9.04.2021, 10:22
Оқылды: 15

Мәскеуде жолыққан махаббат

Биыл амандық болса, 102 жасқа толатын Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Григорьевич Кувшиновты Оралдағы 3 мектептің ұжымы, мектеп шәкірттері мен түлектері қатты құрметтейді. Өйткені жеңіс сарбазы осы білім ошағында ұзақ жыл математика пәнінен сабақ беріпті.

 Кувшинов (3)

Иван Григорьевич физика-математика факультетін соғыстан кейін тәмамдаған. Ал майданға жаратылыстану факультетінде оқып жүрген студент кезінде алынған. Жас жігіт Қазан қаласында жасақталған 124-дербес шаңғышылар батальонына қабылданған. Мұндай батальондар түн мезгілінде жау тылына барлау жасауға немесе тұтқиылдан шабуыл жасап, азық-түлік, қару-жарақ қоймаларын, жанармай бекеттерін жоюға пайдаланылған. Оларды немістер «ақ сайтандар» деп атапты.

Әрине, жау тылына жасалған жиі жорықтардан жауынгерлер- де көп шығын болған. Осындай ұрыстардың бірінде, 1942 жылдың сәуір айында Иван Кувшинов жарақат алып, емделгесін танк бригадасына жіберіледі. Ол өздігінен жүретін зеңбірек қондырғыларының командирлері жетіспей жатқан уақыт еді. 1942 жылдың ортасына таман қандай-ма бір білімі бар сарбаздардың барлығын оқуға жолдайды. Сөйтіп, жарты жыл оқығаннан кейін Иван Григорьевичке лейтенант шені беріліп, қайта майданға аттанады.

Арада аз уақыт өткенде тағы жараланып, бұл жолы жарақаты ауыр болып, бірнеше госпитальда емделген И.Кувшинов әрі қарай әскерге жарамсыз деп танылады. Содан Мәскеуге, танк дивизиясының штабына ауыстырылған. Осы Мәскеу қаласында Иван Григорьевичтің өмірін күрт өзгерткен кездесу болыпты. Яғни жас жігіт орталық телеграф жанынан өзінің болашақ жары Ольга Винникованы жолықтырып қалады. Негізі, Олямен екеуі Орал пединститутында бірге оқып, бір-бірін ұнатып жүріпті. О. Винникова да Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия жерлерін жаудан азат етуге қатысқан жауынгер екен.  Қос майдангер соғыстан оралғасын Орал қаласында отау құрды. Адам төзгісіз қиындықтарды қатар бастан кешірсе де, екеуі өмірге құштарлықтарын жоймады. Әлемдегі ең ізгі мамандықтардың бірі ұстаздықты ғұмырларына серік қылды.

Иван Григорьевич әуелі қалалық дене шынықтыру және спорт комитетінде еңбек жолын бастап, сосын математика факультетіне оқуға түсіп, мектепте жұмыс істеді. Шәкірттеріне есеп үйретіп қана қоймай, олардың салауатты өмір салтын ұстануларына да көп көңіл бөлді. Ольга Сергеевна алғашында мұғалімдер кітапханасында, кейін №5 және №2 мектептерде мұғалім болды. Ал Ворошилов атындағы зауыт («Зенит») ауданында жаңа мектеп салынғасын,  Кувшиновтар сол мектепке бірге келді. Иван Григорьевич математика пәнінен, Ольга Сергеевна биология пәнінен сабақ берді. Үлгілі отбасы үш перзент тәрбиелеп өсірген бақытты ата-ана атанды.

Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.

 

zhaikpress

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале