10.12.2021, 9:40
Оқылды: 48

Мәреге жеткен марафон

Жыл басында бастау алған «Әдеби марафон» жобасы өз мәресіне жетті. Ж.Молдағалиев атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасында өткен аталмыш  іс-шараға негізінен Қазақстан халқы ассамблеясы облыстық филиалының өкілдері, барлық деңгейдегі кітапханалардың тұрақты оқырмандары мен  қызметкерлері, әдебиет пен өнерге жақын жандар қатысты. 

IMG_3880 

Айта кетелік, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Ж. Молдағалиев атындағы ОӘҒК-ның 150 жылдығы аясында ұйымдастырылған бұл марафонның мақсаты – облыс аумағындағы өзге ұлттардың мәдени құндылықтарын зерттеу, оны барынша сақтау және кейінгі толқынға насихаттау. Өңірдегі этно­мәдени бірлестіктермен бірлесіп қолға алынған аталмыш жобаның негізгі ауторы һәм бастамашысы, «Кітапхана ісінің ардагері» Мүгілсін Бекбау қазір арамызда болмағанымен, әріптестері оның ісін лайықты жалғастыра білді.

Жалпы, марафонға  үш облыстық деңгейдегі және 10 аудандық орталықтандырылған кітапхана  мен төрт этномәдени қоғамдық  бірлестік белсене атсалысқан. Олар жыл бойы zkolib.kz  сайты мен  Facebook, Instagram әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында 130-дан астам буктрейлер жариялаған. Сонымен бірге әр ұлттың көркем әдеби туындыларына талдау жасалып, кейбірінен үзінділер оқылып, тыңдаушыларына керемет әсер қалдырғаны байқалды. Атамекендерінен шет жүрсе де, өз тілдерінде әуезді ән шырқап, ұлттық киім үлгілерін көрсетушілер де болыпты. Бұл ретте кітапханашылардың шығармашылық ізденіспен еңбектенгендері көрініп-ақ тұр. Осы күні көгілдір экран арқылы көрсетілген бейнеүзіктерден мұны айқын аңғаруға болады. Батыс Қазақстан өңірін мекен еткен 14 ұлт өкілінің  қай-қайсысы да марафонға белсене атсалысып, кейбірі тиісінше сый-құрметке бөленгенін де жеткізе кетелік. Бұл қатарда еврей, неміс, кәріс және ұйғыр қоғамдық бірлестіктері бар. Ал  «Әдеби марафонның» әрін келтірген жекелеген кітапханалар ұжымы  «Шешен әдебиеті», «Өзбек әдебиеті», тағы басқа да аталымдар бойынша арнайы дипломдармен және құрмет грамоталарымен марапатталды.

Сонымен, мәреге жеткен марафонның көшін бастаған кімдер? Бұл жолы Бәйтерек ауданына қарасты Дариян  ауылдық және осындағы модельді балалар кітапханалары жеңімпаз атанды. Екінші-үшінші орындар тиісінше Теректі ауданындағы Федоровка орталықтандырылған және зағип жандарға арналған облыстық мамандандырылған кітапханалардың еншісіне тиді.

Жиынды қорытындылаған Ж.Молдағалиев атындағы ОӘҒК директорының орынбасары Нұрлыгүл Сағынова жеңімпаздарды құттықтап, марафонға атсалысқан әріптестері мен барша белсенділерге өз ризашылығын  біл­дірді.

Бауыржан  Махутұлы,

     zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале