7.04.2023, 9:15
Оқылды: 12

Маусым тең ойынмен ашылды

Жайық жанкүйері футбол маусымын ашты. Бірі күншығыста, бірі батыста орналасқан бірінші лиганың қос фавориті – «Ақжайық» пен семейлік «Елімай» Оралдың алаңында кездесті. Келер маусымды премьер лигада өткізсек деген қос команда маусымалды жиындарын ойдағыдай өткізіп, сапын біраз шебер футболшылармен толықтырды.

IMG-20230407-WA0000

Бірінші лиганы тақиясына тар көретін ұжымдар ойын басынан басымдықты өз қолына алуға тырысып бақты. «Ақжайық» сапында Эльдар Абдрахмановтың оң қапталы белсенді болса, «Елімайдың» Берік Шайхов пен Нұрсұлтан Советқазы ойраңдаған қапталы алаң иелерінің мазасын алды.

IMG-20230407-WA0005
Кубок бәсекесінде қарсыластарын аямаған оралдық шабуылшы Арман Смаиловты тұсап ұстамаса, жағдайы қиындайтынын білсе керек, семейлік ұжым Арманға қарсы тәжірибелі тарлан Берік Айтбаевты шығарды. Ал шабуылшыны әдемі паспен қамтитын Микола Агапов «Елімайдың» жапониялық ойыншысы Такуя Мацунагамен тайм бойы алысты.

IMG-20230407-WA0004
Қорғаныста қарап жатқысы келмеген қос команда алма-кезек шабуылдап, бір-бірінің осал тұсын іздеп бақты. Мирам Сапанов пен жас ойыншы Роман Божко семейлік шабуылшылар Арман Нүсіп пен Мохаммед Еңсебаевты тұсап ұстаса, Валерий Карашкевич пен Бақытжан Мәліков «Ақжайық» шабуылына жауапты Евгений Кобзарь мен Завен Бадоянның еркін көсілуіне кедергі келтірді. Осылайша ойынның бірінші бөлігі 0:0 есебімен аяқталды.

Екінші тайм ойынға үлкен өзгеріс алып келмеді. Қос команда дүркін-дүркін шабуылдап бақты. Ойынның 65 минутында Денис Ясковичтің қапталдан берген әдемі пасына ашыла білген Евгений Кобзарь айып алаң ішінен әдемі ашылған Арман Смаиловты тапты. Допты ыңғайсыз қабылдағанымен, Арман соңына дейін айқасып, командасын алға шығарды. Бірақ алаң иелерінің бұрыштама берілген кездегі қателегі семейлік команданың есепті теңестіруіне әкеп соқты. «Ақжайық» қақпасын орталық қорғаушы Берік Айтбаев дәл көздеді. Осыдан соң қос команда бапкерлері ойынға өзгеріс енгізе бастады. Семейлік бапкердің ойынға қосқан футболшысы Дмитрий Шмидт сенімді ақтай алмай, қызыл қағаз алып алаңнан қуылса, Игорь Прохницкий қосқан Бақдәулет Көңілімқос пен оралдық жас талант Рысбек Қоңыров «Ақжайық» ойынына қан жүгіртті. Рысбек сол қапталда ойқастап, семейліктердің мазасын алса, Бақдәулет оң қапталды өз меншігіне айналдырды. Әсіресе, ойын аяқталар тұста айып алаңына суырылып кірген Бақдәулет Арман Смаиловқа тамаша пас шығарған еді. Жайық жұртының өкінішіне орай «Елімай» қақпашысы оралдық шабуылшының соққысын қайтарды.

IMG-20230407-WA0002
Қорыта айтар болсақ, екі команда да жеңіске жақын болды. Кей ойын сәттерінде қақпашылар мықтылық танытса, кейде шабуылшыларға сәттілік жетпей жатты. Қорытынды есеп – 1:1. Енді бірінші лиганың қос фавориті қайсысы мықты екенін Семейде анықтайды.

IMG-20230407-WA0001
Ойын соңындағы баспасөз мәслихатында «Елімай» бас бапкері Ринат Алюетов Оралға келіп, оңай ұпай алып кетем деп ойлаудың өзі қате екенін айтты. Сондай-ақ команда құрамында жергілікті жас таланттардың көбейгенін тілге тиек етіп, «Ақжайыққа» сәттілік тіледі.

Одан соң тілшілер алдына келген «Ақжайық» командасының бас бапкері Игорь Прохницкий тең дәрежеде өрбіген ойынның итшығыспен аяқталуы заңдылық екенін жеткізді.
-Алма-кезек шабуылмен өткен ойын жанкүйердің ішін пыстырмады. Біз де, қарсыласымыз да жеңіске жақын болдық. Маусым басында кей жерде мықты көрінсек, әттеген-ай дер аспектілер де табылады. Дайындықты күшейтіп, қателерімізді жөндеп, мықты тұсымызды одан әрі күшейте түсеміз, - деді «Ақжайық» бапкері.
Одан бөлек, Игорь Иванович жұмыс күніне қарамастан, стадионды лық толтырған оралдық жанкүйерге ерекше алғысын білдірді.

Енді «Ақжайық» екінші тур ойынын сәуірдің 13-і күні «Екібастұз» клубына қарсы өткізеді. Ал сәуірдің 19-ы күні ел кубогінің 1/8 финалдық ойынын өткізу үшін Алматыға аттанады.

Ол кезеңдегі қарсылас – атақты «Қайрат».

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале