8.12.2020, 10:38
Оқылды: 48

«Махамбет» оқырманға жол тартты

Өткен аптаның соңында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде «Махамбет»  республикалық әдеби-мәдени, танымдық журналының  тұсаукесері өтті.

303F27A0-44B4-417F-9D4B-A5C3373EF2F4

Басқосуға журналдың құрылтайшысы, «Болат-медиа» мекемесінің директоры Болат Батыр Алматыдан арнайы келді. Ал басылымның бас редакторы, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің  профессоры, филология  ғылымдарының докторы Қадыр Жүсіп қашықтан байланысқа шығып, құттықтау тілегін жолдады.

Онлайн сипатта ұйымдастырылған шара аталмыш оқу орны жанындағы «Рухани жаңғыру» институтының ұйымдастыруымен қолға алынған болатын. Журналдың таныстырылымына арналған салтанатты жиында Ақ Жайық өлкесіне танымал ақын-жазушылар мен өлкетанушылар, театр қайраткерлері мен бір топ ғалымдар бас қосқан еді.

Кеш шымылдығы мәдениет және өнер факультеті студенттерінің қобызда орындаған Ықыластың күйі «Кертолғау» және Махамбеттің «Қиыл қырғыны» күйлерімен түрілді. Бұдан әрі «Махамбетті пір тұтып» деген бөлімінде филология факультетінің студенттері Махамбет жырларынан үзінділер оқыса, «Тебіреніп шынайы жыр арнадым, Салмақ салып саналы жүрегіме» бөлімінде жас ақындар Махамбетке арнау өлеңдерін көпшілік назарына ұсынды.

Алдымен сөз алған жиынның модераторы, «Рухани жаңғыру» институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев журнал туралы өзінің ойын білдірді.

– Біз өз кезегімізде мынадай ой түйіндедік: қазақ жырының ой-санасы –  Абай, ар-намысы – Махамбет. Абайдың ғибратымен, Махамбеттің жігерімен еңсе тіккен әлеумет бірі – рухани ұстазымыз болса, бірі – рухани ұранымыз. Айтса айтқандай, бүгінгі күні Махамбет Өтемісов атындағы білім ордасында «Махамбет» журналының тұңғыш рет тұсауын кескелі отырмыз. Бұл біз үшін іргелі, мәнді, мағыналы оқиға болмақ. Ең бастысы, студент қауымға, жаңа ұрпаққа берер түйіні, тағылымы мол деп ойлаймыз. Қиын кезеңге қарамай, қуанышымызға ортақтаса келген барлық ел ағаларына, сыйлы қонақтарымызға ерекше алғысымды білдіремін. Журналдың тұсаукесері негізі биылғы жылдың наурыз айына жоспарланған еді, өкінішке орай, әлемде орын алған жағдайға байланысты ұзап кетті, бүгін орайы келген сәтті күн болды. Алдағы уақытта университетіміздің профессор-оқытушылар қауымының, ғалымдарының әлеуетін көтеретін, іргелі, сериалды мақалалар жарыққа шығатын болады, – деген Абат Сатыбайұлы жиналған қонақтарды ортаға шақырып, ресми түрде журналдың  тұсауын  кесті.

– Ардақты ағайын, қадірлі қонақтар, киелі қара шаңырақ саналатын білім ордасына, «Махамбет» деп атау берілген республикалық әдеби-танымдық журналының тұсаукесеріне қош келдіңіздер! Махамбет – қазақ әдебиетін  дамытуда ерекше орны мен рөлі бар біртуар ірі тұлға, ақын, әрі ұлт-азаттық көтерілістің басшысы. Махамбетті сөз қуатын, тұңғиығын терең барлаушы деп де айтуға болады. Халық алдында әділетсіз хан-сұлтандарды масқаралап, тайсалмай сөйлеп, әділдіктің туын тіккен ұлт батыры. Сондықтан біздің университетімізде тұңғыш рет тұсауы кесілгелі отырған аталмыш журнал ақын рухын одан әрі асқақтатады деп сенеміз. Бұл журналды шығару туралы идеяның туындағанына біраз уақыт өтті. Жас ұрпақ үшін қолға алғымыз келген іске қос қолдап қолдау білдірген Болат Батырға ерекше алғысымызды білдіреміз. Бұл журналдың университет өмірінде рөлі ерекше болатынына сенімдіміз. Мақсаты – махамбеттануды одан әрі дамытып, болашақ өскелең ұрпақты патриоттық, отансүйгіштік рухта тәрбиелеп, ата-бабамыздың асыл мұрала-рын кеңінен насихаттау болып табылады. Болашақта «Махамбет» журналы қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар, бірегей басылымға айналуына шын тілектеспіз, – деген  М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Қажымұрат Ахмеденов журналды баспадан шығаруға қолдау білдірген, «Махамбет» журналының құрылтайшысы Болат Батырұлына университет ректорының шешімімен алғашқы рет М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың «Құрметті өкілі» деген академиялық атақты табыстап, арнайы алғысхатпен  марапаттады.

– Биыл аты жаман індет келіп, қиын-қыстау уақыт болды десек те, әдеби-мәдени өмірімізде үлкен жаңалықтарға, айтулы оқиғаларға толы жыл болды. Ұлт ақыны Қадыр ағамыздың, Халық қаһарманы Жұбан ағамыздың мерейлі жылдарына байланысты шараларды ел болып атап өттік. Бұл «Махамбет» журналының жарық көруі осы әдеби-мәдени шаралардың заңды жалғасы деп білемін. Мазмұны бай болуына тілектеспін. Бұл журналдың осы білім ордасында тұсауының кесілуі де заңды құбылыс дер едім. Ахмет Байтұрсынов айтқандай, «Баспасөз – халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» дегендей, басылымның ғұмыры ұзақ, оқырманы көп болсын, – деген Қазақстан Жазушылар Одағы БҚО филиалының төрағасы Бауыржан Халиолла ізгі тілегін арнады.

Жиында одан әрі «Махамбет» республикалық әдеби-мәдени, танымдық журналының бас редакторы, танымал қаламгер Қадыр Жүсіп онлайнмен құттықтауын  жеткізді.  

– Қадірлі жамағат, бүгінгі күнді қазақ халқының тарихындағы ерекше күн деп есептеймін. Журналдың тұсаукесері осы университте аталып өтуін тарихи оқиға дер едім. Сондықтан ең алдымен, М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың ректоры Нұрлан Серғалиев пен білім ордасының ұжымына «Махамбет» журналының бас редакторы ретінде шынайы ризашылығымды білдіремін. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Ресей елінің қазақтарға жасаған қастандығы, қысымшылығы, патшаның озбыр саясаты, Жәңгір ханның өктемдігі, оның айналасындағы атқамінерлердің қорлығын көріп, жүрегінен өткізіп, әділдік орнату үшін қолына қылыш алып, Исатаймен тең жүріп, азаттық үшін күрескен батыр, ол – Махамбет. Ал ХІХ ғасырдың екінші жартысында кемеңгерлік ойымен, қазақ халқының қарайған жүрегіне жол ашып, жырға сусындатқан Абай еді. Сондықтан ХІХ ғасырды ерекше ғасыр болды деп айтуға  болады. Оның біріншісі –  Махамбет, екіншісі – Абай. Екеуі жарысып жыр жазған  жоқ, керісінше қазақ халқын қараңғылықтан құтқару үшін бар күші мен қайратын жұмсаған еді. Махамбет бабамызды еске алғанда соқыр көзден жас шығады. Өзінің қысқа ғана ғұмырында небір сұмдықты басынан өткеріп, басын қатерге тіккен болатын. Сондықтан Махамбетті күнделікті өмірде насихаттап жүру, оның есімін ұрпақтар жадында ұлықтау – біздің адами парызымыз, – деді Қадыр  Өтегенұлы.

– Ақсұңқар сынды ұлт үнінің жаршысы Махамбет ақын – қазақ поэзиясының қайталанбас, біртуар ірі өкілі. Қазақ халқының тәуелсіздік жолында жанын да, қанын да аямаған ұлт батыры хақындағы мәліметтерді жинақтай айтсақ, Махамбет – қыран-қия биігіндегі ақын. Асыл алмастай тіліп түсетін орақ тілді өлеңін бүгінгі ұрпақ жатқа оқиды. Махамбетті толық тану үшін Шернияз ақынды зерттеп, ақылман арқылы толғатқан жөн. Осы орайда «Махамбет» журналының жарыққа шығарылуы рухы асқақ жас ұрпақты тәрбиелеу үшін аса қажет, – деп ой түйді журналдың құрылтайшысы, «Болат-медиа» мекемесінің директоры Болат  Батыр.

Салтанатты басқосуда одан әрі өлкетанушы Жайсаң Ақбай, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева, театр қайраткері Құжырғали Төлеуішов сынды елге танымал тұлғалар Махамбет туралы ойларын ортаға салып, оқырманға жол тартқан  жаңа  басылымға сәттілік  тіледі.

Журнал алдағы уақытта тоқсан сайын, жылына төрт мәрте жарыққа шығатын болады.

Ләззат Шағатай,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале