Өзі еңбек еткен ортасы ғана емес, бүкіл ел мойындаған ұстаздар баршылық. Солардың бірі – ұлағатты ұстаз, КСРО халық ағарту ісінің үздігі Зейін Сабырғалиев.

Зейін Сабырғалиұлы Ордадағы М.Горький атындағы мектепті үздік бітіріп, 1955-1960 жылдары Гурьев педагогикалық институтында білім алды. Сонда оқып жүргенде-ақ пәнді жетік білетін студент атанады. Бұл туралы сол кездегі Гурьевте шығатын «Прикаспийская коммуна» газеті жазыпты.
Бүгінде Жәнібек ауданының құрметті азаматы атанған оның тұла бойы тұнған өнеге. Сабырлы мінезі, салиқалы сөзі, алдына келген жанға зер сала қарап, тосылдырып тастайтын өткір көзі, бірқалыпты жинақы қозғалысы, сенімді, мығым басқан қадамының өзі математика сияқты дәлдікті, тепе-теңдікті сақтап тұрғандай сезіледі. Ол Жәнібек ауданында 62 жыл бойы ұстаздық етіп, бірнеше жүздеген шәкіртті білім нәрімен сусындатты. Оның жолын қуып, сандар әлемінің шым-шытырық ғажабына еліткен математиктер қатары ауданда ғана емес, республика көлемінде абыройлы еңбек етуде. Оқушыларға «Математика – ғылымдардың анасы», «Математика – ақыл-ойдың жиынтығы» деген қанатты тұжырымдарға негіз болған қиын да қызықты пәнді меңгертіп, оны сүйіп оқитындай дәрежеге жеткізуде тәжірибелі ұстаздың еңбегі ұшан-теңіз. Бірнеше жыл бойы аймақтық әдістемелік бірлестікті басқарып, әріптестеріне оқытудың оңтайлы һәм тиімді әдістерін ұсынып отырды.
Ол Жәнібек ауданы Қамысты ауылындағы М.Калинин, бертінде Е.Ниетқалиев атындағы мектеп болып аталған білім ошағында 1962-1979 жылдары оқу ісінің меңгерушісі, 1979 жылдан 1986 жылға дейін мектеп директоры қызметін атқарды.
Аудан математиктерінің ұстазы ретінде ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына түлектерді дайындаудың жолдарын зерделеп, әріптестеріне жол сілтеді. Нәтижесінде тестілеу қорытындысы бойынша Жәнібек ауданы бірнеше жыл бойы республикада алғашқы ондықтың ішінде болды. Тәжірибелі ұстаз өзі дәріс беріп, басшылық жасаған жылдарда мектепте үздік оқып, «Алтын белгіге» ие болған шәкірттерін мақтан етеді. Ұлағатты ұстаздан дәріс алып, оның жолын жалғастырған Үмітжамал Сариева, Зайда Құсенова, Гүлшат Қабдысалықова сықылды мақтаулы математиктер өздерінің жетістіктерін Зейін Сабырғалиұлының есімімен байланыстырып айтады.
Зейін аға – ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, жерлестерінің ыстық ықыласына бөленген жан. Салауатты өмір салтын насихаттап, замандастарына үнемі үлгі көрсетіп келеді. Кезінде «Учительская газета» басылымы ұйымдастырған дәстүрлі шахмат турнирінің бірнеше дүркін жеңімпазы. Ол еңбек жолының алғашқы он жылдығында-ақ «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісін өңіріне тақты. Бүгінде 85 жасқа келіп отырған ардагер ұстаздың өмірі – өскелең ұрпаққа өнеге.
Нұрым Нұрманов,
zhaikpress.kz