Бір қызығы, орысша-қазақша деп қарамайды, шетінен оқи берген. Жетінші сыныпты түгесіп, басқа жерге оқуға кетерде өзінің жеке кітапханасына жинаған үш қап кітапты сол Қырқұдықтың кітапханасына тарту еткені де ағамыздың бала кезінен ерекшелеу, ойын қумай, ой қуған жеткіншек болғанын байқатпай ма?..
1962 жылы Калмыков орта мектебін бітіріп, сол жылы Орал педагогикалық институтына қазақ мектептеріне арналған орыс тілі-әдебиеті мамандығы бойынша оқуға түсті. Алайда бірінші курсты бітірген бойда Сүйіндік Еркашев жалындаған жас кезеңінің үш жылын Солтүстік Орал тауларында әскерге берді. Жоғарғы сыныпта оқып жүрген кезінде жүгіруге, шаңғыға бейім еді. Сол әдетін әскерде жүргенде әрі қарай жалғастырды. Үш жыл бойы жазда жүгіруден, қыста шаңғы тебуден әскери бөлімде алдына жан салмай, озып келіп жүрді. Әскерден оралған бойда пединституттағы оқуын жалғастырды. Мұнда да жүгіру мен шаңғыны бір сәтке тастаған жоқ. Сәл кейін облыстың құрама командасына қабылданып, талай ірі жарыстарға қатысты. Бұл кезде Сүйіндік ағамыз аса алыс қашықтыққа жүгіретін (42 шақырым 195 метр) марафоншы ретінде де көзге түсіпті.
Енді біз Сүйіндік ағамызбен қалай таныстық, соған келейік. Жоғарыда айтқан 1969 жылы қыркүйекте сегізінші сыныпқа (Тайпақ орта мектебі) келген біз сияқты қойшы-малшы, тракторшы, жұмысшылардың балаларының алдында денесі сымдай тартылған, жағына пышақ жанысаң от шығарардай 25-тердегі жігіт тұрды. Институтты осы кеше тәмамдап келген беті екен. Екі қолын артына ұстап, әрқайсымызға қабағының астынан шүйіле қараған түріне біз алғашқыда күлкімізді жасыра алмай, біріміздің арқамызға біріміз тығылғанымыз есімде. Ағай одан сайын түсін суыққа салып, әрқайсымызға сүзе қарап, тіпті қызық болғаны. Сосын арасында арқасына ері батқан сәйгүліктей екі иығын көтеріп қалады екен (Бала деген пәленің байқамайтыны жоқ қой, кластасымыз Мұрат санап отырса керек, кейін «ағай 45 минутта иығын 357 рет қиқаңдатты» деді бізге). Ағай орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Оқулығымыздағы көрсетілген шеңберден шығып кетіп, сабағын еліктіріп, қызықтырып беретін. Орыстың осы қалай деген ақын-жазушыларының өмірінің бізге беймәлім тұстарын әңгімесіне тамызық етіп, бізді қызықтыратын өзіндік әдісі болатын. Бәріміз де ауыл баласымыз, орысшаға мүлдем шорқақпыз, түсінбейміз. Түсінбегесін тыңдамаймыз, шулап тентектіктің неше шұрайлысын шығарамыз. Сондықтан бізге орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі шақ келмейтін. Ал Сүйіндік ағайдың келуімен жағдай 180 градусқа өзгерді. Әдеби кітабы көп екен, бір атан түйеге жүк болардай. Арасында құмартқандарымызға оқуға беріп, кейін қалай түсінгенімізді тәптіштеп сұрап, талқылайтын. Жазда елең-алаңда тұрып жүгіретін ағамыз қыс келсе, шаңғыға тұрып, тоғайға қарай ызғытып бара жатады. Біз бұған кереметтей қызықтық та, ағайға қалай ілескенімізді байқамай қалдық. Ол кезде дене тәрбиесінен бізге басқа ағай беретін. Бірақ біз Сүйіндік ағайға үйірсек едік. Тіпті мектеп директорына «дене шынықтырудан бізге Сүйіндік ағай берсін» деп барып ұрыс естігеніміз бар. Оның сойылдай себебі болатын. Өйткені дене тәрбиесінің мұғалімі сәл тентектік жасасақ, мектептің спортзалы деп аталатын жатаған ескі үйдің ішіне тек ер балаларды алып қалып, қыздарды «далаға барып ойнаңдар» деп шығарып жібереді де, бізді кезектеп жұдырықтың астына алатын. Таңба түспесін деп іштен, бүйірден ұратын. Ал Сүйіндік ағай сырты суық болғанымен, саған қабағының астынан шүйіле қарағанымен ішкі дүниесі, жүрегі толып тұрған мейірім. Қанша еркелік танытсақ та қол жұмсамақ түгілі, дауыс көтеріп ұрыспайды. Бір қызығы, Сүйіндік ағайға «балаларды жүгіруге тарт, шаңғы тептір» деп жатқан ешкім болмаса да, сабағынан тыс уақытта өз бетімен бізді үйрете берді. Соның да әсері шығар, кейін осы жолдардың ауторы облыстық спартакиадаға қатысты. Ал саналы өмірін әскерге арнаған, бүгінде доғарыстағы майор Мырзашев Темір: «Сүйіндік ағайдың қысы-жазы бізді шыңдағанының пайдасын әскерде көп көрдім. Талай жарыстарға қатыстым. Ағамыздың сол бала кезімізде бойымызға сіңірген спортқа деген құмарлық әлі басылған жоқ. Әлі күнге шаңғы тебемін» деп ылғи айтып отырады қазірде.
Ұстазымыздың аузынан институтта өзін оқытқан М. Тілеужанов, С. Жигалин, Н. Фокин, Е. Салихов сынды ұстаздардың есімдерін жиі еститінбіз. Оларды құрмет тұта сөйлейді. «Ертең институтқа түссеңдер, ол ағаларыңды өздерің де көресіңдер» деп әр шәкіртінің көкірегіне үміт отын қондырып отырады. Ал ұлы педагогтар А. Макаренко, Ы. Алтынсариндерді әулиедей көреді. Оларды темірқазық тұтатын өзіне, соларға ұқсауға тырысатын. Алғашқы ұстаздық жылдарында жас мұғалімге шын ақылшы, жанашыр болған аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Қайрекен Кенжеалиевті, инспектор Фарид Иманқұловты Сүйіндік ағай бүгінде ылғи сағына есіне алады. Тайпақ аудандық оқу бөлімінде 10 жылдың үстінде Қайрекен ағамыздың басшылығымен еңбек етіпті. Мектептердің жұмысы туралы толып жатқан анықтамалар, жоғарыдағы, төмендегі мекемелерге хат-хабар, нұсқаулықтар жазу, жоспарлар жасақтау, арасында мектептердің жұмысын тексеру сияқты жұмыстар жыл – он екі ай жүріп жататын. Бүгінде Сүйіндік ағай: «Қайрекен Таңатарұлы өте іскер адам еді. Қай уақытта демалатынын білмеймін, қашан келсең де, қашан көрсең де жұмыс істеп отырады. Мен де ол кісіден қалмай, таңертеңнен кешкі сағат 8-ге дейін жұмыстан тапылжымайтынмын» дейді. Содан шыққан болар, Сүйіндік ағаймен бірге жұмыс жасаған Фарид ағамыз: «Бұл Еркашев Сүйіндік – Тайпақтағы ең сауатты, іскер, тыным табуды білмейтін, өте жұмыскер адам» депті.
Жақсы ұстаз, адамгершілігі биік азаматты алдыңғы толқын ағалары да бір жерде көп аялдатпай, жауапты жұмыстарға жұмсап отырған. Интернат меңгерушісі, аудандық оқу бөлімінің инспекторы, мектеп директоры болды. «Жақсы кадр партияға да керек» дегендей, Тайпақ аудандық партия комитеті аттай қалап, зор жауапкершілік жүктеп өз қатарына шақырды. Ол жұмысты да ұршықша үйірді. Қысқасы, Сүйекең қай жұмысты да шашасына шаң жұқтырмай адал, жеріне жеткізе атқарды. Зейнет демалысына шыққанда да қоғамдық жұмыстардан қол үзбей, ақсақалдар кеңесінің төрағасы болды. Алқаусыз еңбегі мемлекеттік марапаттармен әлденеше әспеттелді. Талай рет Құрмет грамоталарына ие болды. 1976 жылы «Қазақ ССР-ы халық ағарту ісінің озық қызметкері» атанды. Бұған ҚР Президентінің алғысхатын қосып қойыңыз.
Бүгінде Сүйіндік ағамыз Атамекен ауылында (Ақжайық ауданы) тұрады. Үлкен қызы Бақыт, бала-келіні, немерелерімен, кіші қызы Гүлмира мен күйеу баласы Асұланның тілектері сол ағамыздың үстінде. Ал Сұлу жеңгей ағамыз үшін мынау жарық дүниеде Алланың берген сыйындай десек, еш қателеспегеніміз.
Осыдан жиырма жыл бұрын бастан өткен мына бір оқиғаны Сүйіндік ағамыз көп айта бермейді. Тура алпыс жасқа толатын күні мектептің ІІІ тоқсанының есебімен ауданға шұғыл кетіп бара жатып, Жайықтағы бетіне қызыл су жүгірген мұздан жаяу өтуге тура келді. Жас баланың еңбегіндей былқылдап жатқан мұз күрт ойылып, күмп ете түсті. «Отчет суға кетеді-ау!» деген ой санасын тіліп өтіп, (өзін ойламай тұр ғой) шым батып бара жатқан сәтінде құжаттар толы жуан папканы аулаққа қарай, құлаштай лақтырды. Мұз астына тартқан қатты ағыс, суға бөккен қалың киім құрдымға сүйреп, ахиреттің аузы арандай ашылды. Спортқа жас күнінен піскен шымыр дене аяқ астынан киліккен қауіппен қасарыса айқасты. Бүкіл бұлшық еті болат серппедей түйіліп, денесін мұз бетіне қайта-қайта лақтырумен болды. Ақыры шықты-ау, мұз бетіне! «Отчет жайына қалған болар сол күні, ағай?» дейміз бүгінде бала күнгі еркелігіміз ұстап. «Жоқ. Тоғай ішіндегі құрғақ ағаштарды жағып, малмандай киімдерімді кептіріп алдым да сол күні ауданға жетіп, отчетті үлгерттім» дейді Сүйекең бізге қабағының астынан баяғыдай сүзіп жіберердей қарап. Сексенге шығып жатса да ағамыз әлі де сол күйі, ащы терін алып, таңасырып қойған жүйріктей. Тек қимылы шау тартып, баяулағаны болмаса.
Баяғыда ағамыз 70-ке келіп жатқанда 42 шақырым, 195 метрді алқынбай өтетін жігіт шақтың сарқыты Сізді аман-есен 100-ге жеткізгей деппіз, біздер шәкірттері. Сол айтқанымыз айтқан, қадірлі ұстазымыз!
Темір Мырзашев,
ҚР Қарулы күштерінің доғарыстағы майоры,
Есенжол Қыстаубаев,
Қазақстанның құрметті журналисі