9.04.2021, 19:18
Оқылды: 39

Махамбет университетінің магистранттары Ғылым күні қарсаңында ғалым дәрісін тыңдады

Ғылым саласы қызметкерлері күні қарсаңында бүгін М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің филолог магистранттары өзім жүргізетін «Әдебиеттанудың өзекті мәселелері» сабағында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты Әлмира Қалимен кездесу өтті. Әдебиетші ғалым апайымыз “Қазіргі әдебиеттану: өзекті мәселелері мен зерттеу стратегиялары» тақырыбында дәрісін оқып, магистранттарымыз қазақ әдебиеттануы саласында жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулер бағытында көкейінде жүрген сауалдарын жолдап, әдеби сұхбатқа ұласқан кеш болды.

64810CEA-5796-4FD4-AF55-2FAA72D045E8

«Қазіргі әдебиеттану: өзекті мәселелері мен зерттеу стратегиялары» тақырыбындағы ғалым дәрісінен магистрант жастар зерттеу стратегиялары ұғымын әр тарапта зерделеуге болатындығын, бұл мәселенің мемлекеттік, ұлттық, халықаралық деңгейлерде пайымдалуына да байланысты екендігін, сонымен бірге зерттеу стратегияларының өзгермелілігі әдіснамалық жаңғыруға да тәуелділігі жөнінде құнды ақпарат алды деп ойлаймыз.

E70A9D05-7FAF-4A37-8703-FCDC263EA9FD

Әлмира Қайыртайқызы соңғы жылдары әлемдік әдебиеттануда пәнаралық зерттеу стратегиялары басымдыққа ие боп жатқаны, ұзақ жылдар бойы тізгінді ұстаған тарихи-типологиялық әдіснама бүгінгі таңда тарихи поэтика мәселелерін зерттеу тұрғысында ғана өнімді екендігін айтып өтті. Әдебиеттанудың заманауи проблемаларын шешудегі транспәндік, мультипәндік, интегративтік бағыттар жаңа зерттеу стратегияларын қалыптастырудың ғылыми парадигмаларын түзуде ерекше рөл атқарып жатқандығы, жалпы пәнаралық байланыстардың қазіргі сөз өнері жайлы ғылымдағы перспективалы бағыттарға жол ашатын шешуші фактор екенін нақты тұжырымдармен жеткізді.

0CF5F7C9-C0C2-4F10-A02E-AED0D5EC0136

Магистранттар кеш барысында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының әдебиеттануға байланысты, жалпы қазақ әдебиетінің тарихына қатысты қазіргі таңда қандай жобалар жүзеге асырылып жатқаны және алдағы уақытта жарық көретін зерттеу еңбектері туралы мағлұмат алды. Сонымен қатар кездесуде әдебиеттегі когнитологияға жаһандану процесінің әсері, когнитивті әдебиеттану теориясы тарихының қай уақыттан бастау алатындығы, когнитивті әдебиеттану саласының басты миссиясы, когнитивті әдебиеттану саласының қалыптасуына жасанды интеллекттердің әсер ету жағдаяттары, әдебиеттегі концептуалды уақыт ұғымына қатысты ғалымдар пікірлері, когнитивті метафора теориясы, когнитивті поэтика және сын теориялары қазіргі таңда әдебиеттану тұрғысында қаншалықты зерттеліп жатқандығы аясында бірқатар мәселелер бойынша өз ойларын ортаға салды.

Кеш соңында Әлмира Қайыртайқызы білім алушы жастардың ғылымға деген ынтасына алғысын білдірді.

 Рита Сұлтанғалиева,

ф.ғ.к., М. Өтемісов атындағы БҚМУ қауымдастырылған профессоры

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале